ҚарқаралыАймақБас тақырып

Қарқаралыдағы этно-гастрофестивальге 20 мыңнан астам адам жиналды

Бір күнге Қарқаралы қымыздың астанасына айналды. Дәстүрлі дала сусынынан дәм тату үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам адам келді. Өндірушілер фестивальге 30 тонна ұлттық сусын алып келді. Мерекенің ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

Суреттерді түсірген А. Марченко

– Бүгінде технологиялар әлемі қарыштап дамыған сайын адамдар табиғи өнімдерді бұрынғыдан да жоғары бағалай бастады. Сондықтан бүкіл әлемде органикалық өнімдер мен экологиялық таза тағамдарға деген қызығушылық артып келеді. Қазақ халқы үшін бұл жаңалық емес. Ата-бабаларымыз ежелден табиғатпен үндестікте өмір сүрген. Сол табиғи тазалықтың дәмі қымыздың құрамында сақталған. Бүгінде қымыз – тек дәстүрдің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар заманауи экономиканың, гастрономиялық туризмнің және ұлттық брендтің маңызды элементі. Әр халықты оның тарихы мен мәдениеті ғана емес, ұлттық тағамдары арқылы да таниды, – деді өңір басшысы.

Фестиваль ұйымдастырушылары мен қатысушыларына Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінен, сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан құттықтау хаттар жолданды.

Биылғы байқауда үздік атану үшін 37 қымыз өндіруші бақ сынауда.

– Байқауға қатысушылардың әрқайсысы мұқият іріктеуден өтті. Біз сусынға зертханалық талдау жүргізіп, шаруашылықтардың жұмысымен таныстық. Енді өз бағасын қазылар алқасы береді. Оның құрамында сегіз адам бар: ғалым-биохимиктер, қоғам және мәдениет қайраткерлері. Сонымен қатар фестиваль қонақтары арасында онлайн және офлайн дауыс беру де ұйымдастырылған, – дейді BaiQymyz жобасының авторы Жұмажан Қалтаев.

Қазылар алқасының құрамында белгілі қоғам қайраткері, әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев та бар.

– Қатысушылар арасынан біреуін бөліп-жарып, үздік деп таңдау өте қиын. Ұсынылған өнімдердің барлығы жоғары деңгейде дайындалған. Біз барынша әділ бағамызды беруге тырысамыз. Бұл фестиваль Қарқаралының көркем табиғат аясында өтуі ерекше мәнге ие. Мұндай шаралар қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттап қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға да ықпал етеді, – дейді Қанат Айтбаев.

Қатысушылар қатарында Қарқаралы ауданының қымыз өндірушілері де бар. Мерекенің амбассадорлары – Тегісшілдік ауылындағы «Қарынши» шаруа қожалығы. Өткен жылы ұйымдастырылған алғашқы BaiQymyz фестивалінде олар екінші орын иеленген болатын. Биыл да олар жеңіске жетуді мақсат етіп отыр.

Қымыз түрлі ұлттар мен этностарды біріктіреді. «Біз бәріміз қазақпыз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Алексей Ефремов. Олардың киіз үйінің алдында ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Жұбайы қымыз құйып беріп жатса, Алексей сол сәтте дәстүрлі күбіде қымыз пісіп отырды.

– Ұлттық сусынды дәстүрлі технология бойынша дайындауды ауыл ақсақалдарынан үйрендім. Бұл кәсіппен кәсіби түрде 12 жылдан бері айналысамын, ал биені мектеп кезімнен бастап сауып келемін. Менің қымызымның ерекшелігі – оны ысталған қазы қосып дайындайтынымда, – дейді Алексей Ефремов.

Фестивальге Қарағанды қаласынан тегін жетуге мүмкіндігі де жасалды: арнайы автобус рейстері екі бағытта да ұйымдастырылды.

Қарағандылық Зәуре Мәдиева мерекеге қатысу үшін таңғы сағат бесте тұрғанын айтады. Ол байқауға қатысушылардың басым бөлігінің қымызынан дәм татып үлгеріп, өзі үшін үздіктерін де анықтап қойған.

– Мереке керемет ұйымдастырылған. Қонақтарға еттен де, бауырсақтан да, қымыздан да дәм татқызып, жылы шыраймен күтіп жатыр. Барлығы өте дәмді. Осындай шараны өткізген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мұндай мерекелер ұлттық дәстүрлерді жаңғырту үшін, жас ұрпақ салтымызды біліп өсуі үшін қажет, – дейді Зәуре Мәдиева.

Мерекеде қымызбен қатар қазақтың дәстүрлі тағамдарының да алуан түрінен дәм татуға болады. Алаңда фудтрактар мен фудкорттар жұмыс істеді.

Ұлттық спорт түрлерінің жанкүйерлері үшін де қызықты бағдарламалар әзірленген. Қонақтар бәйге, көкпар, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату және теңге ілу жарыстарын тамашалай алады.

Ал басты сахнада шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлауда.

Фестиваль кешке дейін жалғасады. Қатысушыларды ең маңызды сәт – жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын «Үздік қымыз» байқауының қорытындысы күтіп тұр. Бас жүлде – бірінші орын үшін 5 миллион теңге.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button