Балқашта кеншілер мен байытушылар марапатталды
Балқашта Кеншілер мен байытушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Металлургтер сарайында өткен мерекелік басқосуға тау-кен өндірісінің ардагерлері, сала мамандары, өндіріс озаттары мен қала жұртшылығы қатысты.

Мерекелік шара қазақы әуенмен, «Гүлдерай» ансамблінің «Қазақ биімен» басталып, кенді өлкенің мерейлі еңбек адамдарына арналған ақжарма құттықтауларға ұласты.
Салтанатты жиында Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлы кеншілер мен байытушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел экономикасы мен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
– Балқаштың тарихы – еңбек тарихы. Бұл шаһардың әрбір жетістігінің, әрбір белесінің артында кенші мен байытушының маңдай тері, қажырлы еңбегі тұр. Жер қойнауындағы қазынаны ел игілігіне айналдырып жүрген барша сала мамандарының еңбегі қашанда құрметке лайық. Кеншілердің қайсарлығы мен байытушылардың кәсіби шеберлігі – өндірістің ғана емес, тұтас өңірдің дамуына қуат беріп отырған үлкен күш. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді қала әкімі.
Мерекеде еңбегімен ерекшеленген бірқатар өндіріс мамандары Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Қарағанды облысы және Балқаш қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ салалық қауымдастықтардың марапаттарымен наградталды.
Қоңырат кенішінің бас механигі Александр Ли мен Саяқ кеніші жатақханасының 2-разрядты электр слесарі Мұрат Тойшыбеков Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.
Ал, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Шлакоотвал цехының электр слесарі Нұрболат Медянов пен Мамандандырылған механикалық жөндеу бөлімшесінің учаске шебері Саян Шатек марапатталды.

Кәсіби мерекенің ең мәртебелі сәттерінің бірі – өндірісте ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген азаматтарға салалық төсбелгілердің табысталуы болды. ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі Саяқ кенішінің проходчигі Дастан Асановқа, Қоңырат кенішінің директоры Ғалым Хамитовқа және бірқатар сала мамандарына берілді. Солардың қатарында «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесары Ержан Тілеуқұлов та бар. Оның көп жылғы еңбегі мен өндірістегі кәсіби шеберлігі ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен лайықты бағаланды.
ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі Балқаш байыту фабрикасының директоры Талғат Жайнабековке, HR басқармасының департамент директоры Гүлнар Оспановаға және Жөндеу-механикалық зауытының директоры Григорий Кузнецовқа табысталды. Ал ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі өндірістің әр саласында табанды еңбек етіп жүрген он маманға берілді.

Салтанатты жиында «Balqash Tau-ken ondirisi» бас директоры Асқар Құйқабаев та тау-кен саласы еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, кеншілер мен байытушылардың қажырлы еңбегі кәсіпорынның тұрақты дамуы мен өндірістік жетістіктерінің басты негізі екенін атап өтті.
Мереке барысында Қазақстан Республикасы тау-кен өндіру және тау-кен-металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы, «Драгмет» қауымдастығы, «Қазақмыс» корпорациясы және «Balqash Tau-ken ondirisi» кәсіпорны атынан да бірқатар озат еңбеккерлер марапат төрінен көрінді.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, дәстүрлі әнші Ұлжан Ағлақова, әнші Қымбат Шашубай және өзге де өнерпаздар әннен шашу шашты. Мерекенің қорытындысында Политехникалық колледж студенттері «Қазақмыс» гимнін орындап, еңбек адамдарына арналған тағылымды кештің шымылдығы жабылды.
Нұрдос КӘРІМ
Ortalyq.kz



