РуханиятҰлы Жеңіске - 75 жыл

Ана махаббатының тұмары

Ана-жүрек перзент толқынысын дәл сезді. Оның жан тебіренісін сезімінің сымсыз қылдары арқылы анық естіді. Ел басына күн туғанда оны жорыққа өзі аттандырды. Содан соң, жол қарап, жүрегі шымырлап, сарыла күткен екен. Ұлы Отан соғысына аттанған 19 жасар қазақтың жігіті Днепр өзенінің жағасында жау оғынан жығылды. Бірақ, қансыраған оны ажал тырнағынан «жебеуші-тұмары» аман алып қалды. Бұл артиллерист Жақия МҰСАТАЕВ ақсақалдың хикаясы.

Майданда жанымды түйреуіш аман алып қалды десем күлерсің. Барлығын басынан бастап айтайын, тыңда! Жастық шағым Қарқаралының іргесіндегі Қызылшілік колхозында өтті. Сол заманның балаларындай мен де жұмысқа он жасқа толар-толмастан ерте араласқан едім. Жазғытұрым Бабин деген орыс шалға ілесіп, сарқыраған Жарлының Қызылөткел тұсындағы суын өлшейміз. Ол үшін қария алдымен ұзын бөрененің түбін тесіп қорғасын құйды. Діңін күйдіріп, өлшем белгі соқты. Әлгінің тіреу табаны жасалғанда, су деңгейін өлшейтін құрал да дайын болды. Оны өзен бойындағы тоғанның ортасына орнаттық. Менің міндетім – соны қадағалау. Өзен аңғарындағы алқапта ауылдың Кремер деген немісі диқаншылық қылатын. Су соның бақшасына керек. Қажет болса, арықпен су жібереміз. Жер тойған соң, тоқтатамыз. Бірақ, құр сандалу жоқ. Түске дейін сол маңда колхоздың бұзауын бағамын. Күн ауа Оспан Сыздықов мұғалімнен латынша жиырма тоғыз қаріпті кеміремін. Ал, кешке есепші Мұсатай әкем математика амалдарын үйретеді. Менің тыныш күндерім осылайша өтіп жатты.

Анамды қатты қадірлейтін едім. Ол бір кезде Қарақуыстың қойнауын ен жайлаған Әкім байдың тәкаппар қызы еді. Кеңестің кесапаты келгенде басынан бақ құсы ұшқан екен. Жарықтық, бес перзентінен сол заманның аштық зобалаңында айрылыпты. Бірақ, фәни тірлікте ақылы мен салиқалы келбетін жоғалтпай өткен жан. Оған мен бір төбе, ағаларым бір төбе болды. Әлде кішкентайымнан оның махаббатына бөленіп өскендіктен, маған солай көрінді ме екен? Ағаларым әжемді төңіректейтін. Мені апам еркелетті. Оның бауырына жабысып, кеудесін иіскеп жатпасам көзім ілінбейтін. Шешем көп сөйлемейтін салмақты кісі-тұғын. Бұғанам қатайып, ер жеткенде «Амал доспен адал досты айыра біл», «Арақ пен темекіні жолдас етпе», «Бірінші анаң – мен, екінші анаң – еңбек» деп нықтап тұрып, үш ақыл айтты. Сол тәлім маған өмірлік темірқазық болды. Сондықтан, осы жасыма дейін жаман әдетті жолдас қылмадым.

Тұрмысымыз енді түзеле бастағанда, күркіреп соғыс басталды. 1941 жылы ағаларым Түсіп пен Ілияс майданға аттанды. Анам тұнжырап, үнсіз қалды. Келесі жылы мен де он сегізге толдым. 1942 жылдың 25 тамызы күні әскерге шақырту алдым. Кетерімде апам үнсіз маңдайымнан сүйіп, камзолының көкірегіндегі түйреуішін ішкі қалтама қадап: «Дәкүментің түсіп қалмасын» – деді. Мен қоштасып, жат жерге жөнелдім.

Алғашында Өзбекстанның Наманган қаласындағы әскери училищеге жіберді. Тамыздың ми қайнатар ыстығында артиллерия көздеушісі өнерін игере бастаған едім. Бірақ, он күн өтер-өтпестен бізді Петропавлға қайыра қайтарды. Ол жерден қала іргесіндегі колхозға жөнелдік. Мыңдаған адам егін орағына жұмылдық. Бидай сол жылы бітік шығыпты. Оны орып, бастыруға қатын-қалаштың әлі келмей жатыр екен. Біз белсене кірісіп, аз уақытта еңсеріп тастадық. Орақтың соңғы күндерінің бірі еді. Қалжырап жұмыстан келсем алты мың адамға наряд келіп, майданға аттанғалы жатыр. Тізімде мен жоқпын. Комиссарды зорға көндіріп, майдан даласына аттандым.

Алғашында Мәскеуге келдік. Сол жерден Старая Русса маңындағы 140-полкқа түстім. Кейін зеңбірек көздеушісі болып 523-артполкке ауыстым. Біздің батарея 1942 жылдың күзінде Старая Русса түбінде Ловоть өзенінің арғы қабағын 76 мм дивизиондық зеңбіректермен атқылап, ит-жығыс түскен ұрыстарға кірді. Бірақ, жаяу әскер алға мандытып жылжи алмады. Өйткені, жақсы қаруланған жау тастабандап жатып алды. Қарсыластың бірнеше атыс нүктелерінің көзін жойып, біз де тыпыр етпедік.

Бөлімдегі ең жақын досым белорус жігіті Микалай болды. Екеуміз түйдей құрдаспыз. Кейде полк жорықтан дамылдау үшін өзен жағасына аялдайтын. Барлығы сол мүмкіндікті құр жібермей жанталаса жуынуға кіріседі. Ал, Микалай екеуміз сүңги жүзіп, суда жарысатынбыз. Кейіннен ойланып қарасам, жігіттіктің желігіне қанбаған жас екенбіз ғой… Арғы жағалауға өтіп, тағы ұрысқа кірдік. Содан бізді немістің танкілері бастырмалатып, кейін ысырды. Сол шабуылда жеңіл жараландым. Снарядтың кішкене жарықшағы қара саныма қадалды. Жарақатым жазылғаннан кейін, госпитальден шығып, қайтадан өз тобыма оралдым.

Жаз бітті. Қара күзді қыс алмастырды. Қыста орманды алқаптың қары белуарға дейін түседі. Сондықтан, боранда окопта жатсаң, ақ түтекке көміліп қаласың. Біз зеңбірекші болғандықтан алғы шептен сәл кейін тұратын едік. Ұрыс сәл тыншыған уақытта үстіміздегі киімнен лыпа қалдырмай сілкіп, денеміздегі биттен арыламыз. Киіміміз жылы болғандықтан, көбіне окопта бүріспей, ағаштың түбінде қисайып ұйықтаймыз. Жаяу әскерді демеп, қарды омбылап, жаңа позицияға ауысамыз. Сірескен қарда зеңбіректерді сүйрету де оңай емес. Ұрыса жүріп, жауды ақырын ығыстыра жазды да шығардық.

Кеңес қолбасшылығы 1943 жылдың тамыз айында 188-атқыштар дивизиясын Днепр бағытындағы далалық майданның қарамағына берді. Біз соның құрамындамыз. Дивизия жауынгерлері Парфино станциясында танктер мен зеңбіректерді эшелондарға тиеп, Украинаның Харьков облысындағы Слатино станциясына жеттік. Содан 1943 жылдың қазан айында Днепрдің төменгі ағысын кешіп өттік. Бес жүз танк өзенді қақ жарғанда, қос жағалауды жайдақ қылып жіберді. Олардың соңынан зеңбіректерді салға артып, біз де өттік.

Қазан айының соңында жойқын ұрысқа кірдік. Неміс әскерінің «Восточный вал» деп аталған бекініс шептерін естіген шығарсың? Соны жарып, Петихатка – Кривой Рог бағытымен елу шақырымдай жылжыдық. Алдымыздан қалың әскер қарсы алды.Тік көздеп, танктерді атып жатырмыз. бірнешеуінің көзін жойдық. Бір кезде көзімнен отым жарқ етіп, ұшып түстім. Құлағым шыңылдап, көзім тұманданды. Есімді жисам, оң жақ аяғымнан ыстық қан лықсып жатыр. Орнымнан тұра алмадым. Тырбана сүйретіліп, зеңбіректің қалқасына жылжыдым. Маған еңбектей жеткен Микалай қапсыра құшақтап, кейін сүйреді. Талықсып кеттім. Көзімді ашсам санитар өзбек жігіті Адаш аяғымды таңып жатыр. «Қазақ шыда! Мен сендерді алып кетемін» деді кетерінде өзбекше.

Барлық жаралылар Украина хуторында жатырмыз. Маңайым ыңырсыған дауыс. Тізем уатылып кеткен екен. Аяғым күп болып, ісіп кетті. Ас батпайды.

Үйдің иесі – кәрі әжей. Маған украин тілінде жаны ашып ақылын айтады. Тамақ ішпесем өлетінімді түсіндім. Ол жаңа сауылған сиыр сүтін әкеліп, қояр да қоймай ішкізеді. Сол жерде үш күн жаттым. Ішімнен кәлимамды айтып, түйреуіш қадалған кеудемді сипап қоямын. Үмітім үзілген жоқ. Себебі, жүрек тұсымды анам берген «тұмар» жылытып тұрды. Мүмкін содан да болар жарақатым гангренаға айналып кетпеді.

Үшінші күні ат арбамен Адаш та жетті. Барлық жаралыларды жалғыз тасыды. Бастасып-аяқтасып медсанбатқа да жеттік. Азамат екен. Сөзінде тұрды. Ешкімді ажалға тастамады. Маған шатыр ішінде дереу ота жасалды. Қалың ет пен сүйектен минаның екі жарықшағын алды. Балдаққа сүйенуге жарағанда, кеудемдегі түйреуішті сол өзбек баласының төс қалтасына қадап кеттім. «Анам берген қасиетті жебеушім» дедім. Ол шын қуанып, марапат алғандай болды. Бұл оның көңіліне аз да болса демеу болған шығар, бәлкім.

Содан, бірнеше ай Пятигорск қаласында емделіп, 1944 жылы кеудеме бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы ордені», «Ерлігі үшін» медальдерін тағып, ақсаңдай басып ауылға қайттым. Жеңіспен Түсіп те елге оралды. Ал, Ілияс ағам Псковтың Белоруссиямен шектесетін аумағында қаза болды. Мені қан майданда түйреуішке түйілген ана махаббаты мен шынайы достық аман алып қалған еді» – деп әңгімесін түйіндеген қария өмірден өткен анасы мен майданда шейіт болған ағасының суретін әжімді алақанымен аялай сипап, сөзін аяқтады.

Бұл күні қоғамдағы келеңсіз қылықтарға қарап, көп ойланамыз. Рухани дүниемізді жылытатын махаббат, мейірім, достық ұғымдары құбылып кеткендей көрінеді. Ендеше, тілімізді даралап, тарихымызды тірілтіп, дәстүрімізді жаңғыртпасақ, ұлттық мінезімізден айрылып қалуымыз бек мүмкін.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button