Ой салған туындылар
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында қалалық №1 балалар көркемөнер мектебінің түлектері «Түлек – 2022» шығармашылық жобасын қорғады. Жоба аясында жас суретшілер туындыларына арналған көрме ұйымдастырылды. Шара соңында жоба қорғаған түлектерге аттестат табысталды.
Балалардың жұмыстары түрлі техника мен түрлі стильде орындалған. Көптеген жұмыстар мен картиналарда қазақ халқының және еліміздегі этностардың құндылықтарын танытатын бейнелер салынған. Оқушылардың бейнелеген суреттері патриотизм рухын, туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілікті оятты. Түлектер кең аудиторияда көпшіліктің алдында өз жұмыстарын қорғады. Экспозицияда ұсынған қорытынды жұмыстар – құрылым, мүсін пәндері бойынша топтастырылды.
– Мектеп, ең алдымен, баланың шығармашылық бастамасын жетілдіруге, эмоционалды және эстетикалық қарым-қатынас жасауына, шығармашылық тұрғыдан ойлауына мүмкіндік береді. Түлектерінің шығармашылық жобасын қорғау шарасы бір мезгілде педагогтер мен оқушылардың емтиханы болып саналса, мектептің оқу қызметінің нәтижесі бойынша есеп беру көрмесі болды. Кейінгі жылдар экспозициясын салыстырғанда оқушылар мен педагогтердің жұмысынан өскендік, толысқандық байқалады, – дейді өнер мектебінің директоры Дина Кеңесбаева.
Барлығы да өздігінше бір ерекше көріністе бейнеленген туындылар. Сондай-ақ, арасында көзге оттай басылатын, жаныңа жақын тартатын картиналар да болды. Соның бірі – педагог А.Кирченко жетекшілігіндегі Ислам Қадырбектің «Көшіп жүру» атты қазаққа тән көне кезеңнің көрінісі. Тарих қойнауынан келе жатқан ұлтымызға тән ерекшелік – көшпелілік.
– Жерұйықты іздеген ата-бабаларымыздың көшпелі ғұмырын әр қазақ баласы танып-білгені абзал. Өздеріңіз көріп тұрғандай картинада қазақ ханы, қолбасшыларының бастауымен елдің сабыла көшкен керуен көші бейнеленді. Картинада жасыл жайлау, тау бөктері, қазақ жерінің ұлан-байтақ даласы да бар, керуен көшке ілескен қазақ халқының табиғатына етене жақын төрт түлік те бейнеленген. Көшпелі халқымыздың көрінісін дәл осылай көрсеткім келді, – дейді жас суретші Ислам Қадырбек.
Ал, ұстаз Дина Кеңесбаеваның жетекшілігіндегі жас түлек Милана Маркованың гуашпен салған «Таңды көру» картинасы барлық туындылардың мазмұны іспеттес.
– Суретшінің таңы дәл осы картинадағыдай атады. Шабыттың шырқау шегі қай тұсқа дөп келетінін білмейсің. Кейде күндіз, кейде түнімен отырып жаңа шедевр дүниеге әкелуің мүмкін. Қаншама қағаздар мен бояулардың ортасында отырып, қалай таң атқанын байқамай қалатын кездер де болды, – дейді Милана Маркова.
Әр баланың туындысында мұғалімнің басшылық шеберлігі, кәсіби қолдауы шығармашыл тұлғаның қалыптасуына үлкен әсер еткені сезіледі.
Түлектердің қолынан шыққан туындыларды 26 маусымға дейін облыстық бейнелеу өнері мұражайында тамашалауға болады.
Балғын ҰЗАҚБАЙ,
ҚарУ-дың ІІ курс студенті.