Бас тақырып

«Қарасора – 2026» операциясы барысында 543 түп қарасора тәркіленді

Қарағанды облысында «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз өсірілген ірі қарасора алқабы жойылды.

Сурет polisia.kz

Заңсыз есірткі өсімдіктерін өсіру фактісін Шахтинск қаласының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері анықтады. Жедел іс-шара барысында полицейлер Қарағанды қаласының шет аймағындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен арнайы жабдықталған қарасора плантациясын тапқан.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 39 жастағы үй иесі тыйым салынған өсімдіктерді жүйелі түрде өсіріп, күтіп-баптап келген. Тінту кезінде оның ауласынан 543 түп қарасора, ал гаражынан өткен жылғы өнімнен қалған 54 түп кептірілген марихуана тәркіленді. Сонымен қатар есірткі заттарын пайдалануға арналған арнайы құралдар да анықталды.

Алдын ала деректерге қарағанда, күдікті қарасораны ұзақ уақыт бойы өсіріп келген. Алайда ұсталған кезде ол өсімдіктерді жеке пайдалану мақсатында өсіргенін айтқан.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Құқық қорғау органдары заңсыз өсірілген есірткі өсімдіктерінің таралу арналары мен күдіктінің өзге құқық бұзушылықтарға қатысының бар-жоғын анықтап жатыр.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button