Ұстазы – өмір

«…Кеудесін кернеп зілді бір уайым,

Теңселген Сарыарқада сырлы қайың,

Даланың мұңлы аспаны, мөлдір көлі

Құшақтап құба жонда тұр Абайың.

…Шайқалған толқындай боп жел өтінде,

Өткен күн өтеді алдан тербетіле.

Сол күннің суретшісі Мұхтар аға,

Көз тіккен бүгін әлем келбетіне…»

Сырбай Мәуленов.

 

Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына – 120 жыл. Ол 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей уезі Шыңғыс болысының Бөрілі қыстауы маңындағы Аяққараған мекенінде туған екен. Мұхтар Әуезовтің өмірінің тарихи тізбесіне көз жүгіртсек: 1924-1925 жылдары – Семейде мұғалімдер техникумында оқытушы қызметін атқарған,1943 жылы – ҚазМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасында сабақ берген, 1953-1954 жылдары – Мәскеу мемлекеттік университетінде «СССР халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс береді, 1957-1961 жылдары – Тіл және әдебиет институтының халық ауыз әдебиеті бөлімінің меңгеруші қызметін атқарған Мұхтар атамыз ұлтымыздың ұлы жазушысы ғана емес, ұлы ұстазы екенінде күмән жоқ.

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе  – білім» дейді әлемге аты әйгілі жазушы. Қалай дегенмен де, ол қазақ әдебиетіндегі алғашқы шығармаларынан бастап-ақ туған халқының тамыр-тарихына үңіліп, бағалы дүниелерін дәріптеуге, сол арқылы ұлттық сананы оятуды, қазақтың елдігін қорғап, оның әдебиетін, мәдениетін көтеруді көксегені белгілі. Небір қиын-қыспақ жағдайларды бастан өткеріп жүріп те ұлы суреткер әдебиеттің алуан жанрында тер төгіп, очерк, әңгіме, пьесалар жазды, тамаша аудармалар жасады, әдеби сын мен әдебиет тарихын зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүйелі арнаға түсіріп, оқулықтар құрастырған. Жазушылығы өз алдына, ол қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихының, әдебиет теориясының және абайтану білімінің негізін салды, ұлы істерді атқарды. Сондай-ақ, Мұхтар ағамыз заңғар жазушы ғана емес, ол – әрі ұстаз, әрі ғалым. Ұлы жазушыдан сабақ алғандар қаншама! Олардың арасында Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Мағауин сынды майталмандар бар.

Ұлы жазушының көзін көріп, лекциясын тыңдаған шәкірттерінің бірі Әбіш Кекілбаев ағамыз бір сұхбатында «Мұхтар Әуезов лекцияны қалай оқитын еді?», – деген  журналистің сұрағына:

– Лектор Мұхаң бірден көсіліп кете қоймайды екен. Биязы дауысы жіңішкеріп, алқымына әлдене тығылғандай қайта-қайта мүдіріп, көпке дейін сабасына түсе қоймайды. Сезімі мен ойы бірін-бірі кес-кестеп, жарыса бас көтеріп, біраз жағаласып алып барып, жарастық табатын аса сезімтал адам болса керек. Сөз бастардағы әлгіндей алабұртпа кезеңнен өтіп алған соң, жылмиып жатқан айтақырға шыққандай ағызып ала жөнеледі, – деп жауап берген.

Мұхтар Әуезов шығармашылығының ең биік шыңы – Абай тақырыбы бір ғана қазақ мектептерінде ғана емес, орыс мектебі оқушыларының да сүйікті шығармалары және әлем оқырмандарына жол тартқан дүние.

Өз заманында ізденімпаздығы мен білік­тілігі, білімі мен қабілеті арқылы заңғар жазу­шы, парасатты ғалым, білікті ұстаз биігіне кө­терілген.

Үндемес ЧЕГИРОВА,     

Топар кенті П.Корниенко атындағы қосымша білім беру мектеп-орталығы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

АБАЙ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.