Қарағандылық Айзере Төлеу Дельфий ойындарының алтын медалін жеңіп алды
Қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық аренада асқақтатып жүрген қарағандылық жас талант Айзере Төлеу ел мерейін үстем етті.

Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің XVII жастар Дельфий ойындарында Қарағанды облысының жас өнерпазы жоғары нәтиже көрсеттті.

Мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 12-сынып оқушысы, халық аспаптары бөлімінің дәстүрлі ән орындаушысы Айзере Төлеу 14-17 жас санатында «Жеке халық әнін орындау» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, алтын медаль иегері атанды.

Бұл жеңіс – жас өнерпаздың таланты мен табанды еңбегінің, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі мен ұстаздарының кәсіби қолдауының жемісі.
Ұстаздарының айтуынша, Айзеренің осындай беделді халықаралық додада топ жаруы — қазақтың дәстүрлі ән өнерінің өміршеңдігін байқатты. Сондай-ақ мұрамыздың жас ұрпақтың орындауында жаңғырып, әлемдік деңгейде лайықты бағаланып келе жатқанын көрсететін қуанышты жетістік ретінде танылды.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



