БалқашАймақ

Облыс әкімі Балқаш қаласының тұрғындарымен кездесті

Балқаш қаласының тұрғындары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жүздесу әр тұрғын өңір басшысына өз мәселесін айтып, ұсынысын жеткізуге мүмкіндік алды.

Бүгінде Балқаш туристік орталық ретіндегі әлеуетін арттырып келеді. Тек биылғы туристік маусымда қалаға шамамен 200 мың адам келген. Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, бұл Балқаш көлі жағалауындағы демалысқа деген қызығушылықтың жыл санап артып келе жатқанын көрсетеді.

— Біздің міндетіміз — қаланы туристерге де, жергілікті тұрғындарға да қолайлы әрі тартымды ету. Осы мақсатта инфрақұрылымды дамытып, көлік қатынасын жақсартып, демалысқа арналған жаңа нысандар ашып жатырмыз. Премьер-Министрдің тапсырмасымен өңірде Balkhash туристік индустриялық аймағы құрылды. Мұнда алғашқы жоба — 1,3 млрд теңге инвестиция салынатын Premium Villa Balkhash кешені жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жалпы инвестиция көлемі 3 млрд теңгеден асатын тағы төрт жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың жанынан санаторий мен қонақүй бой көтереді, — деді облыс әкімі.

Туризмнің дамуы үшін көлік қатынасының қолжетімді болуы да маңызды. Қайтарымды активтер есебінен жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін биыл Балқаш әуежайы қайтадан жұмысын бастады.

Туристік аймақты сумен қамтамасыз ету мақсатында Балқаш – Тораңғалық магистральдық су құбыры тартылып жатыр. Қазіргі таңда оның 20 шақырым желісі төселді.

Өткен жылдан бері Бертіс шығанағын қамыс пен түптік шөгінділерден тазарту жұмыстары жүргізілуде. Мұнда осы секілді жұмыстар соңғы рет 30 жылдан астам уақыт бұрын атқарылған. Ал қаланың өзінде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасып жатыр.

Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлының айтуынша, соңғы үш жылда 32 шақырым жылу желісі жөнделген. Соның нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 75 пайыздан 55 пайызға дейін төмендеді. Соңғы екі жылда шамамен 60 шақырым су құбыры жаңартылса, биыл тағы 11 шақырым желі ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар Тоқырау – Саяқ магистральдық су құбырын жаңарту және кәріз коллекторын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Кездесуде Балқаштың болашақ келбеті де сөз болды. Қалада курорттық аймақтарға арналған дизайн-код бекітілген. Құжат абаттандыруға, нысандарды безендіруге және қоғамдық кеңістіктерді ұйымдастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.

Облыс әкімі тұрғындарды «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды. Өз кезегінде балқаштықтар қалада егілген ағаштардың жай-күйіне және оларды суару мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

— Ағаштарды суаруға мүмкіндік бар жерлерге ғана отырғызу керек! — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Жүздесуде әлеуметтік саланы дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Балқашта ауданаралық аурухананың ашылуы тұрғындардың жоғары білікті медициналық көмекке қолжетімділігін арттырды. Мұнда ангиографиялық операциялық бөлімше іске қосылды. Алдағы уақытта жергілікті стационар базасында катаракта мен глаукомаға байланысты операциялар жасау жоспарланып отыр.

Медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Жыл басынан бері Балқашқа 13 дәрігер келді. Жыл соңына дейін тағы 12 маманның келуі күтілуде.

Алайда ашық диалог коммуналдық және әлеуметтік мәселелермен ғана шектелген жоқ. Тұрғындар қаладағы демалыс орындарын дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, соның ішінде желкенді спортты қайта жандандыру жөнінде де ұсыныстарын айтты.

Сауалдардың бір бөлігіне облыс әкімі кездесу барысында бірден жауап берді. Қалған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді жауапты мемлекеттік органдарға тапсырды.

Кездесуден кейін Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қарағанды облысының әкімдігі

 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button