Тарих

Сақтар «Сақ» сөзі

Тарихта аты белгілі, археологиялық қазба деректермен де дәлелденген, ата жұртымызда өмір сүрді деген алғашқы тайпалардың бірі – Сақтар. Бұл этносты көне парсы сына жазуы – Бехистун жазбасы (б.э.д. 522-486 ж.ж.), яғни, Сырдарияның солтүстігіне қарай өмір сүрген тайпаларды Сақ (Saka) деп атаған. Грек тарихшысы Гередот өзінің атақты «Тарихында» (б.э.д. 430-424 ж.ж.) «парсылар барлық скифтерді сақтар деп атайды» деп тұжырымдайды. Бұған қарағанда гректер сақтарды «скифтер» деп, немесе «азиялық скифтер» деп атаған. Батыстағы Дунай өзенінен бастап, шығыстағы Хуанхэ өзеніне дейінгі орталықтағы ұлы далаға кеңінен қоныстанған осы «сақ – скиф» деп аталып жүрген тайпалардың атақты «аңдық стиль» мәдениеті қазіргі ғылымның айтуынша б.э.д. IX-VIII ғасырларда қалыптасқан.

Енді, біз ата-жұртымызда өмір сүрген осы Сақтарға атау (этноним) болған «Сақ» сөзін талдауға кірісейік. Бұл үшін тіл білімінде тілдің шығуы туралы дыбысқа еліктеу теориясына арқа сүйеп отырамыз.

Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі типі бойынша агглютинативті (жалғамалы) тілдің тобына жатады. Бұл тілдердегі сөздің түбірлері дыбыстық құрамы жөнінен негізінен өзгермей, көбінесе сол күйінде қалады. Түркі тілдерінің осы ерекшелігін еске ала отырып біз тіліміздің алғашқы сөздерін танып білуімізге болады. Әрине, алғашқы адамзат тілі мен сақтардың тілі бірдей деуге болмайды. Бірақ, сақтардың тілі сол алғашқы сөздер арқылы дамығаны сөзсіз. Сондықтан, мәселені ең алғашқы табиғи дыбыстарға еліктеуден шыққан сөздерден (түбір сөздерден) бастасақ ешқандай артықшылығы жоқ.

Негізі «Сақ» сөзі мен «Сарқ» сөзі генетикалық туыс сөздер. «Сақ-сақ», «Сарқ-сарқ» табиғи дыбыстар, бір тектес сөздер. «Сарқ» дыбысынан кейін келе Р дыбысы түсіп қалып «Сақ» сөзі туындай беруі де мүмкін. «Сақ-сақ» дыбыстары да өз алдына табиғатта бар дыбыстар. Сондықтан, біз «Сақ» сөзін алып, соны талдап көреміз.

Алғашқы адамдардың ең алғашқы қаруы тас болғандығы баршамызға мәлім. Сол таспен олар аң аулаған, жауынан қорғанған. Тасты атып жібергенде табиғи «Сақ еткен» дыбыс шығаратындығы белгілі. Осы дыбысқа еліктеген алғашқы адамдар (үнемі, әрі жиі қайталанатын дыбыс болғандықтан) «Сақ» деген дыбысты қайталап айтуға үйренген. Содан барып, бірте-бірте сөз ретінде қолдана бастаған. Бұл сөздің ең алғашқы қарадүрсін мағынасы «сақ етті» болғандығы сөзсіз. «Сақ» сөзімен қатар қаншама алғашқы сөздердің қалыптасқандығын ой жүйеміз арқылы ұғынуға болады.

Космостан келетін құдіретті күштердің әсер етуі, адамдардың қоғамдасып, бірлесіп, бір-біріне көмектесіп аң аулауы, яғни еңбек етуі, гоминидтердің өздерінің инстинктік дәрежедегі сана нышандарының іске қосылып, бірте-бірте дамуы, адамдардың эволюциялық даму заңдарына сәйкес сыртқы ортаға бейімделуі, табиғи сұрыпталуы, өмір сүру үшін күресуі, топтасып, қоғамдасып өмір сүрген алғашқы адамдардың еңбек үстінде бір-бірімен хабарласып, тілдесу қажеттілігі, ең соңында адам миында сөз орталығы қалыптасуы, сөйтіп, адамда ми арқылы (тілдің пайда болуына байланысты) ойлау қабілетінің қалыптасуы – осының барлығы біртұтас құдірет екендігін, біз – болмыс құдіретінің бір кішкентай бөлшегі – адам баласы мойындауымыз керек.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне жүгінсек «Сақ» сөзі түркі сөзі, оның ішінде қазақ сөзіде екендігін мойындаймыз. Әрине, дыбысқа еліктеуден шыққан сөз болғандықтан мұндай алғашқы сөздер басқа да халықтарда болғаны хақ. Бұл процесті барлық халықтардың бастан кешіргені анық.

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» бойынша «сақ етті» дегеніміз «дәл тиді» деген де мағынаны білдіреді. Расында ата-бабаларымыз аңды, жауын таспен атқанда сақ еткізген болса, көздегеніне дәл тигізгені ғой. Осылай сақ сөзінің мағынасы кеңи берген. Мәселен, аулап жүрген аңына дәл тигізу үшін (сақ еткізу үшін) олар аңға білдірмей жақындап келуі керек, ол үшін епті қимылдауы керек, өте қырағы, көзі көреген сақ болуы керек. Бұл мағыналардың барлығы аталған сөздіктегі келтірілген «сақ» сөзінің мағыналары болып табылады. Осыдан барып «сақ» сөзінің мағынасы кеңи түсіп, адамдардың өзіне қолданыла бастаған.

Яғни, таспен атып, көздеп атқан аңына, жауына сақ еткізіп дәл тигізетін адамдарды қырағы, епті, көреген, күшті, сақ адамдар деген мағынада түсінетін болған. Қазақтар жағдайы болмағанда «сағым сынды» деп жатады. Осы сөз тіркесіндегі «сақ» хакас тілінде (сағ) күш дегенді білдіреді. Сонда, «сақ» сөзінің күшті деген де мағынасы бар екендігін байқаймыз. Бұл мағына тасты алысқа атып, дәл тигізуі үшін адамның күшті болуы керектігінен туындағаны көрініп тұр.

Ата-бабаларымыздың өз-өздерін немесе көршілес жүрген туыс рулардың атауы бойынша мақтаныш ат «Сақ» деген есімге ие болған. Сөйтіп, Сақ этнонимі қалай пайда болғандығын түсінуге мүмкіншілік туды. Әрине, бұл процесс ұзақ уақытты керек етті. Алғашқы саналы адамдардан басталып, Сақ этносы қалыптасқанда аяқталды деуге болады. Бұл жерде Сақ этнонимі сырттан қойылған атау емес, ата жұрттағы тектес, туыс, ру-тайпалардың өз-өздеріне қойған мақтаныш есім екендігін басын ашып, нақтылап қойғанымыз жөн. «Сақ» сөзі түркі тілдерін, оның ішінде қазақ тілін қалыптастыруда үлкен қызмет атқарған. Сөзіміз дәлелді болуы үшін тілдік материалдарға жүгініп отырамыз. Қазақ тілінде «құрсақ» деген сөз бар. Мағынасы; қарын, іш, бала орналасқан іш қуысы, жатыр дегенді білдіреді. Бұл сөздің алғашқы мағынасы; қарны аш, іші бос, тамақ ішпеген, құр қол сақ (сақ еткізетін, мерген, жауынгер, аңшы) дегенді білдірген болуы тиісті. Қазақта құр кеуде(қуыс кеуде), құр көкрек, құр қол, құр басы, құр өзі деген сөз тіркестері бар. Аңнан олжасыз оралған, қарны аш адамды осылай құр сақ деген болуы керек. Бірте-бірте құрсақ сөзі қарын, іш, жатыр деген мағыналарға ауысқан.

Бұл сөз қазақ тілінде «белдік» оралған деген де мағына береді. Құр сөзінің «бос» дегеннен басқа оралған деген де мағынасы бар. Киіз үйдің басқұры, тұзақ құру, құрсау (бір нәрсемен белін байлау), осының бәрі дөңгелентіп орау болса, олардың іші, ортасы бос, қуыс дегенді білдіреді. Сонда, құрсау (о бастағы тұлғасы құрсағ, қ, ғ дыбыстары у-ға өзгеріп кетіп тұр) сөзі белдік деген мағынаны білдіреді. Алғашқы мағынасы белін орап алған сақ дегенді білдірсе керек. Кейін келе тілдің дамуына сәйкес бұл сөзден құрса, құрсану етістіктері пайда болған.

Қазақтың көне «Қорамсақ» сөзін алайық. Қорам – көлем, аумақ, жиын мағыналарын білдірсе, сақ – оқ, жебе, яғни дәл тиетіндер, сақ ететіндер деген мағынаны білдіріп тұр. Сонда, қорамсақ сөзі оқтардың, жебелердің (сақ ететіндердің) жиыны деген мағынаны білдіреді. Ал, «сақпан» дегеніміз тас ататын қазақтың көне қол қаруы. Бұл құралмен ата-бабаларымыз аң аулаған, жаудан қорғанған және мал (қой) қайырған.Төл бағушыны қазақтардың сақпаншы (сақманшы) деп атауы осыдан. Сақпан сөзінің де «сақ» және «пан» сөздерінен туындап тұрғаны көрініп тұр. «Пан» сөзі де алғашқы дыбысқа еліктеуден, яғни «паңқ» сөзінен туындаған сөз екендігін алда талдайтын боламыз. Қазақта «он саққа жүгіртті», «сан-саққа жүгіртті» деген сөз тіркестері бар.

Сақтар дәуірінде пайда болған сөз тіркестерінің алғашқы мағынасы тура қазіргідей болмаған. Логикаға жүгінетін болсақ, ертеде аң аулаудан немесе жаугершіліктен түскен бір сақтың олжасын басқа бір сақ пайдалану үшін, не әдейі ойнап тығып қояды да «ана сақта», «мына сақта» деп олжа иесін жүгіртіп қоятын болғанға ұқсайды. Әрине, басқа да оқиғаға негізделген болуы мүмкін. Бірақ, ұзын-ырғасы біз келтіріп отырған оқиғаға ұқсас болуға тиісті. Осыдан барып «он саққа жүгіртті», «әр саққа жүгіртті», «сан саққа жүгіртті» деген сөз тіркестері қалыптасса керек. Бұл жерде он саны негізсіз қатысып тұрған жоқ. Бізге тарихтан белгілі, жасақтардың ең кіші бөлігі, әсіресе түркі халықтарында, он адамнан тұрған. Бұны түсіну үшін «он басы» деген лауазымның болғанын еске түсірсек жеткілікті. Осы келтірген сөз тіркестерінің өзі-ақ ата-бабаларымыздың өздерін «сақ» деп атағандығын дәлелдеп тұр.

Қазақ тілінде «Сақа» деген сөз бар. Көп асықтың ішіндегі ірісін, ойынға бас болатын, атқанда осымен атып дәл тигізетін, яғни асықтардың басшысы, көсемі деуге болатын түрін «Сақа» деп аталады. Бұл сөз «сақа айғыр», «сақа жігіт» деген сөз тіркестері арқылы жылқыға және ер адамдарға қолданылады. «Сақа жігіт» деп қазақта ысылған, көпті көрген, тәсілқой, бір топ адамдарға басшы, көсем бола алатын жігіт ағасын айтады. Бұған қарағанда ата-бабаларымыз ертеде басшыларын, көсемдерін «Сақа» деп атаған болуға тиісті. Ирандықтардың сақтарды «Сақа» деп және якуттықтардың өздерін «Саха» деп атауларының мәнісі осында жатса керек. Қазақстан териториясында өмір сүрген Қарлұқ тайпалары жасы үлкендерді «Сағун» деп, ал түркілер бақсы-балгерлерін «ата сағун» деп атаған. Бұл сөздердің «Сақ» және «он» сөздерінен пайда болып тұрғанын түсінуге болады (алдымызда «он» сөзін талдағанда мәселені түсіну арта түседі).

Ертедегі шумерлердің тілінен ғалымдар көптеген түркі сөздерін тауып жүр. Бұл ғылыми фактыдан ешкім қашып құтыла алмайтыны анық. Олай болса, шумер этносын құрағандардың ішінде түркілердің ата тілінде сөйлегендер (сақтар немесе олармен туыс этностар) болғандығын мойындауға тура келеді. Шумер тілінде «Саг» сөзі бас, басшы деген мағынаны білдіреді. Бұл түркілердің «сағун», «ата сағун» сөздерінің дыбысталуы мен мағынасына сәйкес келіп тұр. Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты сөздігінде «Сағ» сөзі ақыл, зейін (аңға сақ – 11 – еткізіп тигізу үшін ақылды, зейінді болу керектігінен туындаған мағына), тапқырлық, сезімталдық (бұл да сақ еткізіп тигізгенде тапқырлықтың, сезімталдықтың керектігінен барып туындаған мағына) және оң (оң қолмен сақ еткізіп тигізу мүмкіншілігінің көптігінен туындаған мағына), деген мағыналарды білдіретіндігі көрсетілген.

Тағы да шумерлер бір құдайын «Нұқур-саг» деп атаған екен. Бұл келтірілген дәлелдерімізге қарағанда «Сақ» сөзі құдіретті сөз­ге айналғандықтан басшы-көсемдерді, бақсы-балгерлерді, құдайды және адамның ең мықты құдіретті мүшесі басты, ақылды­лықты, тапқырлықты, күштілікті бейнелеген.

Парсы халқы жабайы итті, не бөріні «Сек» (жаңа парсы тілінде) деп атайды екен. Ал, Ахменид заманындағы парсылар сақтарды «Сака» деп атағаны белгілі. Тарихтан белгілі парсылар мен сақтар бір-бірімен жауласып өткен халықтар. Жауласқан ел болғандықтан жек көргендіктен бе, әлде қайсарлығына, жанкештілігіне, үнемі жортуылда жүрген көшпелігіне құрметпен қарағандықтан ба, әйтеуір сақтардың көшпелі өмір сүру жағдайын түсінгендіктен, олардың бөрі сияқты үнемі жортуылда екендігіне қарап, сақтардың атына, яғни «сақ» сөзіне парсылар «жабайы ит, немесе бөрі» деген мағына берген. Біздің қазақтың сығандарға «қаңғыбас, үйсіз-күйсіз» деген мағына бергені сияқты. Өйткені, қазақтар үйсіз-күйсіз қаңғыбас адамдарға «сыған» болып кеттің бе деп жатады. Яғни, «Сақ» атауын парсылар бермеген. Олар тек ғана Ахменид заманының өзінде «Сака» сөзіне қосымша «жабайы ит немесе бөрі» деген мағына берген. Кейін келе жаңа парсы тілінде (әрине тілдің өзгеруіне, дамуына байланысты) «Сака» сөзі «Сек» сөзіне өзгерген. Ал, «жабайы ит немесе бөрі» деген мағынасы сақталған. Осетиндердің сөз құрамындағы «бұғы» деген мағына білдіретін «саг» сөзі осы айтылғандарға ұқсас жағдайда пайда болғандығын ұғынуға болады. Осетин халқын құруға ат салысқан скиф-алан тайпалары кезінде Орал тауынан оңтүстікке қарай Қазақстан территориясында, яғни ата жұртта өмір сүрген.

Сол кездегі сақтардың бір бөлігі солтүстікте бұғы шаруашылығымен айналысқан болуға тиісті. Содан барып аландар немесе скифтер бұғыны «Саг» деп атаған болуы керек. Немесе, құдіретті сөзге айналған «Сақ» сөзі арқылы скиф-аландардың ата-бабалары өздері қасиет тұтатын малы (немесе аңы) бұғыны атайтын болған, яғни олар «сақ» сөзіне қосымша бұғы деген мағына берген. Сөйтіп, бұл сөзді, бұғы деген мағынаға ие «саг» сөзін Осетияға скифтер немесе аландар алып келген. Сондықтан да, кейбір ғалымдардың «Сақ» этнонимін осетиндердің бұғы деген мағына беретін «Саг» сөзінен туындатқысы келетіндігі ешқандай нәтиже берген жоқ.

Этностардың (халықтардың, тайпалардың) атаулары сол халықтың (тайпаның) әдет-ғұрпына, тіршілігіне, өнеріне, ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі мағыналарға ие болатындығына көптеген мысал келтіруге болады. Басқа да тіршілік иелерінің аттарынан да қосымша, ауыспалы мағыналар табылып жатады. Мысалы, Варсаг тайпасының қылышын варсаг деп, сол тайпаға тән өлең ұйқасын варсагы деп атаса, Байат тайпасының өлеңін байат деп, түрік халқының өлең әуенін түрку деп атаған.

Өзіміздің халқымыздың күнделікті пайдаланатын арбасын қазақ (қазақы) арба, ерін қазақ (қазақы) ер деп атайтынын мен өз басым бала кезімнен естіп келемін. Қазіргі татар, башқұрт, чуваш жерлерінде ертеде «Еділ Бұлғариясы» деген мемлекет, ел болған. Олар мал терісінен өте сапалы бұйымдар шығарып, жан-жаққа саудалаған. Содан барып біздің ата-бабаларымыз былғары деген атауды сол бұлғар этносының атауынан алған. Кесіртке тектес Хамелеон деген тіршілік иесі бар. Олардың жердің, өсімдіктің түсіне байланысты түсін өзгерте беретін қасиеті бар екенін білеміз. Осыған сәйкес біз жағдайға байланысты өзгеріп отыратын, айтқан сөзінде, уәжінде тұрмайтын адамдарды хамелеон деп атаймыз. Яғни, хамелеон атауына (сөзіне) қосымша алдауыш, тұрақсыз деген мағына береміз.

Сонымен, ата-бабаларымыз табиғаттағы дыбыстарға еліктеу арқылы сөз тудырып, сол сөздердің көпшілігін құдіретті сөз дәрежесіне жеткізіп (алғашқы кезде солай болған), әр түрлі мағына беріп отырған. Сондықтан да, әр сөздің бір мағынаға ие болуында жеке-жеке тарих бар деуге болады. Мысалы, гректер скиф деген атауға көшпелілер деген мағына берген. Бұл мағынаның скифтердің көшіп жүруіне байланысты пайда болғандығы көрініп тұр. Тағы сол гректер скиф атауына қосымша беліне көзе ілген адам деген мағына берген.

Енді біз қазақ тіліндегі материал арқылы «Сақ» сөзінің дыбысталуы мен мағынасының өзгеру динамикасын қарастырып көрейік (лексика-семантикалық тәсіл). Тіл ғылымында мұны сөздің фонетикалық варианттары дейді. Біз оны сөздің өзгеру динамикасы деп атадық. Бұл жерде, әрине, осылай деп атауымыздың ғылыми дәлдігі мен дұрыстығына қарап жатқан жоқпыз. Бізге қолданып отырған тәсіліміз қолайлы, ыңғайлы болғандықтан ғана осылай атап отыр­мыз.

Қазақ тіліндегі «Сақ» сөзінің өзгеру динамикасының қысқаша түрі:

Сақ – Сай – Сау

Соқ – Сой – Соу

Сық – Сый – Сыу (су)

Сек – Сей – Сеу

Сұқ – Сұй – Сұу

Шақ (шоқ, шық, шүк, шұқ, шік, шек, т.б.)

Жақ – жай – жау.

Өзгеру динамикасына «сақ» сөзінің басқа дыбысталу түрлері; чақ, чық, чік, сүк, сук, сөк сияқты басқаларын енгізгеніміз жоқ. Кейбіреулері қазақ тілінен басқа түркі тілдерінде көбірек кезігуі мүмкін. Біз оның бәрін қамти қойған жоқпыз. Осы да жетер деп ұйғардық.

Тіл бір орында тұрмайтыны белгілі. Үнемі өзгеруде, дамуда болады. Алғашқы сөздер өте қысқа, бір буынды болғандығын ғалымдар мойындайды. Бұл жерде айта кетуіміз керек; алғашқы сөздер табиғаттағы дыбыстарға еліктеуден шыққандықтан дауыссыз дыбыстары қатқыл болған. Мысалы, «саг», «сағ» емес «сақ» болған. Бастапқыда грамматикалық тәсілдің болмағандығы тағы белгілі. Солай болғанның өзінде сол алғашқы сөздер грамматикалық тәсілдің, әр тілдің сөздік қорын, заңдылықтарын қалыптастыруға негіз болғандығы сөзсіз. Сондықтан, алғашқы сөздерді анықтау және олардың қай тілдің қалыптасуына қандай дәрежеде қызмет еткендігін білу – өте маңызды мәселе. Біз келтіріп отырған «сақ» сөзінің өзгеру динамикасы қазақ тіліне тән құбылыстар екендігіне талдай келе көзіміз жетеді.

Ғалым ТӨТЕЙҰЛЫ.

(Жалғасы бар).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button