Руханият

Жылқыдан дарыған дәру

Қарағандыдағы TURAN-EL орталығында ерекше спортшылар арасында Қарағанды облысы әкімінің ашық кубогы өтті. Аталған жарыс Паралимпиада ойындары мен арнайы Олимпиада бағдарламалары аясында ұйымдастырылған. Бәсекеге тірек-қимыл аппараты бұзылған және интеллектуалдық даму ерекшелігі бар шамамен 30 спортшы қатысты. Бұл чемпионатқа облыс атынан төрт спортшы қатысып, төртеуі де жүлделі орынға ілікті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Сайысқа Астана, Алматы қаласынан бөлек, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облысының командасы да өнер көрсетті. Қарағанды облысының намысын паралимпиялық ат үсті жаттығу бағдарламасының «А» деңгейінде Алтай Абайдуллин, «В» деңгейінде Айзере Ахметжан қорғап, екеуі де алтын медаль иеленді. Ал, арнайы Олимпиада бағдарламасы бойынша «CS» деңгейі бойынша сынға түскен Ілияс Бекжігітов – І орын иеленсе, «BI» деңгейінде Бақытбек Дошкин – ІІ орыннан көрінді.

– Біз паралимпиялық ат үсті жаттығулары бойынша жарыстар өткізу құқығына ие болған еліміздегі үшінші өңір болдық. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек Өскемен мен Астана қалаларында ғана қарастырылған еді. Турнирді қолдағаны үшін облыс әкімдігіне, демеушіміз «Nәtige» компаниясына алғысымызды білдіреміз. Бұл чемпионат тек үздіктерді анықтаумен шектелмейді. Ең басты мақсатымыз – адамның мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеу. Ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдер өз қабілеттерін осы жерде көрсетіп, спортта да жетістікке жете алатынын ұғынуы қажет. Ал, көрермендер атқа мінудің оңалту процесіне қаншалықты оң әсер ететінін өз көздерімен көре алады, – деді иппотерапия нұсқаушысы әрі Қарағанды облысы командасының жаттықтырушысы Амина Есина.

Жарыс ережесіне сәйкес қатысушылар ат үстінде белгіленген қашықтықты бағындыруы тиіс. Әрі әр бағдарлама бойынша тапсырмалар өзіндік деңгейлерге бөлінген. Шарт бойынша төрешілер әр спортшының ат үстіндегі тепе-теңдігін, қозғалыс техникасын және зейінін мұқият бағалайды. Өйткені, дәл осы көрсеткіштер қатысушының кәсіби деңгейі мен дайындығын айқындайтын басты өлшем саналады.

Паралимпиялық ат үсті жаттығу бағдарламасының «В» деңгейі бойынша сынға түскен жерлесіміз Айзере Ахметжан тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, чемпион атанды. Жас спортшы бұл спорт түрімен бірнеше жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді. Соның нәтижесінде тәжірибесі толығып, шеберлігі шыңдалған. Ал, бұл чемпионат оның спорттық жолындағы үшінші ауқымды додасы екен. Жас спортшының анасы Сабина Сыздықова бұл спорт түрінің қызының денсаулығына оң әсер етіп жатқанын атап өтті.

– Бәрі жылқыға деген қарапайым қызығушылықтан басталған.
Уақыт өте, қызығушылығы үлкен мақсатқа ұласты. Қызым қиындықтар мен күнделікті еңбектің нәтижесінде осындай жетістікке жетті. Былтыр Өскеменде өткен ел біріншілігінен алтынмен оралды. Ат спорты бізге көп мүмкіндік берді. Дене қозғалысын үйлестіруді, қол мен аяқ қимылдарын басқаруды, әрбір әрекетті бақылауды үйретті. Қандай жағдай болмасын, біз алға нық қадам басып келеміз, – деді Айзеренің анасы.

Олимпиада бағдарламасы бойынша «BI» деңгейінде өнер көрсеткен Бақытбек Дошкин чемпиондыққа бір елі жетпей қалды.

– Бақытбектің қарсыластары қатарында бейімделген ат спортымен ұзақ жылдар бойы айналысып жүрген тәжірибелі спортшылар болды. Ал, оның клубта жаттығып жүргеніне небәрі бір жыл ғана. Соған қарамастан, өзін жақсы қырынан көрсете алды. Мұндай ауқымды турнирге алғаш рет қатысқандықтан, тәжірибе аздық етті. Алдағы уақытта дайындықты күшейтіп, алтын медаль үшін таласуға ниеттіміз, – деді спортшының жаттықтырушысы Амина Есина.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button