Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Өшпес ерлік иесі

Елін жаудан қорғаған, жауға бермеген, жауды тықсырып келіп, бейбіт күннің берекесін арттырған ардагер. Ардагер ғана емес, батыр. Батыр ғана емес, тұлға. Қазір кім көрінгеннен тұлға жасаймыз-ау. Бірақ, бұл кісілер тұлға десең – тұлға, батыр десең – батыр. Ұрыс даласындағы ерлігіне көз тігіңіз, еңбек жолына үңіліңіз – ересен ер демей көріңіз сосын.

Қойшыбай Ақшолақов. 1916 жылы Шет ауданы, Ақшатау өңірінде туды. Майдангердің архивтен алынған жеке парақшасы солай дейді. «Акшалаков Койшибай. Красноармеец. 1916, Казахская ССР, Карагандинская обл., Четскийр-н, а. 10» делінген онда. «А. 10» дегені «Оныншы ауыл» шығар деп тұспалдадық.

Қызыл Армия қатарына 1939 жылы алынған. Содан 1945 жылы бір-ақ оралған елге. Жауды жеңіп, жапырып, елге алаңсыз өмір сыйлап деуіміздің сыры сол жоғарыда.

Құдай сақтаған қайта. 16 жерінен жаранған. Сонысына қарай медаль-ордендері де аз емес. «Ерлігі үшін» медалімен екі мәрте, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Сөйтіп, 1945 жылы оралған соң отау құрып, бейбіт елдің берекесі мен ырысын еселеген деп тегін айтпадық әлгінде. Он алты жерден жараланған қайрат иесі 13 сәби көрген. Бәрін тәрбиелеп, жеткізген. 1970 жылға дейін ауыл шаруашылығының абыройын асырып, кетігін толтырған жауынгер еңбек ері де, демек. Ал, келесі жылдың 9 мамырында қайтыс болды. Ауылдастарының қай-қайсы болсын айтады екен. «Салмақты, жуас, сондай қарапайым жан» деп. Біз, соңындағы ұрпақтары, ерлігіне басымызды иіп, аруағын құрметтеумен өтеміз. Аталардан қалған өшпес ерлік – көшпес байлық, сөнбес мұрат.

Дәулетбек АҚШОЛАҚОВ,

ұлы.

Басқа материалдар

Back to top button