Саранда да дәстүрлі «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының қалалық кезеңі аяқталып, осындағы Мәдениет үйінде соның қорытындысында ортадан озған отбасыларды марапаттау рәсімі өтті.
Бұл байқаудың қалалық кезеңіне қатысуға тілек білдіріп, өтініш түсірген қаншама отбасылардың арасынан қалалық әкімдік комиссиясының шешімімен жетеуі озық деп танылған екен. Соның ішінде, 4 отбасы түрлі аталымда жүлдегер атанып, 3 отбасы арнайы тағайындалған орындарды бөлісті.
Атап айтқанда, аталымдары бойынша «Өнегелі отбасы» – Жетпісовтер, «Білімді отбасы» – Оспановтар, «Бақытты отбасы» – Даниловтар және «Жарасымды отбасы» Манашевтар деп танылды.
Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықты қаладағы «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық Аналар кеңесінің мүшесі Нұржамал Кернебаева және Саран қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Людмила Ваймер табыстады.
Ал, III орын иесі Константиновтар отбасы арнайы диплом мен 100 мың теңгенің сертификатын Саран қаласының Құрметті азаматы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Тоқышеваның қолынан алды.
Екінші орын биігінен көрінген Мұхамедкәрімдер отбасына тиісті дипломы мен 150 мың теңгенің сертификатын қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Абыроев тапсырды.
Ал, бірінші орын бұйырған байқау жеңімпазы Кенішқалиевтер отбасының дипломы мен 200 мың теңгенің сертификатын Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев табыс етті.
Осы қалалық кезең жүлдегерлерінің ішінен Мұхамедкәрім мен Кенішқалиев отбасылары «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының алда болатын облыстық кезеңіне қатысуға жолдаманы жеңіп алды.
Негізі, елімізде жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл ұлттық байқау қоғамымыздағы үлгілі және өнегелі отбасыларды дәріптеп, отбасылық құндылықтарды насихаттап, терең орнықтыруға бағытталғаны белгілі. Міне, сондықтан да, осы жолғы байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы Кенішқалиевтер отбасының отағасы Мадияр Бейімбетұлын сөзге тартқанымда, ол:
– Отбасыммен бұл байқауға алғаш қатысып, бірінші орын алып, енді облыстық кезеңде бақ сынайтынымызға қуаныштымыз. Біз басымыз жас болса да, көпбалалы отбасы қатарындамыз. Өзім «Қазақмыс» корпорациясында өндіріс шебері болсам, жұбайым Дина қаланың Абай орта мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Екеуміз 4 бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Олардың үлкені Мәдина биыл 9-сыныпты бітіріп, анасының жолымен Саран гуманитарлық-техникалық колледжіне оқуға түсті. Одан кейінгі Жасмин мен Сәниямыз 5-сыныпқа көшсе, ең кішіміз Диар – 3 жаста, – деген еді.
Ортадан озған сарандық отбасыларға көрсетілген құрмет бір бұл ғана емес. Марапаттау рәсімі кезінде Қали Байжанов атындағы облыстық филармонияның әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Серікова, «Мерей» триосы, скрипкашы Людмила Пропищан, жергілікті өнерпаздар Кристина Ракша мен Геннадий Ефименко оларға әннен шашу шашып, сазды әуен сыйлады.
Ержан ИМАШ,
САРАН
Ortalyq.kz