САЛ ДОМБЫРА

         Есіңде ме інім, Қарқаралыдағы нағашым жасап берген шешен домбыраны Тұрған ағам Мағұзға сыйлап жіберді ғой. Сол домбыраны мен де сұрап едім.

         – Иә, 1964 жылдың соңына таман өнер сапарымен ел аралап жүрген әйгілі әнші Тұр-ағаң біздің үйге ат басын бұрды. Тура шілдехананың үстінен түсті. Мен төменгі сыныпта оқимын, бүкіл Қасабай ауылының үлкен-кішісін жинап, таң атқанша ән шырқағаны есімде қалыпты.

         – Сол домбыра бар ма?

         – Бар, бүгінгі Шабанбай би ауылындағы Мағұз ағамның қара шаңырағында тұр.

(Тұрғанбек Түсіпбаев ағамен арадағы әңгімеден).

***

       Күрең күздің қысқа ұласар шағы. Бұрынғы «Қаратал» совхозының Қасабай бөлімшесінде үлкен ағам Мағұз басқарушы болып қызмет ететін. Ұлдың үлкені Салтанат дүниеге келді. Ағамыз домбыра шертіп, ән айтушы еді. Өз басым домбыра тартуды осы ағамнан үйрендім. Төменгі сыныпта оқимыз, кенет үйдің іші абыр-сабыр болды да қалды. Сабақтан келген бетім. Кеше ғана үйде қонақтар болып, шілдехана дастарханында отырып, біраз әңгіме айтылып, ән шырқалды. Тағы да қонақ… Бірақ, бұл жолға қонақтың мен үшін ерекше болғанын өсе келе ұқтым. Көп кешікпей күткен қонақтар да келіп жетті. Топ бастаған аға ширақ жүріп, төрге озды, жанында нөкерлері бар. Қолындағы қапталған домбырасын ұқыптап, бөлек қойды. Әрине, одан әрі қонақ күту рәсімі бірден жалғасып кетті.

      Ойын баласымыз ғой, үйге оралсам асқақтаған ән естілді. Шашын шалқасынан қайырған әнші аға тіптен еркін көсіледі. Әсіресе, есімде қалғаны «Юран-ай» әні еді. Әнші аға шырқап-шырқап келіп:

Юран-ай, Юран-ай, Юран-ай Хау — п… дейді.

     Осы қайырманы айтқан кезде әнші аға тіпті ұшатын қыранша қанаттанып кетеді екен. Домбыраны екпіндете қағып-қағып келіп, «хоуп» дейді де домбыра шектерін баса қалады. Өте әдемі және өте жарасымды шығады. Балалар үшін қимыл, іс-әрекеті тіптен қызық. Ауыл тұрғындарының көпшілігі үлкендер еді. Осы әнді бірнеше рет айтқызды.

     «Аңшының әні» Дәнеш Рақышевтың орындауында бүкіл Қазақстанға, шет елдік ағайындарға кеңінен тарап тұрған кезі. Радиодан Роза Бағланова апайдың орындауында «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарымды» да үзбей тыңдаймыз. Бір кезде таныс әуен құлағыма жағып барады. Тағы да төргі бөлмеге кіріп кеттім. Тыңдаушылар қолпаштап, «ой пәлі- ай» деп қояды. Ой, шіркін-ай, әнші аға «Аңшының әнін» сорғалата, тамылжыта, құйқылжыта шырқап отыр. Бұл әнді де жұртшылық сұрап, қолқалап бірнеше орындатты.

     Әлі есімде, түннің бір уағына дейін ән шырқағаны жадымда қалыпты. Ертеңінде Ақтоғайдан келген қонақтар қайтатын болды. Аттанып бара жатып, әнші ағамыз:

Әй, Мағұз көрсеткен құрметіңе көп рахмет, тұңғыш ұлыңның атын Салтанат қойыпсың, өмірі де, жүрген жері де салтанатты болсын. Мына қимасыма айналған, жан серігімдей қолдаушым болған домбырамды осы үйге қалдырамын,– деді де әнші аға кішкене нәрестенің аузына түкіріп, «елдің ұлы, мен сияқты тыңдаушысы бар әнші бол»,- деп жүріп кетті.

     Өмір дегеніміз өзен ағыс. Тұр-ағаң көреген екен. Сол Салтанат тәп-тәуір әнші болып шықты. Міне, жақсының шарапаты деген осы ғой.

    Тұрағаңның біздің қара шаңыраққа келіп, ән шырқаған мезгілі 1964 жылдың желтоқсан айының басы еді.

***

    Мен де есейіп, ер жеттім. Кешегі бала кезімде әніне ұйып, тыңдап өскен қадірлес ағаның қолына су құйып, інісі болып шыға келдік. Бүгінгі көзқарасыммен, ой елегінен өткізсем Тұрған Түсіпбаев кешегі өткен сал-серілердің өшпес көзіндей, тәп-тәтті сарқытындай болып көрінеді. Шындық осы. Тұрағаң бар өмірін, болмысын, жан жүрегін халыққа арнаған аяулы жан болып қала берді. Адам халқының жүрегіне мәңгілік ұялап қалуы үшін ұлттық рухта тәрбиеленіп, өсіп-өнуі керек. Асыл аға ата-бабамыздан қалған саф алтындай сақталып келген ұлы мұраны халқының өзіне жаратып, жаңғыртып, жәдігердей аманат етіп кеткен бірегей тұлғалардың көш басында тұрды. Қаршадай кезінен режиссер болып, спектакль қояды, сахналайды. Жүрегінің оты бар жастарды жинап, оркестр құрады, халықтың тұрмысы ауыр кезеңде рухани қанат бітіру үшін ел аралайды, ән-күймен ел еңсесін көтереді, жан шуағын төгеді. Ал, енді өзіңіз ойлаңыз, осы әрекет, іс қимыл өздігінен келмейді ғой. Сол жоқшылық, таршылық кезеңде рухы мықты бозбала ғана осындай игілікті іске бара алар еді. Тұрағаң сияқты рухы биік жандардың арқасында ғана ұлттық дәстүр-салтымызды бүгінге әкелдік. Бүгінгі жастардың парызы сол алтын қазынаның бояуын өзгертпей келешекке жеткізу болса керек.

     Тұрағаңның ән салу мәнері де өзгеше еді ғой. Менің пайымдауымша, әнші аға дауысын аса қатты шырқатып, көкке көтеріп әлекке түспейтін. Әнді орындауда техникалық шеберлікке жете мән беретін секілді. Құйқылжыған ән ырғағы түйінделуі, содан кейін домбыраны қағып- қағып жіберіп, келесі ырғаққа өтуі өте тартымды, әрі майда қоңыр, туған елінің самалындай жаныңды жадыратып, елітіп, делебеңді қоздырып отыратын. Әр әнді жеріне жеткізе шебер орындайтын. Сол әннің ырғағына қарай домбыра қағысын да үйлестіріп, артық дыбыстың жымын білдірмей, тұп-тұтас қылып отыратын. Бұл енді шеберлік, әрі туа біткен табиғи дарын, талант. Басқаша айтуға қақымыз да жоқ.

     Мен білетін Тұрағаң бауырмал еді. Өнердегі інілерін еркелетіп ұстады. Ақыл-кеңесін де аяған жоқ. Көпшіл еді. Жүрген жері думан-той, ашық әңгіме, арқа-жарқа, шат көңіл, салтанатты еді ғой. Тұрағаның Айыртаста мәдениет үйінің директоры болып қызмет етуі түкпірдегі ауылдың мәдениетін көтерді. Ол кезде өнер бәйгесі, өнер бәсекесі жиі болатын. Тұрағаң басқарған ауылдық жердегі көркемөнер ұжымы өнер додасында, әсірелей айтсақ, шаппай-ақ бәйге алатын. «Ел іші — өнер кеніші» дейміз ғой. Ақтоғайдың шеткі нүктесі Айыртастың өзінен дәстүрлі әнді нақышына келтіре шырқайтын бірнеше ізбасарларын тәрбиелеп шығарды.Сол шәкірттерін Тұрағаңның өнер соқпағын заңды түрде жалғастырушылар деп ұғамыз.

***

    Бұл көптеген өнер адамдарына тән қасиет. Тұрағаң дүние-мүлікке қызыққан жоқ, мал жинамады.Бар ынта-назары халықтық өнерді кеңінен насихаттауға ауды. Төл мәдениетімізге өмірінің соңына дейін адалдық танытты. Тау бұлағының сыңғырын, бозторғайдың әуенін, жасыл құрақтың сыбдырын, тау-тастың, жасыл орманның ғажап көріністерін Тұрағаңдай сүйген ешкім жоқ. Туған табиғаты арқылы елін де жұдырықтай жүрегіне сыйдырып, өзінің Ақсораңындай асқақтатып өтті. Әннің сөзін бұзып айтқанға жаны қас еді. Ана сүтімен бірге сіңген ең басты байлығымыз — тілге келгенде Тұрағаң осындай жанашырлық танытатын. Оны да мына көзіміз көрді, жүрегімізге түйіп өстік. Қазір ой жетегіне берілсем, Тұрағаң нағыз отандық рухта тәрбиеленіп өскен туған елінің айнымас перезенті екен ғой.

***

    Дәм тартып, жол түскенде ауылға соғамын. Төргі бөлмеден әдеттегідей пішіні бөлек, Тұрағаң сыйлаған домбыраны іздеймін, табамын. Осы домбыра Мағұз ағам мен Тұрағаңның арасындағы рухани үндестік, дәнекері болып жан дүниемді тербейді.Сол домбыра біздің қара шаңыраққа келгелі 52 жыл өтіпті-ау. Бұл күнде екеуі де фәни жалғаннан бақиға аттанған. Сарғыш тартқан домбыраны сипалап, қастерлеп, бауырыма қысамын, сөйтемін де екі ағамның рухына арнап, жаныма жақын дәстүрлі әндердің біреуін шырқап жіберемін. Сал домбыра, әнші ағаға деген санадағы сағыныш мәңгілікке басылмайтын шығар-ау.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

Ақтоғай ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.