Ұстаздар ҰЛЫҚТАлДЫ
Ұлылықтың бастауы мен кемелдіктің кіріспесінде тұрған ұстаздарға арналған мерекелік жиын аудандық мәдениет үйінде өтті. Салтанатты жиында аудан әкімі Ғабдрахман Игілікұлы ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтады.
Білім беру саласында кәсіби біліктілігі мен шығармашылық даму жолында аудан, облыс және Республика көлемінде жоғары жетістіктерге ие болған педагог қызметкерлерді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, Республикалық ақпараттық талдау орталығының марапатымен, сондай-ақ, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттап, сый-сияпаттар ұсынды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Тілеш Бейсенбайұлы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, аудандық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағасы Оразхан Мұхаметжанов Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Құрмет грамотасымен ұстаздар легін марапаттады.
Мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламада ұстаздар мен тәрбиешілерге деген шексіз ризашылық пен алғыс ретінде ән шырқалып, би биленді. Аудан орталығындағы мектептердің оқушылары ұстаздарына әннен шашу шашты. Кеш барысында мектеп өмірінің айнасына айналған, бүгінгі мектептегі ұстаздар легіне дәріс берген, қажырлы еңбек еткен, еліміздің болашағына ат салысқан ардагер ұстаздар да сыйлықсыз қалмады. Ауданымыздағы білім ошақтары мен балабақша өмірінің тыныс-тіршілігі слайд арқылы көрсетіліп отырды.
Барлық ғұмырын ел болашағы үшін, білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздар еңбегі ұшан-теңіз. Саналы ғұмырын ұрпақпен сабақтастырып, ел ертеңі жолында аянбай тер төккен ұстаздарға деген құрмет өлшеусіз.
Өз тілшімізден.
ЖАҢААРҚА ауданы.