Бүгін Қарқаралыда өткен BaiQymyz фестивалінде еліміздегі ең үздік қымыз таңдалып, оған 37 өндіруші мен 20 мыңнан астам көрермен қатысты.

Барлық конкурсанттар сусынның зертханалық зерттеулері мен шаруашылықтарды бағалауды қоса алғанда, алдын ала іріктеуден өтті. Жеңімпаздарды кәсіби қазылар алқасы анықтады, оның құрамына ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері енді, сондай – ақ фестиваль қонақтарының өздері онлайн және офлайн дауыс беру арқылы бағалады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады.
5 миллион теңге және “Үздік қымыз өндіруші” атағын Қарқаралы бренді алды.
– Біздің еңбегіміз ақталды.Бұл жұмыспен менің ата-анам айналысқан еді. Міне, 17 жыл уақыт бойына мен олардың жолын жалғастырып келемін.Алғаш рет қымыз әзірлеуді бастаған кезде бізде бір бие ғана болды. Байқымыз – керемет жоба. Менің ойымша, бұл біздің алғашқы қадамымыз.Алдағы уақытта халықаралық нарыққа шығу жоспарымызда бар, – деп атап өтті жеңімпаз.
Екінші орын Қарқаралыдан келген бренд “”Тоқпан қымызға” берілді. Ал үшінші орынды Ұлытау облысының Жаңаарқа қымызы жеңіп алды.
Мерекеге 30 тонна қымыз әкелінді. Қонақтар қымыздан тегін дәм татып, өздеріне ұнаған адамға дауыс бере алды. Сондай-ақ көрермендер ұлттық тағамдардан дәм татып, этноауылдарды аралап, ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға және концерттік бағдарламаға қатыса алды.
Фестиваль қазақ дәстүрлерінің, қонақжайлығының және ұлттық мәдениеттің нағыз мерекесіне айналды. Биылдан бастап BaiQymyz фестивалі мәдени-туристік іс-шаралардың республикалық күнтізбесіне енгізілгенін атап өткен орынды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



