Пікірлер

Сенім мен үміт арқалап…

«Елімізде Төтенше жағдай режимі аяқталды!», – деп хабарлады Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Осылайша Президент өзінің 15 наурызда жарияланған төтенше жағдай режимінің біткенін жария етті. Екі айға жуық үйқамақта отырған халыққа бұдан асқан қуанышты хабар жоқ шығар.

Бұл мемлекеттік билік үшін де, халық үшін де бұрын-соңды бастан өткізбеген ахуал еді. Төтенше жағдайдың дәмін таттық. Татып көріп, дәмінің – кермек екенін білдік, көңілге алаң туғызар дүдәмал хәлді бастан кешірдік. Қазақ мұны ұзын арқан, кең тұсау деген. Негізгі тұстарына тоқталсақ, Президент төтенше жағдай аяқталғанымен, карнатин талабы сақталатынын есімізге салды. Бұған қоса, індеттің екінші кезеңі басталып кетуі ықтимал екендігін ескертіп өтті. «Сақтанғанды сақтайды» деген сөз бар. Мемлекет басшысы алдымен осыны меңзеген сыңайлы. Сонымен, халық күткендей, еліміз бойынша дүкендердің біразы, саябақтар ашылады екен, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданатынынан хабардар қылды. Әйтсе де көшеде бетпердемен жүру талабы сол күйінше қалып отыр. Ендігі халыққа қолайлысы жолаушыларға арналған әуе, темір, көлік тасымалының жұмысы қалпына келетіні десек, артық кетпеспіз.
Мемлекеттік органдардың ендігі бір өзекті міндеті елдің материалдық құндылықтарына залал келтірудің алдын алудан көрінуі тиіс. Осы бағытта біз үшін сенім мен үміт ұялатқан үлкен жаңалық – Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия атауын өзгертіп, «Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия» болып қайта құрылатындығы. Мұның астарында мемлекет үшін күрделі міндеттер тұр. Бүкіл дүние жүзі экономикасын дағдарысқа әкеліп соқтырған індеттің салқыны Қазақстан экономикасына да ықпал етпей қоймады. Бүгінгі таңда экономиканың тынысын ашатын қадамдар жасалуы тиіс. Осы орайда, Президент мемлекет алдында тұрған міндеттерді айқындап берді. Бағыт-бағдары айқын басымдықтар ретінде нақтылады. Атап айтқанда, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау және дамыту, білім мен ғылым жүйесін жетілдіру сынды қадау-қадау мәселелер Үкімет алдына қойылды.
Отандық экономиканың өрімін кеңейту үшін қайтпек керек? Мемлекет басшысы ол үшін өзін-өзі толық қамтыған қазақстандық экономиканың үлесін ұлғайтуды ұсынып отыр. Ол үшін өзімізде бар шикізаттық базаның негізінде өнеркәсіптің жаңа қырларын дамыту қажет деді. Экономиканың басты секторларының ролін анықтауды жүктеді. Осылайша экономиканың жаңа құрылымы жасалады.
Ел ішінде экономикалық дағдарыстың салдарын азайту үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дайындалуы да елдің ертеңге деген сенімін күшейтері даусыз.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аграрлық секторларға да мемлекеттік қолдау ұлғаяды.
Білім беру, медицина, әлеуметтік салада да реформалар орын алмақшы. Қандай да бір төтенше жағдайға жылдам әрекет ететіндей деңгейдегі медицина жүйесі жабдықталатын болады. Өзіміз күйттеп жүрген білім беру саласында алда атқарылар қырурар іс тұр. Ал, мұның барлығы елдің ертеңі үшін маңызды. Мәселен, қашықтан оқытудың әдістемесін жасау күн тәртібінде тұрған келелі істердің бірі. Біздің академия 16 наурыздан бастап қашықтан оқыту жүйесіне көшкен-ді. Содан бері студенттеріміздің технологиямен қаншалықты жабдықталғанын білу үшін талдаулар жүргізіп барып, қашықтан білім алуларын, онлайн-сабақ өткізуді бір ізге түсіріп, ыңғайластырдық. Студенттердің дені жастар болғандықтан, қашықтан оқыту технологиялары меңгеру олар үшін бұл үйреншікті қалып. Білікті ұстаздарымыз сабақ өткізудің түрлі әдістер қолдануда. Келешекте біз ұршықтай зырылдаған заманмен аяқты тең алып жүруіміз керек. Еліміздің білім жүйесі цифрлануға бағыт алып отыр. Білім беру бағдарламаларын мазмұнын бүгінгі күннің талабымен сәйкестендіру, оларды қолжетімді қылып, интекактивті етуді Мемлекет басшысы ескертіп өтті. Осы үдедін шығу – мұратымыз. Біз осылай түйін түйдік. Сенім мен үмітті жұптасытырып отырмыз.

Қ.Н. Меңлібаев,

«Болашақ» академиясының ректоры.

Басқа материалдар

Back to top button