Көрме

Таспадағы тарих

Біз тарихты – құнды қолжазбалардан, жәдігерлерден іздейміз. Себебі, тарих бізге тек осы жолмен ғана жетті. Ал, тарихты кейінгі ұрпаққа жеткізу – бізге аманат. ХІ ғасыр – техниканың дамыған, мүмкіндіктің артқан дәуірі. Осы дәуірдің бояуларын қолындағы аппаратымен тарихқа таспалап жүрген фотограф Валерий ПЕТУХОВТЫ Қарағанды аймағы жақсы біледі. Өңірдің даму кезеңдеріндегі әр сәтін Валерий ЕВСТАФЬЕВИЧТІҢ туындыларынан көруге болады. Алайда, талай жыл өңірде жемісті еңбек еткенімен, туындыларын Арқа жұртының назарына ұсынбапты. Жуырда облыстық бейнелеу өнері музейінде алғаш рет атты жеке көрмесін өткізді. Көрмеге сонау жылдардағы қала көрінісінен бастап, түрлі бағыттағы 40-тан астам туындысы қойылды. Ашылу рәсіміне Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов пен Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының басшысы Жәнібек Садықанов қатысып, бірге жұмыс істеген жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, үзеңгілес достары, әріптестері жылы лебізін білдірді.

Біз ертеден таныспыз. Бұл кісінің еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Қарағанды тарихының әр кезеңін таспаға түсіріп, тарих қоржынына қалдырды. Кешегі тарихтың фотонұсқасы – осы кісінің қолымен жасалды десем, артық айтқаным емес. Оның шеберлігінде мін жоқ. Әр көріністі жүрекпен түсіреді, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Валерий Евстафьевич еңбек жолын Қызылорда облыстық газетінде бастайды. Сол уақытта жас жігіттің қабілетін ТАС-ҚазТАГ фотохроникасының басшылары байқап, оған Қарағанды және Жезқазған облысы бойынша фототілші лауазымын ұсынады. Міне, содан бастап жас фотожурналист өлкенің өнеркәсібін, мәдени және әлеуметтік өмірін таспаға түсіріп келеді.

Жылдар өте «Қазақстан Магниткасына» сапарларының бірінде Қарметкомбинат партком хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, сапарлас болған. Содан кейін 1992 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевпен Германия, Франция, Үндістан мен Пәкістан сапарына жалғыз фотожурналист болып барады.

Бүгінде Валерий Евстафьевич 30-дан астам кітап пен фотоальбомның авторы. Сонымен қатар, көптеген халықаралық фотокөрмеге қатысып, туындыларын әлем назарына ұсынған. Көп жылдарғы еңбегі үшін бірнеше мерейтойлық медальмен, төс белгімен марапатталған.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button