Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Ерлігіне сай еленуін сұраймыз…

Атамыз Ахметбек ҚОСЫБАЕВТЫҢ екінші дүниежүзілік соғыстағы ұрыстарда шеберлігі мен ерлігі бағаланып, әскери мансабы жоғарылатылып, «Қызыл ту», «Александр Невский», «I, ІІ дәрежелі Отан соғысы», Американ жауынгерлері атындағы ордендермен марапатталады. Ерліктері майдан даласында аңыз болып тарап, әскери басылымдарда жиі-жиі жарияланған.

Кеңес үкіметі шебіне жау баса көктей енгенде, атамыз 22 жастағы лейтенант еді. Ол басқарған батальон Ленинградты қорғауға қатысып, Нарва өзенінен бірінші болып өтті. Осы жойқын шабуылда 29 елді мекенді азат етіп, екі жүз шақырымға алға жылжыды. Мінеки, атамыз 25 жасында 1944 жылдың 13 шілдесінде ерліктің асқан үлгісін көрсетіп қаза табады.

Жауынгерлерге рух беру үшін майдан даласында қазақ тілінде ұйымдастырылған газеттердің бірі – «Отанды қорғауда». Мұнда әскери журналист, лейтенант Ақмұқан Сыздықбековтың «Комбат Қосыбаев» атты мақаласы құнды деректер береді. «Ол Қарқаралының зәулімзәулім таулары мен көкорай шалғын гүлдерінің саясында сайрандап өсіп, бақытты өмірге емін-еркін құлаш ұрып, құлшынып өскен кеңес жастарының бірі. Ол мұндай соғыс өмірін тілеген жоқ. Керісінше, оқып, білім алып, тәтті тұрмыста жүруді ойлайды. Ол 1936 жылы мектепті бітіріп, зооветтехникумға оқуға түседі. Кейін Ахметбек Қосыбаев 18 жасында Алматыдағы заң институтына түсіп, оны бітіріп, халық соты мамандығына диплом алды. Бірақ, іс жүзінде қызмет істеуге үлгере алмады. 1939 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, Тюмень қаласындағы жаяу әскерлер училищесіне жіберіледі. Ахметбекке армияның тұрмысы ұнады. Ол жаяу әскерлер училищесін бітіріп, орта командир болып шықты.

Соғыс басталды. Қосыбаев взвод командирі болып, Нарваның маңында бірнеше рет ұрысқа кірісті. Ол уақытта шегіну ұрысын жүргізуге мәжбүр болды. Жас офицер Қосыбаев ұрыстарда шынықты. Талай ауыр кезеңдерді басынан кешірді. Бірнеше сұрапыл ұрыстарға қатысты. Ұрыстың бәрінде батырлықтың, бөлімшесін шеберлікпен басқарудың үлгілерін көрсетті. Соғыс тактикасын, маневрді шебер іске асыра алатындығын көрсетті. Ол взвод командирлігінен батальон командиріне дейін өсті.

Ленинградты блокададан толық азат ету үшін жүргізілген ұрыстарда Қосыбаевтың батальоны шебер қимылдады. Оның батальоны ұрыстармен 200 километр ілгері басты және 29 елді пункттерді азат етті. Деревнялар үшін жүргізілген ұрыстарда Қосыбаевтың жауынгерлері ерліктің, табандылықтың үлгісін көрсетті. Гитлершілер бұл деревняны мықты бекініс пунктіне айналдырыпты» дейді атамыз туралы өз мақаласында А.Сыздықбеков.

Олар атаулы деревняны бермеу үшін 7 рет қарсы шабуылға шыққан екен. Қарсы шабуылдарды тойтаруда атамыздың ерлігі ерекше көрінеді. Шайқас даласында әскерлерді өзі бастап, рухтандырып отырады. Қарсы шабуылды тойтарып қана қоймай, жаудың бетін қайтарып, өкшелей қуып отырып деревняны алады. Бұдан кейін де оның жауынгерлері қос бірдей деревняны қайтарады. Не керек, осы деревнялар үшін жүргізілген ұрыста атамыздың әскери қосындары жаудың 900-ге жуық солдаты мен офицерін жояды.

Әрмен қарай, әлгі мақала былайша сабақталады: «Жаудың бір бекініс пунктін алу бөлім командирі Қосыбаевтың бөлімшесіне жүктеледі. Бұл бекініс өте мықты жасалған еді және немістер артиллерия мен минометтерден үсті-үстіне біздің бөлімшелерге қарай оқ атып тұрады. Қосыбаев жауынгерлерін шабуыл жасау шебіне орналастырады. Қауырт шабуылдан кейін жаудың бекініс пункті алынды. Қол жеткен жеңісті өрістете отырып, капитан Қосыбаев шебер орап алу маневрін қолданып, сол учаскедегі жауды тылынан бөліп тастады. Оның бөлімшесі бұл жолы 300-дей гитлершілерді жойды, 50 фашисті тұтқынға алды. 12 автомашина, 2 азық-түлік қоймасын және басқа да көп олжаларды қолға түсірді.

Нарва өзенінен өту үшін ұрыстарда да оның бөлімшесі жақсы қимылдады. Өзеннен бірінші болып өтіп, жаудың қарсы шабуылдарын тойтара отырып, өзеннің батыс жағалауынан табан тірейтін позициядағы біздің басқа бөлімшемізге көп күшпен шабуыл жасап, оларды тықсыра бастады. Командир Қосыбаевқа бір топ автоматшылар беріп, бөлімшеге жәрдем беруге және жау шабуылын тойтарып, жағдайды қайта қалпына келтіруге жібереді. Капитан өзінің автоматышларымен жаудың бүйірінен шығып, кенеттен соққы берді. Мұндай соққыны күтпеген жау сасқалақтап, кейін шегінді. Бөлімше жағдайды қалпына келтірді және тағы да ілгері жылжыды». Расында бұл атамыздың ерліктерінің бір парасы ғана. Арнайы зерттеуді қажет ететін атамыздың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері толық зерттеліп, насихатталуы тиіс деп ойлаймыз.

Жас офицер өзінің батыр да шебер қолбасшы екендігін талай мәрте ұрыс барысында дәлелдейді. «Үкімет оның ерліктерін командирге лайық ұрысты шебер басқарғандығын жоғары бағалап, «Қызыл ту» және «І, ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапаттады. Жақында генерал оны өзіне шақырып алып, ұрыстарда бөлімшесін шебер басқарғаны үшін және батырлығы үшін алғыс айтып, сыйлыққа сағат берді» деп түйінделеді А.Сыздықбековтің атаулы мақаласы. Бұл жерде де атамыздың қан майдандағы ұрыс толастамай жатып өз ортасында мойындала бастағандығын көреміз. Оның әке-шешесіне жазған хаттары көзіңізге еріксіз жас келтіреді.

«Құрметті әке мен шеше! Мен Отан алдындағы парызымызды абыроймен атқарып, Ленинград қаласын қорғау жолында жалындаған оттың ортасында жүрмін. Алматы әскери училищесінде оқып жүрген Мұқаннан хат алдым. Мені уайымдамаңыздар. Ең бастысы – мен Отанымды қорғаудамын. Бәлкім, мен құрбан болармын. Бірақ, адамгершілік пен ар-намысты жоғары қоя отырып, ең соңына дейін күресіп бағамын. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Майдандас достарым мені жақсы құрметтейді. Соның өзін зор мақтаныш тұтамын» дейді Ахметбек отбасына жазған хаттарының бірінде. Атамыздың басқарған теңіз жаяу әскерін немістер бекерден-бекер «Қара өлім» деп атамаса керек. Бұған атамыздың жеңісті жетістіктерін сөз еткен Ақмұқан Сыздықбековтың мақаласы дәлел бола алады.

1941 жылдың 13 қыркүйек айында жазған хатында атамыз: «Оң аяғымнан жараланып, жазылдым. Фронт онша көңілсіз емес, үйреніп алдық. Мені ойлап жүдемеңдер» дейді. Келесі 1942 жылдың 13 ақпандағы хатында «Ұрыс үстінде жазып отырмын. Бес сағат шайқастық. Жаудың 25 солдаты мен офицері, ал біздің 4 адам шығын болды. Өзіміздің әскерлерге қосыламын деген үміт бар» деп жазады. Осы жолы атамыз «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.

Комбат ерлігі жайлы капитан Л.Воронцов сол уақытта «Қазақ халқына мың рахмет» деген атпен мақала жазған. Ол өзінің мақаласын осылай аяқтайды: «Круши их Ахметбек, чтобы ни одна фашисткая гадина не осталось на нашей земле. Мы скажем твоей родине. Сражался батыр – Ахметбек!».

«Жүректілік, қайсарлық, әскери шеберлік – Ахметбектің басты қасиеті. Оның қайнары неде? Отанды шексіз сүйгендігі ме, әлде шеңберінен шыққан ерлікте ме, айту қиын. Дұрысы – осының екеуі де. Ғажап шайқастың сен, Ахметбек! Сенің асқан батырлығыңды туған елің – Қазақстанға біз айтамыз» деп жазады «Майдан» газеті қазақ батырының ерліктері туралы терең толғаныс тудыра отырып.

Рас, сұрапыл соғыс бейбіт өмірдің күл-талқанын шығарды. Күлшім әжеміз он бір құрсақ көтереді. Сол перзенттерінің ішінде алтауы ауыр науқастан қайтыс болады. Одан кейін екі бірдей құлынын соғыс жалмап, тағдырдың тәлкегіне тап болады. Фронттың басқа жерінде Ахметбектің бауыры лейтенант Мұқан Бекбергенов атамыз да қайтыс болды. Ахметбегі мен Мұқанынан айырылған Күлшім әжеміз өмір бойына әне-міне қос перзенті келіп қалатындай көшеге қарап күткендігін көз алдымызға елестетудің өзі қиынның қиыны.

Ұлы жеңістің 40 жылдығы қарсаңында Қарқаралының №1, 2 орта мектептерінің 24 оқушысы Ленинградқа сапар шекті. Қарқаралылық ізшілер қаланың тарихи орындарымен танысты, Декабристер алаңы, Пискарев зираты, Некрасовтың мұражайы, атақты «Мыс салт атты» ескерткіші. 19 шілде күні ізшілер Зеленогорск қаласына жол тартты. Қалаға Ленинградтан пойызбен үш сағат жүріп барады екен. Бұл кез мектептерде сабақ аяқталған шақ. Сондықтан, қарқаралылық ізшілер өздерінің бұл сапары туралы Зеленогорскідегі достарына хабарлай алмаған. Сол жерде 24 оқушы батыр жерлестері Ахметбек Қосыбаевты еске түсіріп, бір минут үнсіз тұрады. Содан соң батыр аталарының қабіріне гүл шоқтарын қояды.

1944 жылдың 13 шілдесі күні кескілескен ұрыста ерлікпен қаза болған комбаттың ерлігі ұмыт қалған (мүмкіндік те болмаған шығар), Твардовскийше айтсақ «Может, в списке наградном вышла опечатка» – комбатқа «посмертно» «Совет Одағының Батыры атағын» беру туралы жайды Қарқаралының Момышұлы атанған – Шаймаран Мезгілбаев атамыз да қозғаған екен. Ол заманда одан ештеңе шықпайтыны белгілі ғой.

Осы бастама негізінде түсірілген Ленинград-Караганда атты деректі фильмнің басты кейіпкерлері ретінде атамыздың анасы Күлшім анамыз, қарындасы Ркен апа және Ш.Мезгілбаев қатысқан. Батырдың жерленген жеріне анасының, қарындасының барып қайтуларына осы аталарымыз мұрындық болған.

1968 жылдың 19 қыркүйегінде осы сапар туралы Зеленогорск қаласының газетінде №60- шы мектептің аға пионер вожатыйы Е.Костицына: «…На братской могиле плачет скорбленная старушка-мать. Горем сдавлено сердце, суровые лица мальчишек и довочек в красных галстуках. Сегодня они вместе с матерью печалятся о ее сыне, близко чувствуют, что несет война…» – деп тебірене жазыпты.

Бүгінде Қарқаралының орталық саябағында «Азалы ана» ескерткіші бой көтерген. Әлбетте, бұл ескерткіштен екі бірдей перзентін соғыс жұтқан, Ахметбектей батырды өмірге әкелген Күлшім әженің бейнесін анық көруге болады. Қарқаралыда Ахметбек Қосыбаев атамыз атындағы көше де бар. Бұған да шүкір дейміз.

Өздерінен ештеңе асырмайтын орыс командирлерінің ортасында жалғыз қазақ жігітінің осындай дәрежеге көтерілуі, оның асқан ерлігі, туған елінің мақтауына, құрметтеуіне тұратын азамат екенін көрсетеді. Бірақ, өкінішке қарай атамыз туралы басқа түгілі өз ауылдастарының да көбісі білмейді. Бұл – үлкен қателік. Бүкіл аудан мектептерінде батыр атамыздың фотосуреттерімен бірге ол кісінің ерліктері жайлы деректер неге тұрмасқа? Қаражат көзі табылса, атамыздың ерлік істері үлкен зерттеуді қажет етеді. Батыр атамыздың атын мәңгі ел есінде қалдырудың жолдарын аудан басшылары қолға алса өте дұрыс болар еді.

Ахметбектей батыр атамыздың ерліктерін көрсетіп, Президенттен Халық Қаһарманы атағын беруді сұраса, ол бұл атаққа да әбден лайықты азамат.

Руслан ТӨЛЕУҚАДЫР,

Қарлығаш ТӨЛЕУҚАДЫР,

Нүртілек ТӨЛЕУҚАДЫР,

Алихан АСХАТҰЛЫ,

немерелері.

Басқа материалдар

Back to top button