Балалар жылыЖаңаарқа

Талантты бала тасада қалмас

Балалар жылына орай Жаңаарқа ауданындағы Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасы аудандық Аналар кеңесімен бірге С.Сейфуллин атындағы кітапханада «Бүгінгі заманның ертегісі» атты шығармалар байқауын өткізді.

Байқаудың мақсаты баланың бойындағы бұғып жатқан қабілетті танып, жас жазушылардың шығармаларынан шынайы сезім лебі мен өзіндік айтар ойы бар ерекше туындыларды жарыққа шығару болатын. 1 айға жалғасқан аудандық ертегі жазу шығармалар байқауына 7-13 жас аралығында балалардан жалпы саны 43 жұмыс келіп түсті.

Байқауға аудандық ардагерлер үйінің төрағасы, ақын Амантай Нығатайұлы, «Жаңаарқа» газетінің бас редакторы Салтанат Аманқызы, білім бөлімінің мектепке дейінгі және бастауыш сыныптарының әдіскері Күлшат Мұқыжанқызы, мәдениет үйінің балалар және жасөспірімдер бөлімінің меңгерушісі Айман Айтжанқызы және мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Жібек Оралқызы қазылық жасады.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбек Жәнібекұлы әйелдердің халқыаралық күнімен құттықтап, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

Талантты балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған байқауда 7-9 және 10-13 жастағы жеңімпаздарға бас жүлде ал, І, ІІ, ІІІ орын иелеріне бағалы сыйлық пен диплом табыс етілді. Аналар кеңесінің төрағасы Сәулеғаным Ернарқызы байқауымыздың кішкентай қатысушылары – Жанат Аяған, Мұрат Аяла мен Төлеухан Ерасылға естелік сыйлық тарту етті. «Ақерке», «Балауса», «Балдырған» «Ертөстік» пен «Дәрия» балабақшаларының бүлдіршіндері әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, сахналық қойылымдар қойып, жиналған жұртты тәнті етті.

Байқау соңында С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханалар желісі директорының міндетін атқарушы Гүлмайра Ағлақызы бүгінгі іс-шараға белсене атсалысқан мектепке дейінгі мекемелерге Алғыс хат табыс етті. Өскелең ұрпақты ынталандырып, жас өркеннің қиялына қанат біттіретін бұл байқау әлі де жалғасын табатыны сөзсіз.

Әйгерім АСЫЛХАН,

Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасының меңгерушісі.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button