Пікірлер

Дәуір тынысын дөп басқан

Президент Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында, халықтың көкейіндегі ойды дөп басып, ел мен жердің тағдыры егіз екендігін, халықтың тәу ететін жалғыз киесі-Тәуелсіздігі екендігін салиқалы ойымен жоғары деңгейде жеткізген. Тәуелсіздік жылдарын бөліп қарап, әр ондыққа жекелей тоқталып, жетемізге жететіндей жіті түсіндіріп берді.

Талай нәубетті бастан өткеріп, төзімділік арқасында өткен мен болашақты парасатты пайымдай отырып, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осы жолда қанша тағдыр талқыға түсіп, түрлі бұралаң жол болды. Осының бәрін халық қажыр-қайратымен еңсеріп, бүгінде әлем таныған елге айналдық. Бұл — біздің зор жетістігіміз. Ата-баба аңсаған арманды іске асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеміз. Бастысы шекарамызды белгілеп бекіттік, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-санамызды жаңғырттық. Өткеніміз қайта оралып, өшкеніміз қайта маздап, жалындай түсті. Елдің тұрмыс жағдайы жақсарып, әлеуметтік әлуетіміз көтерілді. Өзіміздің жеріміздегі бар байлығымызды игеріп, қажетімізге жаратудамыз. Экономикамыз өрлеу үстінде. Ел болып еңсемізді тіктеу үшін қажетті деген барлық жайттарға баса назар аударылып келеді. Міне, осының бәрі – Тәуелсіз жер мен елдің жемісі.

Тәуелсіз еліміз – жері мен тарихы бай, шежірелі мекен. Әрбір елді мекеннің өзінің ойып тұрып алатын орны бар, тарихы бар. Ұлт болып қалыптасуымыз үшін әр аймақтың үлесі зор. Дана да дара ұлы тұлғаларымыз шыққан жерді сақтау, елдің бейбіт тірлігін қамтамасыз ету, бастысы осындай жайдары да жаймашуақ күнге шүкіршілік айта отырып, Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау – біздің ержүрек бабалар мен асыл әкелер, ардақты ағалар алдындағы перзенттік борышымыз.

Манарбек КӘРІМ,

аудандық архив басшысы.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button