РУХАНИ СІЛКІНІС САНАДАН БАСТАЛАДЫ

Қазақтың ұлттық құндылықтарын ешкім жоя алған жоқ, жоя алмайды да. Олардың иесі – қазақ. Жойылып кеткен жоқ. Өкініштісі, ұлттың көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, халық қамын кең көлемде ойлай алатын, халықаралық дәрежедегі ұлт көсемдері, патшаның тұсында қуғындалып, Кеңестің тұсында атылып кетті. Бұлардың тірі жүргенінің өзі, әсіресе Кеңес үкіметі үшін, атом бомбасынан кем емес еді. Алайда, қазақ та, оның ұлттық құндылықтары да өмір сүріп келеді. Бірақ, қалай? Кеңес кезінде көптеген ұлттық құндылығымызды, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ата-бабаларымызды «ескінің қалдығы» деді. Егеменді ел болғаннан бері ұлтжанды азаматтар ұлттық құндылығымызды қалпына келтіруге ниеттеніп еді. Бірақ, «нарықтық қатынас, әлемдік қауымдастыққа кірігу» деген сылтаумен ұлттық құндылыққа көңіл онша бөлінбей қалды.

Ет, сүт, қымыз, шұбат тағамдарынан алынатын әртүрлі өнімдерге, киіз үйге шетелдіктер патент алып жүр дегенді естиміз. Қазақтың ою-өрнектері шетел киімдерінің сәні ретінде пайдаланып жүр дегенді де естіп жатырмыз. Ойлап қарасаң, шетелдіктер өздерінің ұлттық құндылықтарын біздің есебімізден толықтырып жатқанға ұқсайды. Күндердің күнінде осы құндылықтарымыз солардың меншігіне өтіп кетпей ме? Құндылықтарымызды қалай да олай сақтауымыз, дамытуымыз керек. Әлихан Бөкейханов: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген. Егер, ұлттық құндылығымызды сақтай алмасақ жаһандануға жұтылып кетеміз. Жаһандануға жұтылып кетпей, Президентіміздің алдыға қойған мақсаты «Мәңгілік Ел» болып қалу үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қорғай білуіміз керек. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы саяси жаңғырудан кем түспейтін, тіпті, маңызы жағынан солардың кейбір тұстарынан жоғары тұратын дайын бағдарлы құжат деп есептеймін.

Елбасы еліміздің бәсекелесе отырып, дамыған 30 елдің қатарына қосылу кезіндегі рухани байлығымыздың үлесін көбейту, «Туған жер» бағдарламасын жасап, туған ел ұғымына айналдыру мәселесін, киелі жерлердің атласын жасау сияқты ұлттық модернизацияға серпін беретін менің ойымша «елім», «жерім» деп жүрген ұлтжанды азаматтардың көкейінде жүрген біраз мәселелерді дөп басты. Бұл мақала халықтың рухын көтеруге бағытталған. Рухани жаңғыру жаңа белеске бастайды

Сананы селт еткізетін бұл мақаладағы соңғы сөйлем: «өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».

Ұлттық сананы сілкіндіріп, шаңын қағып, күнге шығарып, тазартып, әлемге бойымыздағы құндылықтарымызды көрсетуге тырысайық дегім келеді.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.