Теректі ауылы түлектерінің туған жерге тартуы
Перзенттік парызды биік ұстанған қасиетті Теректі жеріндегі №30 жалпы білім беретін мектептің 2006 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай туған ауылдарына ерекше тарту жасады.

23 мамыр күні ауылға кіреберіске сәнді арка орнатып, ел игілігіне ұсынды. Бұл – туған жерге деген шынайы құрмет пен азаматтық жанашырлықтың айқын көрінісі.
Салтанатты шараға кіндік қаны Шарықты өлкесінде тамған, Теректі топырағында өсіп-өнген ауыл азаматтары мен алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар қатысты.

Шара барысында туған өлкенің табиғаты мен қасиеті кеңінен насихатталды. Дауылпаз ақын Қасым Аманжол жырлағандай, Шығыс Сарыарқаның бауырындағы Шарықты өңірі – Арқаның алтын аймағы! Табиғаты көркем, аң-құсы мол бұл өлке – туған жердің қадірін терең сезіндіретін қасиетті мекен.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, алғашқы құттықтау сөзді Шарықты ауылдық округінің әкімі Ербұлан Жаман сөйледі. Ол игі бастаманы ұйымдастырған азаматтарға ризашылығын білдіріп, арнайы алғыс хаттар табыстады.

Тағылымды жиында мектеп директоры Гүлмира Сейітқазықызы, ардагер ұстаздар Қуантай және Армия ағалар, сондай-ақ ұйымдастырушылар атынан Арғын Берікұлы жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Арканың лентасын қию рәсіміне ауыл әжесі Бағира апа, ауылдың сыйлы азаматы Жұмағали аға, 1988 жылғы азаматтар атынан Арман Айтбайұлы және мектептің үздік оқушысы, «Жасұлан» ұйымының президенті, 9-сынып оқушысы Жәнібек Ділназ қатысты. Ауыл ақсақалы Сүйген аға ақ батасын берді.
Мерекелік шараның мазмұнын байыта түсуге мектеп оқушылары да өз үлестерін қосты. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлстан Жұмакелдіқызы шығарған өлеңдерді 7-сынып оқушылары Азиз Берік бен Жаннұр Берікбай мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, 9-сынып оқушылары Жәнел Әбілқайыр мен Ділназ Жәнібек орындаған «Саржайлау» әні мен 6-сынып оқушыларының «Қамажай» биі көпшілік көңілінен шықты.
Кеш соңында туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілікті дәріптейтін, сөзін Әужан Оразбек, әнін Алтай Үсенов жазған «Теректі гимні» әнін әнші Руслан Жұмағали орындады.
Теректі ауылының әкімдігінен



