Шақпақ мыс – табыс көзі
Өндіріс – өмір өзегі. Мына қым-қуыт тіршілікте өндірісі өрге өрлеген мемлекеттің айдарынан жел есіп, сыртқы нарықтық қарым-қатынастарға кеңінен жол ашылды. Демек, өндіріс экономиканың бірден-бір қайнар көзі болып табылады.
Балқаштықтар шақпақталған сары алтындай сары мысымен мақтанады, сол арқылы мәртебесі биіктей түседі. Өйткені, шақпақ мыс шет елге экспортталады, табыс көзі. Міне, осы Балқаштың қара мысынан ең алғаш рет шақпақталған мыс (катод мысы) алынғанына тұп-тура 65 жыл толады екен. Шақпақ мыс электролиздеу арқылы жүзеге асырылып, өндіріледі. Демек, мысты электролиздеу цехы ұжымының мерейтойы.
Не нәрсеге уақыт өлшемімен қараймыз. Катод мысының даңқы алысқа кетіп, шет елдік зор сұранысқа ие болғалы қашан. Міне, 65 жыл ішінде 12 млн. тоннадан аса шақпақталған мыс шығарылып, қыруар табыс әкелген. Қаншама буын өкілдері маңдай терін төкті. Бүгінде аға ұрпақ соқпағын жалғастырып келе жатқан өз ісінің шеберлері жетерлік. Мәселен, су ерітіндісінің электролиздеушісі Рысбала Торшинова, электролиз учаскесінің электролиздеушісі Серік Айғалиев, дайын өнімдер учаскесінің түсті металдар өнімдерінің бақылаушысы Айгүл Қыдуақасова сияқты жігерлі, өз ісінің шеберлері еңбек өнімділігін арттыра түсуде.
Бүгінде цех ұжымы өздерінің мерейтойы қарсаңында еңбек вахтасына тұрып, мыс экспорттау көлемін ұлғайтуға күш-жігерін жұмсауда.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ
БАЛҚАШ қаласы.