Тұлға

Телерадио тарланы

  1996 жылдың қыркүйек айы. Алматыдағы Ғалымдар үйінің екінші қабатындағы мәжіліс залы. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезекті құрылтайы өтіп жатыр. Еліміздің әр түкпірінен жиналған тіл жанашырлары туған тілдің түйіткілді мәселелерін ортаға салуда. Бір кезде мінберге сол кездегі Жезқазған облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Сәбит Байдалы көтерілді. Өзгелер сияқты Сәбең алдын ала жазып әкелген жазбасын зуылдатып оқып шыққан жоқ. Туған тілдің жетпіс жылғы тақсыретін жеті минуттың ішіне сыйдыра білді Сәбең сол жолы. Жұрт риза, шапалақтың шуынан құлақ тұнады. Бірақ, сана сергек. Сәбеңнің саңқылдаған даусы нарықтық тоқыраудың торыққан рухын оятты. Жігерді жаныды. Намысты қайрады. Ол кезде экономика тұралап жатқан, тіл түгілі тілім нанның өзі қат уақыт. Елдің ойында не істедік дегеннен гөрі не істеу керек деген сауал. Ал, не істеу керек екенін жезқазғандық Сәбит Байдалы сол жолы жиналған қауымның көкейіне құйып берді. Айшықты айғақпен, дәйекті дәлелмен, мазмұнды мысалмен. Байқасақ, мемлекеттік тіл саясатына қатысты Жезқазған өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар орасан зор екен. Жезқазғандықтардың ана тілімізге қатысты көңілге қонымды, жүрекке жақын озық іс-тәжірибелері кейіннен еліміздің басқа да аймақтарына таратылып, ол кеңінен қолдау тапты. Сәбеңнің осы еңбегі де ескерілген шығар, ол «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атағын иеленген.

Сәбит Байдалының жаңашыл көзқарасы мен іскерлік қабілеті 1997 жылы Қарағанды облыстық телерадиокомитетіне басшылыққа келген кезде жарқырап көрінді. Ұмытпасақ, 1997 жыл – Қазақстан тарихында бетбұрыс кезеңнің басталған тұсы.

Міне, осындай өліара шақта Сәбит Байдалы Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясының тізгінін ұстады. Ол уақытта облыстық бюджеттің қоры тапшы. Қарағанды телевидениесінің негізі 1958 жылы қаланғаны тарихтан мәлім. Осы мерзім ішінде телеорталықтың техникалары әбден көнерген. Әсіресе, қуаты бар-жоғы 100 ваттық қондырғы заман талабына сай емес. Сигнал тарату ауқымы шектеулі. Сапасы сын көтермейді. Міне, осы тұста ұжыммен ақылдаса келе Сәбит Жүнісбекұлы қуаты 2 КВТ сигналтаратқыш құрылғы сатып алуды жоспарлайды. Тәуекелшілдіктің бағасы мен салмағын түсінген ұжым мүшелері бір ауыздан жаңа бастаманы қолдаған. Мұндай ізгі ойды жүзеге асыру үшін банктің несиелік қорына жүгінуге тура келді. Аздаған уақыттың ішінде несие де қолға тиіп, құрылғыға тапсырыс беру үшін төрағаның техникалық мәселелер бойынша орынбасары В.Курилов шұғыл түрде Омбы қаласына іссапарға аттандырылды. Өйткені, теле-радио құрал-жабдықтары Қазақстанда жасалмайды. Сәтін салып, бірнеше айдан соң құрылғыны жеткізіп, орнатып, телесигналды тарату қуанышына кенелді телеарна ұжымы.

Ол келген бетте шығармашылық, техника, экономика, бизнес мәселелерін кешенді түрде қарастырып, тиянақтап, зерделеп шықты. Нарық жағдайының талаптарына сай стратегиясын белгілеп, екі аптаның көлемінде компанияның ұжымына телерадиохабарларын таратудың 3 жылға арналған жаңа тұжырымдамасын өз қолымен жазып ұсынды. «Басқарудың мұндай да стилі бар екен ғой» деп таңырқады, неше түрлі бастық көргендер. Сөз бен істі қабыстырған Сәбең сол қиын кезеңнің өзінде үш жылдық жоспардың анық 90 пайызының іске асуына қол жеткізді. Сәбит Байдалы басқарған тұста облыстық телевизия мен радионың (жабылып қалған радионы қайта ашқан) хабар беру ауқымы кеңейіп, ақпараттық-жарнамалық, тақырыптық, танымдық, көркемдік-қойылымдық сипаттағы бағдарламалардың саны, жалпы хабар тарату көлемі бірнеше есеге артты.

Өйткені, Сәбит Жүнісбекұлы кәсіби маман ретінде радио мен телевидениені тел емген осы саланың нағыз телқоңыры еді. Сонау он сегіз жасынан Жезқазған телестудиясында диктор болып бастайды ол тележурналистикадағы тағдырын. Сәбең, 1973 жылдан 1997 жылдар аралығында Жезқазған облыстық телерадиокомитетінде қатардағы редактордан төраға дәрежесіне дейінгі шаттығы мен шырғалаңға толы шығармашылдық жолдан өтті. Ашығын айтқанда «телевидениенің отымен кіріп, күлімен шыққан» адам. Сенім бар жерде алынбайтын қамал жоқ. Сондықтан да, Қарағандыдағы жаңа төрағаның төл бастамасы көп күттірмей өз нәтижесін берді. Телесигнал ауқымы ұлғайды. Ең бастысы, телеөнімнің – хабарлардың шығармашылық сапасы биік кәсіби деңгейге көтерілді. Сәбеңнің адамгершілігі мен парасаттылығын, білімділігі мен біліктілігін, мәдениеттілігі мен биязылығын жұрттың көбісі білсе де, оның қажет кезінде принципті мәселелерде алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы, батылдығы тіпті, батырлығы да бар екенін біле бермеуі де мүмкін.

Сәбит Байдалының Қарағанды облыстық телерадиокомитетін басқарған жылдары облыстық мәслихаттың депутаты қызметіндегі табанды әрекеті де ел есінде. Халық қалаулысы Қаражал, Жәйрем және Ұлытау өңірі сайлаушыларының өтініш-тілектеріне биік мінберден билік басындағылардың бетін бұра білді. Ол сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдап қана қоймай, өзекті деген мәселелерді телеэфир кеңістігіне шығарып, қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етті. Сөйтіп, облыстық телеарна халықтың шынайы трибунасына айналды. Кейбір депутаттар ана тіліміздің келешегіне немесе жер-су атауларын өзгертуге қатысты кереғар пікір білдірген тұста Сәбит Жүнісбекұлының облыстық мәслихат сессияларында оларға сан мәрте ресми тілде тойтарыс бергені есімізде. Сол жылдары Сәбең сынды тегеурінді тұлғаның телеарна басшысы, халық қалаулысы, тіпте қарапайым азамат ретіндегі ұлтжандылық ұстанымы кеншілер астанасында ұлттық рухтың жаңғыруына айрықша ықпал еткені айдан анық.

Әшімхан ЖӘМПЕЙІСОВ,

Қазақстан Журналистер

одағы сыйлығының лауреаты,

Қырғыз Республикасының

мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button