Жаңалықтар

“Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…”

Қараөлеңнің қазығына айналған Қарағанды руханияты қайта бір сілкінді. Сейсенбіде облыс орталығындағы «Шалқыма» концерт залында облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастырумен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВ атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық мүшәйрасы қорытындыланып, нәтижесінде әріптесіміз Жәнібек ӘЛИМАН Бас жүлдені қанжығасына байлады.

Еріген қар, езілген қара топырақ. Ақын туған өлкенің аспаны да елжіреп, әлсін-әлсін жаңбыр аралас қырбақ қар ұшқындайды. Балаққа жабысқан батпақты бір сілкіп, Сейфуллин һәм Чкалов көшелерінің қиылысында қасқайып тұрған Қасым ескерткішін бетке алдық. Қарақұрым халық болмаса да, алыс-жақыннан ат арытып келген қаламгерлер жиылыпты. Иә, Алаш көлеміндегі жыр додасын бастамас бұрын, ақынға тағзым болуы тиіс. Қасым рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл дестесі қойылды. Жауһар жүректі жыр иесі атындағы дода осылай басталған еді. Бұдан соң қатысушылар «Шалқыма» концерт залына табан тіреді.

  • Қазір аты аталып жүрген Мұқағали, Фариза, Жұмекен сынды ақындардың барлығы дерлік осы Қасымның шекпенін шыққан. Сондықтан, бүгінгі жыр-бәйгесіне деп, еліміздің түпкір-түпкірінен ат шалдырған ақындарымызға Қасымның тағдырын емес, даңқын берсін дегім келеді. Өз кезегімде, ақын рухын аялап, осындай игі шараға ұйытқы болған аймақ басшысы Ерлан Қошановқа, облыстың тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбековаға, Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі филиалына айрықша алғысымды айтамын, – деді қазылар алқасының төрағасы, ақын Ғалым Жайлыбай.

Осыған дейін облыстық деңгейде өткізіліп келген «Дүниеге келер әлі талай Қасым» мүшәйрасына өңірдегі 200-ден аса қаламгер қатысқан болса, бұл жылы алғаш рет бүкіл республика көлемін қамтып отыр. Еліміздің 16 өңірінен 18-40 жас аралығындағы 70 үміткер бақ сынап, 17 қатысушы іріктелді.

  • Қай халықтың болсын тарихы, тілі, мәдениеті – ұлы тұлғаларымен байланысты. Олардың рухани мұрасы халықты ізгілікке бастайтын аса маңызды құндылық. Міне, халқымыздың сондай асыл перзенті – Қасым Аманжолов. Жалынды жырларымен туған халқының сүйіспеншілігіне бөленген де осы жерлесіміз. Сондықтан, Қасым жырын насихаттау, есімін ел есінде жаңғырту – аса маңызды. Көздеген мақсатымыз да – осы, – деді Гүлнәрайым Қаңтарбекова.

Сөйтіп, қазылар алқасы шешімімен «Үкілі үміт» арнайы жүлдесі жерлесіміз Ерік Нарынға бұйырды. Сондай-ақ, ІІІ орынды Түркістан облысынан келген Арқалық Әмәлиятұлы, Алматы облысының ақыны Мұхтар Күмісбек және Жамбыл облысының ат шалдырған Хамит Есеман өзара бөліссе, ІІ орын иегерлері ретінде маңғыстаулық Асылбек Жаңбырбай мен жерлесіміз Жанат Жаңқаш танылды. Ал, жүлделі 1-орын газетіміздің аға тілшісі Рауан Қабидолдиннің еншісіне тиіп, жоғарыда айтқанымыздай Бас жүлде әріптесіміз Жәнібек Әлиманға табыс етілді. Жүлдегерлер диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталып, ақын рухын аспандатты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button