Құрбан айт қарсаңында санитарлық қауіпсіздік күшейеді
«Құрбан айт» мейрамы – мұсылман қауымы үшін ең қасиетті әрі маңызды діни мерекелердің бірі. Бұл күндері адамдар бір-біріне қонаққа барып, қайырымдылық жасап, дастархан жайып, құрбандық шалады. Биыл Құрбан айт мерекесі 27–29 мамыр аралығында аталып өтеді.

Алайда мереке күндері ет өнімдерінің көп пайдаланылуы, ауа райының ыстық болуы және көпшілік іс-шаралардың ұйымдастырылуы тағамнан улану мен жіті ішек инфекцияларының таралу қаупін арттырады. Осыған байланысты Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға санитариялық талаптарды қатаң сақтауға кеңес береді.
Мамандардың айтуынша, ең алдымен құрбандыққа шалынған мал еті ветеринариялық бақылаудан өткен болуы қажет. Етті күннің астында немесе ыстық жерде ұзақ қалдырмай, мүмкіндігінше тез арада тоңазытқышқа орналастыру керек.
Өнімді қайта-қайта мұздатуға болмайды. Ет тек пісірер алдында ғана жібітілуі тиіс. Сонымен қатар ас әзірлер алдында және шикі етпен жұмыс істегеннен кейін қолды сабынмен мұқият жуу қажет.
Шикі етке арналған тақтай мен пышақ көкөніс, нан секілді дайын өнімдерге қолданылатын құралдардан бөлек болуы керек. Бұл — инфекцияның таралуының алдын алатын маңызды талаптардың бірі.
Ет толық пісіріліп немесе қайнатылып дайындалуы тиіс. Ал тез бұзылатын тағамдарды – салаттар, крем қосылған кондитерлік өнімдер, паштеттер мен аспаздық өнімдерді дайындағаннан кейін бірден тұтынған жөн.
Дайын тағамдарды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдыру қауіпті. Артық қалған асты уақытылы тоңазытқышқа салу қажет. Сондай-ақ қонақтардың қол жууына барлық жағдай жасалғаны дұрыс.
Мешіт жанындағы асханаларда, қоғамдық тамақтану орындарында және қайырымдылық дастархандарын ұйымдастыру кезінде санитариялық талаптарды сақтау ерекше маңызды.
Мекемелер таза ауыз сумен, ыстық және суық сумен жабдықталуы тиіс. Сонымен бірге жарамды кәріз жүйесінің болуы міндетті.
Тез бұзылатын тағамдарды сақтау үшін температураны бақылайтын арнайы тоңазытқыш жабдықтары жеткілікті болуы қажет. Тағамдардың сақтау мерзімі мен температуралық режимі қатаң қадағалануы керек.
Мамандар үй жағдайында дайындалған консервілерді, әсіресе маринадталған саңырауқұлақтар мен көкөністерді пайдаланбауға кеңес береді. Сондай-ақ қақпағы ісінген, тот басқан немесе зақымданған консервілерді қолдануға болмайды.
Шикі өнімдер мен дайын тағамдарды бірге сақтауға тыйым салынады. Әр өнім өзіне сәйкес жағдайда сақталуы керек. Мысалы, өткір иісті ет пен балық өнімдері май, ірімшік немесе кондитерлік тағамдардан бөлек орналастырылуы тиіс.
Ас әзірлейтін бөлмелер тұрақты түрде тазартылып, дезинфекция жасалуы қажет. Суық тағам дайындалатын орындар бактерицидтік шамдармен жабдықталғаны жөн.
Қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері міндетті медициналық тексеруден өтіп, санитариялық-гигиеналық оқудан өткен болуы керек. Сонымен қатар олардың арнайы киім, бас киім және бір реттік қолғаптармен қамтамасыз етілуі талап етіледі.
Күн сайын қызметкерлердің денсаулығы тексеріліп, іріңді жарақаттар немесе жұқпалы ауру белгілері бар адамдар жұмысқа жіберілмеуі тиіс.
Мереке күндері әрбір азамат қарапайым санитариялық талаптарды сақтай отырып, өз денсаулығы мен жақындарының қауіпсіздігін қорғай алады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



