Ақтоғай

Орманшы

Менің ойымша адам мен табиғат әу бастан бір-біріне етене жақын, үндес болған. Сондықтан болар, жұртшылық арасында өзімізді де табиғаттың төлі ретінде санайтын қағида бар. Тіпті, орман, дала, өзен-су, аң-құс адамзаттың меншігі деп есептеледі. Табиғатты мейлінше ет жүрегімізбен сүйе алмасақ, оны өз қолымызбен құртып та жіберер едік. Бар мейірімімізді табиғат анаға бере алсақ, қатыгездік,зұлымдық атаулыдан әлдеқашан арылар едік, – деп бастады әңгімесін орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ақтоғай шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман күтуші-қорықшысы Қабен Күлмағанбетұлы Смағұлов,

Мен осы Сарытерек өңірінде туып өстім. Әр тасы, әр бұтасы қымбат. Даланы аңсап тұрамын, биік тауларға құмарта қараймын. Сондықтан, өзімді туғаннан осы киелі даламның қорықшысымын деп есептеуіме болады. Бар байлығымыз туып-өскен, кіндік қанымыз тамған қасиетті туған жер. Біз оның табиғи тап-таза, мөлдір күйінде сақталуына жанашыр болуымыз керек. Дала көркі жайқала өскен өсімдік, әдемі гүлдер, өзіңіз бір сәт жаз айында осы даланы аралап өтіңізші. Жусан иісі көкірегіңізді ашып, құмарлығыңызды арттыра түспей ме? Киелі даланың аң-құсына дейін өз тіршілігі, өз заңы, өз сәнімен өмір сүреді. Орманшы болғаннан бері осы көріністерді тіптен жаныма жақын тартып жүрмін, – дейді орманшы.

Кейіпкеріміз Қабен Күлмағанбетұлының жүрек тебіренісінде бір сыр бар-ау. Осы даланың перзенті, осы даладан бақытын тапты. Ата-анасының еркесі, серкесі болды. Жусан иісі аңқыған даласын мақтан етсе, оны жан тәнімен қорғай білсе, бұл да перзенттік парызы емес пе. Қабеннің орман күтуші- қорықшы болғанына онша көп бола қойған жоқ. Нақтылай айтсақ, үстіне орманшының киімін кигеніне бес жылдың жүзі болыпты. Бірақ, ол туғаннан өз даласының қорықшысы. Биыл ғұмыр кешкеніне 63 жыл толды. Алланың берген жасы. Бүкіл ғұмырын Тоқырауын бойында өткізсе, сөз жоқ, әуелден туған даласының жанашыры, қорғаушысы деуге толықтай қақымыз бар Қабенді.

Тоқырауын өзенінің жағасын аралап, орман-тоғайдың ішінде атпен серуендегеннің өзі бір ғанибет,– деп Қабен әңгімесін жалғастырды. – Менің бақылауыма қарайтын 1500 гектар жер бар. Оны өрттен қорғаймыз, өрт қауіпсіздігін сақтау бірінші кезекте. Санитарлық тазалау жүргіземіз. Өзеннің арнасын тазартамыз, орманға дезинфекция жасаймыз, жол бойына белгі орнатамыз. Рация бар, орман-тоғай, тау-тасты аралауға ат береді. Орманшының киімі тіптен жарасымды, оны көргеніңіз бар ма? – деп маған қарап қояды Қабен.

Сонда сіздің қарауыңызға қай төңі­рек кіреді?

Мына Жетімшоқының жоғары жағында Қарамойын деген жер бар. Ақтоғай ауылынан бері таман. Содан Ақтұмсыққа дейін қоримыз. Негізі, орман-тоғайды бақылауға түстен кейін шығамыз. Әсіресе, жаз айында бақылауды күшейтеміз. Күн ысиды. Адамдар суға түскісі келеді, дем алады табиғат аясында. Міне, осы кезде қырағылық қажет-ақ. Ал, егер де туған табиғатымызға нұқсан келтіріп, белгіленген тәртіпті бұзып жатса жергілікті учаскелік полицияға хабарлаймыз. Орман-тоғайға, Тоқырауынның сәмбі талына балта ұстағандарды жолатпаймыз, рұқсат жоқ.

Ертеде ауыл шаруашылығының қажетіне жас талды қиып, шарбақ тоқып, жөн- жосықсыз пайдалана бердік қой. Қазір ондай бар ма?

Шындығында сол кезде жас талды қынадай қырыппыз ғой. Қай шопан ауылына барсаң да қой қамайтын шарбағы осы Тоқырауынның талынан тоқылатын. Иә, қазір ондай әрекет жоқ. Мына өзеннің арнасына, тоғай ішіне тазалық жүргіземіз. Тұрғындарға қураған томарды, шіріген ағаштарды жинап алуға арнайы рұқсат береміз. Бір жағынан тазалық, екінші жағынан тұрғындардың қажетін ашамыз. Тоқырауынның талы жыл өткен сайын жақсы көтеріліп келеді. Шындық сол, кеңес кезіндегі шаруашылыққа арнап жазғұтырым және күзде – екі мезгіл тал қиятынбыз. Тура осы өңірдің өзінен 20 трактор-тіркеме тал қиямыз. Ал, трактордың бір тіркемесіне екі метр куб тал сияды. Тәубе, қазір, Тоқырауынның сәмбі талды орманы жапырағын кеңге жайды. Көбінесе өзен жағасында кездесетін атам қазақ айтқан ешкі тал ғой. Мұнымен ертеде тон бояитын, боялған тон әдемі, қып-қызыл күйінде тұратын.

Құстардың да тіршілігіне зор сүйіспеншілікпен қарайтын шығарсыз?

Әрине, аң-құс болмаса тау-дала, орман-тоғай жетімсіреп тұрар еді. Бұлар да табиғаттың төлі ғой, бір-бірін толықтырады. Көктемде құстар қайтқанда арнайы ұя жасаймыз. Талдың басына орнатамыз. Құс базары басталады. Тамаша көрініс, сүйсіне қарап тұрамын, жаның жадырап, жай табады. Бәлкім, адам мен табиғаттың үндестігі осы шығар. Құмырсқа илеуін қоршауға аламыз. Бұған тиісуге болмайды, киесі бар. Бұлақтың көзін ашамыз. Жырық деген жерде мөп-мөлдір бұлақ бар, суы тұщы. Атақты жазушы Ғабит Мүсірепов атамыз айтқандай шайнап ішетін тұщы су.

Даланың аң-құсы сиреп кеткен жоқ па?

Осыдан 20-25 жыл бұрын сирегені рас. Жөн-жосықсыз аң аулау, құс ату кездесті. Уақыт өте келе табиғат қорғауды қолға алдық қой. Бұл өңірде түлкі, қоян, қарсақ, қасқыр, күзен, борсық, арқар бар. Ал, бұлдырық, шіл, бұл өңірді тұрақты мекеніне айналдырған. Сондай-ақ, суық торғайдың бірнеше түрі кездеседі. Ал, үйрек, ала қазды жыл он екі ай ішінде яғни, қазаннан келесі маусымға дейін аулауға тыйым саламыз. Табиғатты қорғау жөніндегі ережеге сай, тиісті жерге бағана орнатамыз. Биыл қар қалың түсті. Әдеттегідей Тоқырауын ақ көбігін аспанға атып, тасуы мүмкін.

***

Орманшы Қабен Күлмағанбетұлы Ақ­тоғай ауданының Жетімшоқы ауылында тұрады. 1972 жылы орта мектепті бітірді. Сонау батыстағы Германияда әскери борышын өтеді. Шаруашылықта жүргізуші болып еңбек етті. Осы Жетімшоқыда трактор бригадасының бригадирі, ферма басқарушысы болды. Аға жұмыскер деген тәп-тәуір қызметті жиырма жылға тарта атқарыпты. Тәуелсіздік кезеңінде шаруа қожалығында еңбек етті. Ақтоғайда жол жөндеу мекемесі бар еді. Сонда еңбек етіпті. Әйтеуір, шаруашылықтың қай саласында болмасын өзінің қолтаңбасын қалдырып, қарапайым болмысымен ел құрметіне бөленіп келеді екен. Міне, қарапайымдылық… Мейлі, қандай мамандықтың иесі бол, туған ауылыңның көркеюіне тамшыдай болса да үлес қосып, өз ізіңді қалдырсаң, адам бақыты деген сол емес пе. Оның да басқалар сияқты үлкен қалаға кетуіне болар еді, бірақ туған жермен кіндігі байланған ғой.

Өмір жолы – сан тарау. Қабеннің әкесі Күлмағанбет Смағұлов бес жыл бойы соғыс өтінде жүрді. Мұз жастанды, от кешті, соғыстан кейін Күлмағанбет ақсақал халық шаруашылығын қалпына келтіруге айтарлықтай еңбек сіңірді. Ел басқарды, кейіннен Сарытерек селолық кеңесінде пошта меңгерушісі болды. Қабеннің анасы Айбала үй шаруасында, екеуі де Алланың берген жасын көрді. Пошта меңгерушісі болып отырған Күлмағанбет әкемізге қызмет бабымен ел аралап жүріп, сәлем бергеніміз де есімде қалыпты. Күлмағанбет ақсақалдың кіндігінен үш қыз, үш ұл өрбіп, өсті.

Ата-анамыздың берген тәрбиесі текке кеткен жоқ. Бойымызға ізгілік нұрын құйды. Сөйтіп, «адам ұрпағымен бақытты» деген қағиданы сабақты инедей жалғастырдық,- дейді Қабен сөз арасында. –Төрт бала тәрбиелеп, ер жеткіздік, оқыттық, немерелерім өсіп жатыр. Өмірлік жарым Роза үй шаруасында, зейнетте. Төрт түлік мал, құс өсіреміз, жазда бие сауамыз. Артылғанын сатамыз, әр үйдің жанында құдық бар, халықтың жағдайы жаман емес. Бар ырзық, береке малда ғой. Бұл да ата-бабамыздан қалған кәсіп емес пе. Малды төл есебінен өсіреміз. Жетімшоқыда он шақты түтін бар, бәрі де мал ұстайды.

***

Ақтоғай ауданының орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің директоры Қазбек Ғалиқановпен ертеден таныс едік. Оның да туған ауылы осы Жетімшоқы екен.

Басшының іскер болғаны жақсы ғой. Сонда шаруа ілгері жүреді. Мемлекеттің белгілеген жоспар-мұраты орындалады, халықтың тұрмысы жақсара түседі, жағдайы шешіледі. Басшымыз Қазбек інім ауған соғысының ардагері, өмір көрген. Ол да туған даласын шексіз сүйеді. Сондықтан, оны осы Ақтоғай өңірінің бас орман күтуші- қорықшысы деп атауға әбден болады, – дейді Қабен замандас сөз арасында.

***

Иә, туған даланың қорықшысы, таби­ғат жанашыры, Сарытеректің өз тумасы Қабен Күлмағанбетұлы жайында қысқаша айтпағымыз осы еді. Әне, ол қаракер атты ерттеп мінді де, Тоқырауынның төменгі ағысын бетке алды. Өзен жағалай отырып, Ақтұмсыққа дейін барып қайтпақ ойы бар. Жыл құстарының алды келе бастапты. Ауада көктем лебі бар.

Сөз жоқ, биыл Тоқырауын арнасынан аса тасиды. Өзен жағалай отырған елдің жағасы жайлау, ырызық берекесі мол болады, – деп іштей күбірледі.

Сөйтті де, қаракерге қамшы басты.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

АҚТОҒАЙ ауданы.

Суретте: орман күтуші-қорықшы

Қабен Смағұлов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button