Бас тақырып

Тақырда қалған талайлар қаржы пирамидаларына алданушылар саны азаяр емес

Қанша айтылса да, көзге шұқып көрсетсе де, санаға жетпей қойған бір проблема бар. Сөз – қаржы пирамидалары туралы. Обалы нешік, құқық қорғау органдары жарғақ құлағы жастыққа тимей, «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай» қара тер төгіп, пирамида құрушыларды ұстаудай-ақ ұстауда. Бірақ, оңай олжаға кенелмекке, ақшасын салып, болмаса, басындағы үйін сатып кіріп, соңынан тақырда қалғандардың өздері осы қаржы пирамидаларының көбеюіне тікелей ықпал етуде. Бір қуантарлығы – биыл Қарағанды облысының полиция департаментінде осы қаржы пирамидасына қатысты бірде-бір іс тіркелмеген.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Биыл қылмыстық іс тіркелген жоқ

Бұл жақсылық па, әлде, дауылдың алдындағы тыншу ма, білмедік, бірақ, облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы Олжас Құсайыновтың берген ақпараты осындай. Әрине, мүлдем жоқ деп айтуға келмес. Құзырлы орган тергеу басқармасында бүгінде бір ғана қылмыстық іс тергеп-тексерілуде екенін де айтты. Іс бойынша 19 жәбірленуші арыз жазса, 200- ден астам куәдан жауап алынған. Бұл 200 адам жай ғана куә емес, олар да қаржы пирамидасының құрығына ілініп қалғандар. Бірақ, кеткен ақшасын садақа деді ме, әлде, сергелдеңі көп тергеп-тексеру ісіне араласқысы келмей, ат-тонын ала қашқандар ма, әйтеуір, іс бойынша тек куә ретінде ғана өтетіндер. Әйтеуір, берген айғақтары қылмыскерлердің кінәсін дәлелдеуге септігі тисе, ол да болса, біткен шаруа.

Сонымен, жәбірленушілерге келтірілген шығын сомасы орта табыс табатын қарапайым адам есебінен қарағанда, қомақты. 13 млн. 608 мың теңге. Қылмыскерлер ұсталып, жазасын алған күннің өзінде бұл қаражаттың қайту-қайтпауы – неғайбіл. Әзірге тергеу ісі жүріп жатқандықтан, барлығын жайып салуға болмайды. Құпия. Олжас Жанатұлының берген ақпараты – осы.

Жалпы, елімізде қаржы пирамидасын құру және оған басшылық еткеннің мүлкі тәркіленіп, бір мыңнан үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салуға не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Биыл елімізде бір айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге десек, айыппұл көлемі де аз емес. Яғни, ең азы – 3 млн. теңгеден, көбі – 10 млн. теңгеден асады. Бірақ, соған қарамастан, акуласы бар, шабағы бар, күнде пайда болып жатқан қаржы пирамидаларына қарап, Қылмыстық кодекстің 217-бабы жұмыс істемейді-ау деген ой туатыны рас.

Алаяқтық дәлелденгенімен, қылмыскер жазаланбауы мүмкін

Қаржы пирамидаларының жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауы кеше ғана басталған жоқ. Елімізде 2019 жылы Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша 14 қылмыстық іс қозғалған екен. 2018 жылы – 103 іс, 2017 жылы 63 іс басталғанын көрсетеді ресми деректер. Ал, аяқталған қылмыстық істер бойынша жәбірленушілерге келтірілген шығын 8,3 млрд. теңгеден асқан. Өкініштісі, миллиардтаған қаржыдан жәбірленушілерге өтелгені небары 400 млн. теңге. Бұл – айсбергтің жоғарғы жағы ғана. Құқық қорғау органдары ақшаларын пирамидаларға салып жіберіп, сан соққандардың дені арыз жазбайтынын айтып отыр. Ал, сарапшылар болса, бір ғана қаржы пирамидасының өзі шамамен 1 млрд. теңгеден астам қаржы жинайтынын айтып отыр.

Бір қызығы – қаржы пирамидасын дәлелдеу де қиынға түсетінін айтады құқық қорғау орган өкілдері. Мұның себебі – пирамиданы құрушылар салымшылардың салған ақшаларын әуел баста уәде еткендеріндей, еселеп қайтып беретіндерінде. Қылмыстық қудалау органы қанша жерден қылмысты тергеп-тексеріп, оны ұйымдастырушылардың алаяқтығын дәлелдегенімен, іс сотқа барғанда тоқтатылуы мүмкін. Оған негіз – бастапқы кезде салынған қаржының қайтарылуында. Ал, шынымен, зардап шегетіндер – пирамидаға кейіннен кіргендер. Бірақ, сот үкім шығару барысында алаяқтардың әуелдегі әрекетін негізге алады. Сөйтіп, қылмыскер жазадан опоңай құтылып кете барады. Соңы – қағылған қалта, жазадан құтылған алаяқ, қылмыстық қудалау органы қызметкерлерінің еткен еңбегінің, төккен терінің еш кеткендігі.

Қауіп – «инфосығандардан»

Соңғы кезде алаяқтар интернетке, атап айтқанда, әлеуметтік желіге ауысқан. Әсіресе, елдің бәрі «отыратын» WhatsApp қосымшасы алаяқтар, атап айтқанда қаржы пирамидасын құрушылар үшін таптырмас құрал. Ауыздан «оңай табыс» деген леп шықса болды, халық лек-легімен өзі-ақ келе беретініне сеніңіз. Құқық қорғау органы да қарап қалып жатқан жоқ. Түрлі группаларға қарапайым салымшы ретінде кіріп, аңдысын аңдып бағуда. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, «қылмыс дәлелденгенімен, пирамида құрған алаяқтың да заңды айналып өтетіндей құқықтық сауаттылығы бар екенін естен шығармаған жөн» дейді құқық қорғау органының өкілдері.

Одан бөлек, қазіргі кезде «инфосыған» аталғандардың да бұл жерде ролі үлкен. Түймедейді түйедей етіп, үлкен ақшаға сатуды үйренгендердің желеуіне еріп кету де қаржы пирамидасына алданушылардың қатарын көбейтетінін айтады академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің психология кафедрасының аға оқытушысы Мейрамгүл Түсіпова.

– Менің ойымша, адамдардың қаржы пирамидаларына жаппай кіруі – ақшаларын көбейту ғана емес. Біреуі – пирамидаға тартқан адамға сенсе, біреуі – сәттілікке сенеді. Әрине, өмірде жолы болмай, дұрыс шешім қабылдай алмай жүргеннің алаяқтарға көзсіз сенетіні рас. Саналы шешім қабылдай алмай, эмоцияға беріліп, сөзге ергеннің соңы өкінішті оқиғаға әкеледі. Қаржы пирамидаларының философиясы да осыған негізделген, – дейді Мейрамгүл Түсіпова.

Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button