Облыс аумағында өрт қаупі жоғары маусымға дайындық күшейтілді
Облыс аумағында өрт қаупі жоғары маусымға дайындық күшейтілді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында орман және дала өрттерінің алдын алу, төтенше жағдайлардың тәуекелін төмендету және жедел әрекет ету жүйесінің дайындығы жан-жақты қаралды. Жиында мемлекеттік орман қорын қорғау, өртке қарсы инфрақұрылымды нығайту, рейдтік жұмыстарды күшейту және «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру барысы талқыланып, жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырма жүктелді.

Орман қауіпсіздігі – бақылауда
Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев орман қорындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәлімдеуінше, өрт қаупі жоғары кезеңде облыстың мемлекеттік орман қорын сақтау және тілсіз жаудың алдын алу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Сонымен қатар, орман өрттерін сөндіру кезінде басқарма мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өзара іс-қимыл алгоритмі мақұлданып, бірлескен әрекет ету тәртібі нақтыланған.
Аймақтағы орман алқаптарын қорғау бағытында «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қарқаралы авиациялық бөлімшесімен бірлескен жұмыс та жалғасуда. Соның нәтижесінде 2025 жылы Қу орман шаруашылығын әуеден қорғау мәселесі толық шешімін тапқан.
Аппарат жиынында өрттің алдын алу шарасының бірі ретінде минералданған жолақтарды күтіп-ұстау жұмыстарының барысы да айтылды. Биыл облыс бойынша жалпы ұзындығы 4856 шақырым минералданған жолақты күтіп ұстау жоспарланыпты. Оның 3923 шақырымы Қарағанды орман шаруашылығына, 202 шақырымы Ақтоғай орман шаруашылығы, ал, 731 шақырымы Қу орман шаруашылығы мекемесіне тиесілі. Қазір оның 180 шақырымы нақты орындалған.
Жиында өткен жылғы өрт оқиғаларының статистикасы да назарға ұсынылды. 2025 жылы ведомствоға қарасты орман мекемелерінің аумағында жалпы көлемі 4,97 гектарды қамтыған 4 орман өрті тіркелсе, оның ішінде, орманды алқап көлемі 3,77 гектар болған. Ал, 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік орман қорында бірде-бір орман өрті тіркелмеген.
– Орман мекемелерінде қызметкерлердің кәсіби даярлығын күшейту мен қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында техникалық минимум сабақтары өткізілді. Бұдан бөлек, орман заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алу үшін мекеме қызметкерлері 130 рейд ұйымдастырып, тұрғындар арасында 385 түсіндіру жұмысын жүргізді. Өрт қауіпсіздігі тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарында 10 мақала жарияланып, орман алқаптарына 132 аншлаг орнатылды, – дейді Бахтияр Жұматайұлы.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған азаматтарға қатысты бақылау да күшейтілген. Қазіргі уақытта орман ішінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға қатысты 7 әкімшілік хаттама толтырылған. Жалпы көлемі 259,5 мың теңге айыппұл салынса, оның 43,2 мың теңгесі өндірілген.
Табиғи өрттердің алдын алу жұмыстары жалғасуда
Аппарат жиынында өрт қауіпті кезеңге дайындық мәселесі бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиында келтірілген мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта облыс аумағында 3 орман өрті және құрғақ шөптің жануына байланысты 12 жағдай тіркелген. Табиғи өрттермен күресу үшін төтенше жағдайлар департаментінің 60 техникасы, 571 қызметкері және 1 тікұшағы тұрақты әзірлікте тұр. Сонымен қатар өрт қаупі күшейген кезеңде әскери бөлімдердің күшімен үш орман шаруашылығында механикаландырылған күзет бекеттері қойылады.
Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, департаменттің командалық орталығында жедел штаб тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Өрт жағдайын бақылау және орман шаруашылықтарындағы ахуалды талдау үшін бейнебақылау жүйелері мен ғарыштық мониторинг мүмкіндіктері пайдаланылуда. Сондай-ақ, өрттің таралу бағытын болжау және барлау жұмыстарын жүргізу үшін 10 дрон жұмылдырылған.
Өңірдегі орман алқаптары мен демалыс орындарында мобильді топтар тұрақты түрде рейдтер жүргізуде. Тексеру барысында от жағу, құрғақ шөп өртеу және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу деректері анықталған. Нәтижесінде 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 1,6 миллион теңге айыппұл салынған.
Жиында елді мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Бүгінде облыстағы 148 елді мекенді қорғау мақсатында 66 өртке қарсы пост жұмыс істеп тұр. Ал табиғи өрттерге жедел әрекет ету тетіктерін іс жүзінде пысықтау үшін алдағы уақытта «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өткізілмек.
Сонымен қатар ауылдық аумақтардың қауіпсіздігін арттыру бағытында әкімдікпен бірлесіп «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында биыл 18 жаңа өртке қарсы бекет ашу және 14 бекетті жаңғырту жоспарланған. Өз кезегінде төтенше жағдайлар департаменті бұл бекеттерге 17 техника беруге дайын екенін мәлімдеді.
Дерекке сүйенсек, өртке қарсы бекеттердің тиімділігі жыл сайын артып келеді. Орта есеппен мұндай бекеттер жылына 43 шақыртуға шығады. Соңғы бес жыл ішінде олар 503 өртті сөндіруге қатысқан.
Марғұлан Аманбаев өрт қаупі жоғары кезеңнің қауіпсіз өтуі департаменттің ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы, өрт қауіпті кезеңде барлық жауапты мекемелер үйлесімді әрі жедел әрекет етуі қажеттігін және ең алдымен тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, рейдтік іс-шараларды жандандыру маңызды екенін баса айтты.
– Табиғи өрттердің алдын алу және оларға дер кезінде ден қою үшін барлық күштер мен құралдардың тұрақты дайындығы қамтамасыз етілуі тиіс. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар 2026 жылғы өрт маусымының қауіпті кезеңінен өту жоспары аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруы қажет. Аудан әкімдері «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде өрт сөндіру бекеттерін құру жұмыстарын күшейтуі керек. Біз өрт маусымының қауіпті кезеңінен ұйымшылдықпен өтіп, тиісті шараларды дер кезінде атқара отырып, ірі табиғи апаттардың алдын алуымыз қажет. Осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар хаттамаға енгізілсін, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



