Әлем ғалымдары Талдыға келеді
Өңірімізге Қазақстанның түпкір-түпкірінен және басқа мемлекеттерден тарихшы ғалымдар мен археологтар және мұражай ісінің мамандары, рестовраторлар келе жатыр. Олар 12 маусым күні өтетін «Талды – 2026: Қола дәуірінен Орта ғасырларға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қоспақ. Өткеніміздің жаңа парақтарын ашуға ықпал ететін маңызды конференция көне өркениеттердің ізі сайрfаған Талды аңғарында ұйымдастырылады. Анығырақ айтқанда, Қазақстандағы қола дәуірінің бірегей ескерткіштерінің бірі Қаражартас пирамидасы орналасқан жерде. Алаңда ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау мәселелері жан-жақты талқыланады.

Конференцияға Венгрия, Германия, Түркия, Ресей және Татарстаннан келген халықаралық сарапшылар қатысады деп жоспарланған. Ғалымдар қола дәуірінен бастап Алтын Орда кезеңіне дейінгі даму эволюциясын, археологиялық зерттеулердің заманауи әдістерін, сондай-ақ көне ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру және музейлендірудің өзекті мәселелерін басты назарға алмақ.
Бағдарлама бойынша археологиялық зерттеулердің заманауи әдістемелеріне арналған халықаралық семинар-тренинг, Талды тарихи-археологиялық паркінің нысандарына ғылыми экскурсияларды және жұмыс істеп тұрған қазба алаңдарында практикалық шеберлік сабақтары өтеді. Сонымен қатар, қонақтарға археологиялық жәдігерлер көрмесін ұсынады. Көрмеде Талды тарихи-археологиялық паркінің аумағындағы қазба жұмыстары кезінде табылған құнды артефактілер көрсетіледі. Олардың қатарында сақ дәуіріне тән қазан мен қанжар, тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар және ежелгі көшпенділер өркениетінің болмысын айғақтайтын өзге де бірегей тарихи жәдігерлер бар.
Қолөнер шеберлері де өз туындыларын көрмеге қояды. Этно-мәдени ұжымдар өнер көрсетеді.
Конференциядан кейін Талды археологиялық кешені туралы деректі фильм түсіріледі. Тарихқа қызығатын аудиторияға арналған танымдық подкасттар сериясы әзірленеді.
Талды тарихи-археологиялық паркінде қола және ерте темір дәуіріне жататын 200-ге жуық археологиялық ескерткіш бар.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



