АймақАқтоғай

Ақтоғайда зиялыларға зиярат жасалды

Жақында Ақтоғай өңіріне тағылымға толы танымдық сапар ұйымдастырылды. Алаш ардақтысы Әлімхан Ермековтің Қарағандыдағы зиратына зиярат етуден басталған сапарға ұйытқы болған – «Ақ жол» демократиялық партиясы.

Суретті түсірген автор

Алаштың үш арысының – Әлихан Бөкейханның, Әлихан Ермековтің, Жақып Ақбайдың мерейтойлық жылдары танымдық сапарға негіз болды.

Әлихан бабамыздың шырақшысы, ел шежіресін көкірегіне түйген Тұңғышбай Мұқаш мерейлі күнді тарих пен тағылымға толтырды. Сапар Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның қыстауынан басталды.

Бұл жер Әлекеңнің әкелері Рүстем менен Мырзатай төрелердің ата қоныс мекені болған. Осы Желтау тауының баурайына қарсы бетте Қарақұс деген жер бар. Сонда Рүстем төре қыстау салған. Оның ар жағында Қаражал деген жерге Мырзатай төре қоныстанған. Соның ортасындағы Жекежалға Нұрмұхамедке қыстау салып берген. Сонда Әлихан туған, – деп атап өтті Тұңғышбай Өміртайұлы.

Қайраткердің қасиетті мекеніне тағзым еткен жұрт баба рухына құрмет көрсетті. Одан әрі Әлихан бабамыздың әке-шешесі жерленген орынға барып, құран бағыштады.

Сапар барысында Желтаудағы Әлихан отырған, Ақсораң таулары анық көрінетін тарихи таққа аялдап, сонау тас, қола дәуірлерінің көне ескерткіштері саналатын балбал және таңбалы тастардың сырлы тарихымен танысты. Сонымен қатар, қазақ даласының айбынды батыры Сеңгірбай батырдың зиратына зиярат жасалып, рухына тағзым етілді.

Сеңгірбай баба әулие кісі болған. Қаракесектің інісі – Қараменде баба көшкен кезде жол бастап отырған. «Қанатты қара» атты тұлпарына отырып, Сеңгірбай баба көзге көрінбей ұшып кетеді дейді. Қарқаралы мен екі ортаға ат ет пісірімде барып жетеді екен. Әулие кісі сол жақта ел ішін аралап, емдеп жүрген кезінде ауырып, туысқандарына айтыпты: «Мен осы жерде өлемін. Мәйітімді ақ атаныма қомдап, түйенің басын босатып қоя беріңдер. Ақ атаным қай жерге барып шөгеді, сол жерге жерлеңдер», – деген екен. Содан Қарқаралыдан жіберген ақ атан тура осы төбенің үстіне келіп шөккен екен, – дейді өлкетанушы.

Рухани шараға елге белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты. Атап айтқанда, «Ақ жол» партиясы Ұлттық кеңесінің хатшысы Берік Сәлімжанұлы, партия төрағасының өңірлік жұмыс жөніндегі орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәрсенұлы, белгілі актер Әбунасыр Серіков, артист-солист Нұрсәт Алмасұлы, заң ғылымдарының кандидаты, кеден қызметінің полковнигі, ақын Алмас Садықов арнайы қатысып, тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, шараның ұйымдастырылуына «Ақ жол» партиясының жанындағы «Ақжол арулары» әйелдер қанаты мен Жастар қанаты белсенді атсалысып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға өз үлестерін қосты. Майра Төлеубегім ханым, Нұрғасыр Теміржан бастаған азаматтар рухани сапардың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болды.

Таңнан басталған танымдық сапар Ақтоғай аудандық музейінде аяқталды. Музейде ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның отырған арбасы сақталған. Аудан әкімдігі биыл «Алаш үйі» ғимараты ашылатынын атап өтті.

Сапар Сарыарқаның сайын даласына сыйған тарихты санаға дарытып «ұлтым» деп соққан жүректегі рухты көтеріп тастады.

Нұрасыл АМАНЖОЛ,
Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button