Тәрбие басы – салт-дәстүр

    Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттың рухани жаңғыру идеясына тоқталған болатын. Ұлтымыздың мәдениеті мен тарихы, дәстүрі мен дініндегі озық тұстарын сақтай отырып, ескісін естісіне айырбастай білу, бәсекелестікке қабілеттілікті қалыптастыру, сананың ашықтығы мен білімге баса көңіл бөлу секілді алғышарттар арқылы жүзеге асатындығын жеткізген еді. Соның ішінде, бала тәрбиесі жаңғыру мен жаңашылдықты ерекше қажет ететін үдерістердің бірі екендігі даусыз.

Тәрбие тамыры – салт-дәстүр екені даусыз. Қазақы тәрбиенің негізі әдет-ғұрпымыз бен дәстүрімізден бастау алады. Мәселен, біздің кез келген салт-жоралғыларымыздың астарында жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару, ұят пен обал ұғымдарын ұғындыру секілді тәрбиелік мән-мағына жатады. Оны ата-ана, тәрбиешілер баланың санасына сіңіре білуі керек. Біздің балалар үйіндегі тәрбиешілеріміз балалардың бойына мейірім мен қайырымдылық, адамгершілік сынды қасиеттерді сіңіруге барын салады. Дегенмен, туғаннан бастап ата-ана махаббатына бөленбеген балалардың көңіліне сәуле шашу айрықша қажырлықты талап етеді.
Қазіргі таңда балалар үйіндегі тәрбие мәселесі барынша жазылып та, айтылып та жүр. Осы орайда, педагог тәрбиешілер ол балардың жүрегіне махаббат мен иман ұялатып, жақсы азамат болып өсуіне жағдай жасауы керек. Себебі, олардың болашағы бүгінгі күні берілген тәрбие мен тәлімге тікелей байланысты. Сондықтан, тәрбиешілер жауапкершілік жүгі зор екенін әрдайым есте ұстаулары керек. Жетімнің ақысын жеу шариғатымыз бойынша үлкен жеті күнәнің бірі болып саналады. Сондықтан, үлкендер өзіміздің әрекеттеріміз арқылы балаларға дұрыс тәрбие беруіміз керек.
Мемлекет басшысы жетім балалардың құқығын қорғау үшін отбасы құрылым түрлерін кеңейту туралы тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде 2009-2017 жылдар аралығында жетімдер үйінің тәрбиеленушілері 60 пайызға қысқарды. Ал, балалар үйінің саны 213-тен 137-ге дейін, яғни 35 пайызға азайды. Бұл әрине, қуантарлық жайт. Бала асырап алатындар, патронаттық тәрбие мен қамқоршылыққа алатындарға мемлекет материалдық тұрғыдан қолдау жасайды. Мұның барлығы Елбасының жүргізіп отырған саясатының негізінде жүзеге асқан мүмкіндіктер.
Шын мәніндегі педагог мәртебесіне жетуге үздіксіз еңбек ету керек. Баланың тәрбиесін күнделікті жұмыс деп емес, жан жылуын бере отырып атқарса, оның нәтижесі де болары анық.

К.ҚОШАНОВА,
«Құлыншақ» балалар үйінің
тәрбиешісі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.