Магомадовтың «қола дәуірі»
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен Азия чемпионатынан бір алтын және үш қола медальмен оралды. Солардың қатарында қарағандылық балуан Ибрагим Магомадов та бар. Жерлесіміз 82 келі салмақта сынға түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Жерлесіміз бұған дейін құрлықтық біріншілікте бесінші мәрте жүлдегер атанған. Оның еншісінде Азия чемпионатының бір алтыны, бір күміс және үш қола жүлдесі болған. Бұл жолы да дүбірлі додадан құр қол қайтпай, кезекті қола жүлдені қанжығасына байлады. Шешуші белдесуде ол қытайлық балуан Жу Люмен күш сынасқан. Тартысты жекпе-жекті 5:3 есебімен қарсыласынан басым түскен.
Айта кетейік, ұлттық құрама сапынан ел қоржынына жалғыз алтынды 72 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Алматбек Аманбек салды. Қос қоланы Ислам Евлоев пен Нұрсұлтан Тұрсынов жеңіп алған болатын.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



