Қоршаған орта

(Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100 сандарында)

Алланың адамзатқа жіберген қарғысы
Казақстанға СПИД-тің келіп ойран салғанына 20 жылдан асып барады. Оның от ауызды ордасы қадам аттасақ жетіп баратын Теміртауда жатыр. Ең өкініштісі осы.
Таяуда «Литературная газетада» орыс­тың аузы дуалы бір адамы «Орыс әдебиеті – секс емес – махаббат!» деп жазып еді. Ойланатын сөз.
Казақ әдебиеті де – Махаббат еді: «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу», «Мұңлық – Зарлық», «Еңлік-Кебек». Сол қазақтың үмбеті бүгін көзін ашса нені көреді – Батыстың секс-фильмдері! Нені оқиды – порнографиялық әдебиет!
Спид

– Алланың адамзатқа жіберген қарғысы! Бұл – махаббатты талақ еткен пенде, оны ақшаға сатқан жезөкше өмір сүруге тиіс емес – шіріп өледі деген сөз! «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті» деген Абай. «Махаббатсыз дүние – дос, хайуанға оны қосыңдар» деген тағы да сол – Алаштың ұлы азаматы. Дүниеде Махаббат сезімі сарқылып, хайуандық сезім есе ала бастады. Алла сол кезде адасқан адамзат нәсіліне СПИД дертін жіберді. Азған ұрпақ өлім жазасына кесілді! Ендігі шыбын жанды бір мәрте қолданысқа түсетін шприцтер де, осы заманғы медицинаның асқан бір кереметі де алып қала алмайды: Адамзатты аман алып қалатын – Адамның Адамға деген Махаббаты ғана! Шекспирді, Пушкинді, Абайды, Мағжан мен Мұқағалиды қайта-қайта оқитын кезең келді. Бәрінің айтатыны осы. Осы ғана…

Сәкеннің бір ауыз сөзі
«Қазақ тілі кеңсенің тіліне айналмай, іс оңбайды!» дегенді Сәкен Сейфуллин алғаш совет өкіметі орнаған кезде-ақ айт­қан. Егемен ел болсақ та ана тіліміз әлі өз елінде өгей бала кейпінде. Неге? Қазақ тілі – кеңсе тіліне, ұлттық мектеп, институт, университеттер мен банк-финанс, экономикалық қарым-қатынас тіліне айналмай, Мемлекеттік Тіл боп, мерейлене алмайды!
Мәселе әлі Сәкеннің баяғыда айтқан бір ауыз сөзіне тіреліп тұр!

«Баймұқан көшіп келсе де…»
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам!
Мамырдың 24-ші жұлдызында дүние жүзінің отыз алты елінен келген қалың қазақ Астанадағы IV-ші Құрылтайда бір-бірімен қуана қауышты. «Отан қорғаушыларының манументіне» гүл шоқтарын қойғаннан кейін, Тәуелсіздік сарайында Елбасының лебізін ұйып тындап, қазақ халқының ХХІ – жаһандану ғасырындағы тағдыр-таланы қаһында терең ойға батты. Қандастарымыздың тарихи Отаны Қазақстанға, оның Бірінші Президентіне деген шынайы ілтипат-құрметі осы Құрылтайда көзге айқұлақтана көрінді!
Ең бастысы елі – азат, жері – кең, көгі – ашық. Таққа таласып, іргесі шайқалған ел аз ба?! Қазақстан ғаламдық өркениеттің өріне тұяқ іліктіріп, көштен қалмай келеді. ОБСЕ-нің тізгінің ұстап, халықаралық беделге ие болған. Енді ислам елдері конференциясының жетекшісі болайын деп жатыр. Хан – тағында, бұл-бұл – бағында, жылын – інінде, қыран – көгінде, ұлан – бабында. Бұдан артық не керек?!
Әлемге тарыдай шашылған қандастарын атамекеніне жинап жатқан үш-ақ ел бар: Алмания, Израиль, Қазақстан. Көші-қонның қызығы мен шыжығын көзімен көргендердің бірі һәм бірегейі Уақап Қадырханұлы Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдары: «Түптің түбінде түгел жинап аламын!» деген сөзін өз құлағымен естіген адам.
– Рас, – дейді ол – біз бір-ақ шөкім халықпыз. Бірақ, мінсіз Алла мұғжизаларын мемлекеттердің мәртебесіне, халықтың санына, патшалардың пәрменіне қарап жасамаған. Мұхаммедті (с.ғ.с.) пайғамбар еткенде Арабия әлемінің артында қалған, тұңғиық түкпір болатын. Сол қуыстағы құлына Құран түсіріп, жаһанға жарық шашқан. Адамзаттың жаңа өркениеті сол жерден басталған. Ендеше, саяси әлем сан-саққа жүгіріп, сипатын аша алмай, пәтуасын әліге дейін тап баса алмай жүрген бұл шараны Жаратқанның өзі біздің Елбасымыз арқылы жер бетіне жіберген мұғжизасы – шарапаты десек керек. Менің осы жасқа келгенше көкірегіме ұялаған аталы сөз: «Жылағанды – жұбат. Жығылғанды – деме. Адасқанды – ізде. Айырысқанды – табыстыр. Сазды құрап – жер ет, Азды құрап – ел ет!»
Иісі қазақ Уақап ағаның осы ойының төңірегіне топтасса, оған толағай ырыс келейін деп тұр.
Төрткүл дүниедегі қазақтың күллі игі жақсысы – осында. «Соңғы көштің» авторы Қабдеш Жұмаділов, Алматыдан Оралды қазақтандырам деп аттанған адуынды ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева…
«Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Жұматай Шаштайұлы Қасым тойының дайындығын қайта-қайта сұрайды. Қасымға қаршадайынан ғашық болған. Әлі – ғашық!
– «Қасым» журналы шыққалы жатыр деп естіп едім…
– Сен де ақылдастар алқасының бір мүшесісің-дейміз біз де сүйінші сұрап.
– Қасым туралы бір материалым бар. «Қазақ әдебиетіне» де қимай сақтап жүргем…
– Бізге жібересің бе?
– Бара сала жіберем.
Осы жасымда Қасымды егіле, елжірей сүйген екі адамды көрдім. Біреуі – Нұрмұқан Оразбеков, екіншісі – осы.
Академик Серік Қирабаев ағамыз мені тоқтатып алып, Қасым һақында ұзақ ой толғады.
– «Қазақ әдебиетіндегі» мақаланы оқыдың ба?
– Оқыдым, аға, Қасым жырларын цензура қалай быт-шыт қылған?!
– Заман солай болды. Енді сол қатені қайта басылымда жөндеу керек. Әйтпесе, келер ұрпақ Қасымның қарымын аңғара алмай қалады ғой.

Ағамызды қайта-қайта құшақтап, рахметімізді айтып жатырмыз. Қасымның өзі болмаса да, көзі ғой бұл кісі.

Құрылтай той емес – ордалы ой болуға тиіс. Бүгінде қазақ үш жүзге ғана емес, – 300-ге бөлініп бара жатқандай. «Уа, Қаракесек!» десең, орнынан атып тұрады да, «Қазақ!» десең отыра беретіне несі?! Діліміз – лас, дініміз – быт-шыт! Бір үйде төрт жан болса, біреуі – христиан, біреуі – уақап, біреуі – зікірші, біреуі – кришнайт! Бір шайды төртеуі біріне-бірі теріс қарап отырып ішеді! Орыс тілді қазақ, қазақ тілді қазақ болып бөлініп барады…Ұлттың басын қалай қосамыз?! Мәселе – осында. Әшейінде қазағым деп қақсайтын зиялы қауым өкілдерінің бірде-біреуі мінбеге шығып, ұлттың көкейкесті мәселесін көтере алмады! Жазушы Сұмағұл Елубай ғана қандастарымыздан бір кезде тірідей айырылып едік, енді өлідей айырыламыз ба деген сауалды алдымызға тартты. Революция мен репрессияларда шетелдерге тырқырай қашып, мерт болған бауырларымыз қаншама? Солардың тұяқтары енді ата дәстүр, ана тілін ұмытып, өктем елдердің табанына жаншылған. Ассимиляцияланып барады…

Төрткүл дүниеге тарап кеткен жойыт жұрты Інжілге адалдығымен есін жиып, ел болып, өркениет өріне шықты. Екінші дүние жүзілік соғыстан соң Израиль мемлекеті ірге көтергенде бұлардың тілі де, түрі де ала-құла еді. Ана тілін Інжілден алып, бүгінде абыройы асқан ел болды. Бізге не көрінді?! Қазақта әлемнің бірде-бір елінде жоқ ұлы эпос бар емес пе еді?! Ұлттық әдебиет бар емес пе еді?!
«Арыстандай айбатты, күшті, Алаш мемлекетін» (Жәркен Бөдешұлы) құру үшін қандай қам-қаракет жасауымыз керек?!Қазақ Ренессансы қашан басталады?! Құрылтайда Россия Федерациясының еңбек сіңірген мұғалімі, осындағы Қаракөл қазақ орта мектебінің директоры Нұрғайша Баринованың сөзі елге ерекше әсер етті. Ресейде екі-ақ қазақ мектебі бар екен. Қазақстан жүзден астам жұрттың тілін тапты.

Ұлыорыстық шовинизм басқа елдердің ұлтшылдығын туғызып жүрмей ме? Ойланатын-ақ мәселе.

Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Уалихан Қалижан оралмандардың туған еліне келіп, олжа салғанын тебірене тілге тиек етті. Қазақстанға келген бір миллионға жуық оралманның 4 пайызы ғана зейнеткер екен. Олардың арасында 50-ден астам ғылым докторы, екі жарым мыңнан астамы ғылым кандитаттары, академиктер де бар. Олар қазақтың тіл байлығын, мәдениетін, қолөнерін сақтап, дамытып келе жатыр. Сондықтан «оралмандар елге олжа салмады» деу, мүлде, үстірт көзқарас.
Еуропа қазақтарының да елге деген ілтипат-құрметі ерекше. Абдулқаюм Кесижи осындағы қазақ қоғамдары федерация­сының төрағасы, ірі саясаттанушы. Үш қыз өсіріп отыр екен. Тұңғышы Мюньхенде саясаттану саласынан жоғарғы білім алған. Қазір Швециядағы бір институтта жұмыс істеп жүр.

– Сол баламның Қазақстанға келіп, қазақша – орысша оқып, тіл сындырып қайтсам деген ойы бар-дейді ол.

Демограф Мақаш Тәтімовтің ойы да күннен күнге тереңдеп барады.  Бүгінде жер бетінде 15 млн-нан астам қазақ бар. Олардың 5 млн-нан астамы Қазақстаннан сырт жерлерде тұрады. Қазақ халқының сырт елдердегі осыншама мол шашырындысы туысқан қырғыз халқынан біршама көп, ал түркімендермен бірдей, башқұрттардан үш еседей көп екен. Олардың ең көбі Өзбекстанда – 1,5 млн. адам. Ресейдегі 2002 жылғы санақ бойынша бұл елде 1,2 млн. қазақ мекендейді. Қытайда 2005 жылғы жүргізілген санақ бойынша қазақтар соңғы он жылда 15 пайызға өсіп, 1 млн. 413900 адамды құраған. Бұл ретте Қытайдан 1998 жылдан бері Қазақстанға 100 мыңдай адам көшіп келгенін де айта кеткен жөн. Сондай-ақ, біздің есептеуіміз бойынша соңғы жылдары Қарақалпақстандағы қазақтардың үштен бірі, Түркіменстандағылардың жартысына жуығы, ал Тәжікстандағылардың басым көпшілігі өздері шыққан атамекені – Қазақстанға қайтқан. 2020-2030 жылдары қазақтың «етек-жеңі» біршама жиналып қалады.

Құрылтай қонақтары ару Астананың көрнекті жерлерін аралап, «Атамекен» кешенінде «Этноауылдың» тұсауын кесті. Ұлттық спорт, қол өнер көрмесін тамашалап, халықаралық жыр мүшәйрасы мен шетелден келген қазақ өнерпаздардың концертінде ән мен күйге тербелді.

Биылғы Құрылтай қонақтарының дені жастар екен. Үрімшінің оңтүстік аймағынан келген Жеңіс Ырысқан «Құмыл алқабы» әдеби журналының бас редакторы. Әлімжан атты бауырымыз Бейжіңнің этникалық баспасының қожайыны. Алтай деген жігіт орта мектепте әдебиет пәнінен сабақ береді. Бәрі де бойына қазақ әдебиеті мен мәдениетінің інжу-маржанын сіңіріп алған жастар.

– Бізде Мұрал Тоқтар деген талантты ақын бар. Евгений Евтушенко мен сізді өзіне пір тұтады-дейді Жеңіс Ырысқан. – Сіздің «Анти-Поэзия» атты эссеңіз біздің «Құмыл алқабы» журналында араб әліпбиімен жарияланды. Оқырман жылы қабылдап жатыр.

Қырық жылдай қасымда жүрген Айқын Несіпбай досым:

– Секе, сіздің қадіріңізді білмейді екеміз-ау? – дейді мені жаңа көргендей – Есімің Евтушенкомен қатар аталып тұр ғой?!

Араб әліпбиімен шығатын қазақ поэзиясы анталогиясының сайты олардың көзіне әлі түсе қоймаған екен. Ұлт десе ішкен асын жерге қоятын журналист Жарлығап Бейсенбай ағамыз Қытайдағы қазақ жырына сусап отырған ағайындарға осындай тосын сый жасаған. Сонда менің «ХХ-шы ғасырдың жиырма сәті» атты жырымның да бар екенін айтқанымда олар қуанып кеті.

– Дүниеде қазақ жырындай ғажап жыр бар ма екен?! – дейді Бейжіңдегі баспагер бауырым. – Келісіміңізді берсеңіз, кітабыңызды Қытайда шығарып берер едім.

Өз кітабын, өз қаржысымен әзер шығарып, өз еліне тарата алмай жүрген бізге бұдан артық сый-құрмет бола ма?! «Төбемнен жауһар жауып тұр»-дың төрт данасын Қытайдан келген төрт қонаққа қолма-қол сыйлап жібердім!

– Қолтаңбаңызды өлеңмен жазыңызшы! – дейді Алтай аймағынан келген Ару Гүлден.
«Алтайдан келген Ару Гүлден деген,
Бұл жақтан сендей қызды бір көрмеп
ем,
Гүлдендей қызды көріп, көктемдегі,
Гүлдердей көкірегімде түрленді өлең.

Алтайдан келген Ару Гүлден деген
Елеңдеп қалдым неге бір демде мен:
Көз алдым – қалың қытай,
Елесің жүр, –
Ернінен еркек сүйіп үлгермеген…”

Осының бәрін сүйсіне тамашалап тұрған Тұмағам
– Сұлу қызды көргенде, сұлу өлең де туа салады! – деп, мәз-мейрам болды.
…Моңғолиядан келген Аманжол Ақын Гүлденді көріп, сол күні көз ілмей шықты
«– Байгөкше көшіп келсе де,
Баймұқан көшіп келсе де,
Баянөлгей көшіп келмеді!» – деп жыр толғаған заманымыздың шерлі ақыны, алпысыншы жылдары Хантәңірін асып, Қытайдан қашып келген Жәркен Бөдешұлы да сол түні ұйықтай алмай шыққан. Ата-бабасының моласы – Қытайда. Мұнда туған-туысы жоқ. Бізден басқа…Қазақтан басқа!
Қазақтың қазақтан басқа жанашыры жоқ! Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ! Қиырдағы бауырластың басы бір жерге қосылып, өрелі ел, өркениетті жұртқа айналатын күн де алыс емес. Жақын қалды… «Ақсарбас!» дейік ендеше.

(Жалғасы бар)

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.