Орта ғасырдан сыр шерткен көрме

Қазақ жері кенге де, тарихқа та толы қасиетті, қастерлі мекен. Тасында тарихы сөйлеп тұр. Алайда, біз тарихты бес саусағымыздай білеміз деп айта алмаймыз. Әлі де жарыққа шықпай, тарих айналымына түспей жатқан дүниелерге сан жетпейді. Әсіресе, орта ғасырдағы тарихи оқиғалар әлі толық зерттеліп біте қоймаған. Бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында» иран, парсы тілінде жазылған орта ғасырдағы құнды қолжазбалар сақтаулы. Тарих айналымына түспеген құнды жәдігерлердің бір парасын облыстық тарихиөлкетану музейіне қойып, қала тұрғындарына ұсынды.

Бүгінгі таңда аталмыш орталықта 11 мыңнан астам құнды кітап сақтаулы. Орта ғасырдан бастап 1945 жылға дейінгі еңбектер. Мұндағы ең көне дүниелер – ХІ ғасырдағы жазбалар. Бұл қатарда Түркі, Қарахан кезеңінен бастап, Алаш тарихына, Қазақ хандығына қатысты құнды деректер бар. Еңбектердің басым бөлігі түпнұсқадан көшірілген.

– Көрмені ұйымдастыру арқылы мемлекет, ұлт тарихын зерттеуде және оны ғылыми айналымға түсуіне жазба еңбектердің маңыздылығын аңғаруға болады. Жазба деректер әр ұлттың, елдің, жердің тарихынан мәдениеті мен рухани өмірінен мол мәлімет беретін құнды мұра. Рухани байлық. Ал, бүгінгі көрменің мақсаты келешек ұрпақтың санасына сіңіру. Әр адам өз тарихын білуі тиіс. Сондықтан, аталмыш көрменің көрерменге, жастарға беретіні көп. Орта ғасырдағы тың деректерді әкеп таныстыру тарих сүйер қауым үшін үлкен рухани жаңғыру, – деді ҚарУдың тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков.

16 ғасырда Иран тілінде жазылған құнды дүниелердің бірі – Кази Ахмад Гафаридің «Тарих Джахан ара» еңбегі. Мұнда Алтын Орданың хандары, оның ішінде Ерден, Мүбарак, Орыс, Барақ хандар жайлы кеңінен жазылған. Беріде Қасым мен Хақназар ханның шежіресіне тоқталған. Алтын Орда кезеңінен Қазақ хандығына дейін қамтылғанкітаптың түпнұсқасы Иран елінде сақтаулы. Бүгінгі таңда тарих мамандары зерттеп, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруда. Аталмыш еңбектің қазақша, орысша аудармасы жоқ. Қолжазбалар орталығы Иран елшілігімен тығыз қарым-қатынаста. Бұдан басқа да құнды жазбаларды сұратып, жарыққа шығармақ. XVI ғасырдағы Меирхонд Хондемирдің «Хабиб-ус-сияр» атты еңбегінде Қасым хан мен Әмір темірдің ұрпағы Хұсайын Байқараның арасындағы қарым-қатынасы жайлы жазылған. Нақты қазақ хандығына қатысты жері осы дүниеде баяндалады. Бұдан бөлек, Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме Бухара» атты еңбегінде Қазақстан атауы нақты «Қазақстан» деп көрсетілген. Яғни, Қазақстан атауы XVI ғасырдан бастап қолданысқа енгені – осыған дәлел.

– Көрмеге орта ғасырлық жазба деректердегі «Қазақ мемлекеті» атты көрмені қоса алып келдік. Мұнда Қазақ хандығының алғашқы шекарасы, қазақ хандарының шежіресі мен билік жүргізген жылдары, кезеңдері және сыртқы, ішкі саясаты, қазақ хандары жайлы тың деректер бар. Сонымен қатар, бұл кітаптарға қосымша ретінде орта ғасырлардағы алғашқы қазақ мемлекетінің сызба карталары және бар. Бұның бәрі XVI ғасырда Иран тілінде жазылған дүниелер. Себебі, Қазақ хандығын билеген Қасым хан Иранда билік жүргізген Сефевидтер әулетінен шыққан шах Исмайлмен соғысады. Сонда Иран еншілері Қазақ жеріне келіп ел жайлы жазған екен. Қасым хан Ираннан келген елшілерді арнайы 1200 қолбасшымен тосып алған. Сонда қолбасшылар үшке бөлініп, алтын, күміс және пілдің сүйегінен жасалған орындықта отырғаны жазылған. Ал, қолбасшылардың дәл ортасында Шыңғыс ханның алтын тәжін киіп, алтын тақта Қасым хан отыр делінген. Сол алтын тақтың төрт бұрышында арыстан, жолбарыс, айдаһар мен қыран құстың бастары тұр деп жазылған. Бұл XVI ғасырда парсы, иран тілінде жазылған «Алам ара-и Сефеви» еңбегінде көрсетілген, – деді орталықтың ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің сарапшысы Мұхамадияр Анкабаев.

Жалпы, аталмыш орталықтың жұмысы мұндай кітаптарды оқып, зерттеп, көпшілікке жеткізу ғана емес, көне кітаптарды қалпына келтіретін «реставрация және кансервация» бөлімі жұмыс істейді. Көнерген, тозған кітаптарды қайта өңдеп, жарыққа шығарады. Аталмыш көрмеге реставрациядан кейінгі бірнеше жұмыс әкелінген. Бүгінгі таңда қалыпқа келген кітаптар ғалымдарға тапсырылып, зерттеу жұмыстары басталып кеткен көрінеді. Мәселен, Тауарих-и Гузида-йи Нусратнаменің жазбасы көне қазақ тіліндегі еңбектердің бірі. Түпнұсқасы Британияда сақтаулы. Сол жақтан көшірмесін алдырып, қайта өңдеуден өткізіпті. XV ғасырда жазылған кітаптың ішінде сурет пен минатюраларды көруге болады.

– 2018 жылдан бастап орталықта реставрация жұмысы ашылған. Содан бері 100 шақты қолжазба мен сирек кітап қалпына келтірілді. Әрине, бұл жұмыс оңай емес. Асықпай, тиянақтылық әрі ептілікті қажет етеді. Әр кітаптың парағымен мұқият жұмыс істеу қажет. Бір кітапты немесе қолжазбаны реставрациялау үшін кемі 2 ай уақыт кетеді. Осыдан бір ай бұрын Семейде болған едік. Әлихан Бөкейханның бастамасымен шыққан Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын өзімізбен ала келіп, реставрация жұмысын бастап кеттік. Ол кітап төте жазумен қазақ тілінде жазылған, – деді «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» мекемесінің басшысы Айнұр Жарахметова.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.