Жаңалықтар

Биологиялық белсенді қоспалар туралы нені білу қажет

Бүгінде биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) тұтыну нарығында кеңінен ұсынылған. Оларды дәріханалардан, мамандандырылған дүкендерден және интернет арқылы сатып алуға болады. Алайда әрбір тұтынушы мұндай өнімдерге қандай талаптар қойылатынын, олардың қауіпсіздігін қалай тексеруге болатынын және сатушылар өздеріне қандай жауапкершілік алатындарын біле бермейді.

Сурет ЖИ

Биологиялық белсенді қоспалар — құрамында дәрумендер, макро- және микроэлементтер, сондай-ақ басқа да биологиялық белсенді компоненттері бар өсімдік, жануар немесе минерал тектес заттар. ББҚ дәрілік заттарға жатпайды, бұл туралы оның қаптамасында көрсетіледі. Дегенмен, бұл оларды бақылаусыз қолдануға болады дегенді білдірмейді. Кейбір қоспалардың құрамында жанама әсерлер тудыратын және денсаулыққа кері ықпал ететін компоненттер болуы мүмкін. Сондықтан өнімді таңдау кезінде оның құрамына, өндірушісіне және қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуына назар аудару қажет.

Қазақстанда ББҚ-ны сатуға мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Сатушылар тұтынушылардың және уәкілетті органдардың талап етуі бойынша өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттарды, сондай-ақ қоспа мен оны өндіруші туралы шынайы ақпаратты ұсынуға міндетті. Бөлшек саудада өткізуге белгіленген талаптарға сәйкес келетін дәріханаларда, дәріхана пункттерінде, мамандандырылған дүкендерде және сауда желілерінде ғана рұқсат етіледі.

Мемлекеттік тіркеуден өтпеген, жарамдылық мерзімі өткен, заттаңбасы жоқ немесе сақтау шарттары бұзылған қоспаларды сатуға болмайды. Қазақ және орыс тілдеріндегі таңбалауда өнімнің құрамы, мақсаты, қолдану тәсілі, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс. Егер ББҚ айналымы кезінде оның қауіпті қасиеттерге ие болғаны анықталса, өнім сатылымнан алынып, сараптамаға жіберіледі. Сараптама нәтижелері бойынша өнім кәдеге жаратылады немесе жойылады.

Заңнамада мемлекеттік тіркеуден өтпеген ББҚ-ны жарнамалауға, сондай-ақ оларды бірегей, ең қауіпсіз немесе ең тиімді өнім ретінде көрсетуге тыйым салынады. Жарнама шынайы болып, адамдарды жаңылыстырмауы тиіс.

Санитариялық – эпидемиологиялық қызмет ұйымға бармай-ақ, жарнамаға қатысты профилактикалық бақылау жүргізеді. Мамандар теле- және радиотаратылымдарды, баспа басылымдарын, интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді және сыртқы жарнамаларды талдайды. Мұндай бақылау айына екі реттен жиі жүргізілмейді.

Бұзушылық анықталған жағдайда субъектке оны жою туралы ұсыным бұзушылық анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Егер ұсыным орындалмаса, субъектіге бару арқылы профилактикалық бақылау тағайындалып, ол жартыжылдық тізімге енгізіледі. Материалдар жарнаманы бұғаттау мәселесін қарау үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады. Құқық бұзушылар тиісті тізімге енгізіледі. Егер бұзушылықтар жарты жыл ішінде екі реттен артық қайталанса, субъектіні сәйкес келмейтін өнімдер тізіліміне енгізу мәселесі қаралады.

ББҚ өндіру, өткізу және жарнамалау кезінде белгіленген талаптарды сақтау, сондай-ақ тұтынушылардың өнімді таңдауға жауапкершілікпен қарауы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарттары болып табылады.

                                                   Санжар  ИРИСТАЕВ
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button