Ораза айты – туыстық пен тұтастықты қуаттайды

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ертең асыл дініміз Исламның бес діңгегінің бірі – рамазан айында күндіз ораза ұстап, кештерінде тарауих намазын оқып, Жаратқанға шүкірлік айтып пітір садақамызды беріп берекетке толы қасиетті күндерімізді де аяқтаймыз. Алла тағаланың рахымы мен мейіріміне, кешірімі мен шарапатына толы бұл аймен қоштасарда көңілде қимастық сезімі ұялайды. Өзіндік қайталанбас ерекшеліктерге толы ұлық айдың артынша Айт мерекесі де келіп, дүние мен ақыреттің құндылықтарын сездіріп, жан дүниемізді ерекше сезімге бөлейді. Мұсылманның бұл мерекесі бір айлық оразадан кейінгі жалпы халықтық ауыз ашары секілді. Алла елшісі (с.ғ.с.) хадистерінде айт мейрамында тағам жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, туған-туысты аралау осы күндердің әдебі екендігін білдірген. Ендеше айт күндерін құлшылығымызды кемітпестен, көтеріңкі көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізуіміз қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде жергілікті халықтың мейрамдап көңіл көтеріп жатқанын көріп: “Бұл қандай мереке?” деп сұрағанда, олардан: “Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз” деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): “Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары” деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Ораза айтында ата-ана мен қарияларға сәлем беріп батасын алу, сырқат кісілерді зиярат етіп көңілін сұрау да ізгілікті амалдарға жатады. Бұл күндері ренжісіп қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла тағала: “Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр” (“Ағраф” сүресі, 199-аят) деп адамзат баласын барынша кешірімді болуға үндеген. Сонымен қатар, осы мереке күнінде көңілі қаяу мұқтаж адамдар мен міскіндер айт күндерінде көбірек көмек-қолдауды қажет етеді. Сондықтан да, мұндай мұқтаж жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдерін көтеріп, мейірімділік пен жомарттық танытқан мақұл.

Әсіресе айт күндерін біздің халқымызда өзара туыстық қарым-қатынасты арттыру берік қағидаға айналған. Туыстық қарым-қатынас қазақта бір-біріне қол үшін беріп, көмек көрсету тұрғысында да өзінің кең пейіл бауырмалдығымен, дархандылығымен, жомарттығымен байқалады. Айт күндерінде қол алысып, төс түйістіріп амандасуымызда бауырмалдықтың ерекше үлгісі бар. Əрбір адамның рухани өмірінің байлығы оның ұлттық қадір-қасиетімен де өлшенеді. Адам өз ұлтының құндылықтарын, ережелерін меңгере отырып, ұлттық мəдениеттілікке көтеріледі. Əр адам өз ұлтының мəдениетін, басқа да діни құндылықтарын неғұрлым тереңірек білсе, соғұрлым ұлттық сана- сезімі жоғары деңгейде болады. Осы орайда Отанды құрайтын отбасының бірлігін ең бірінші орынға қойсақ, абзал дініміз бен дәстүрімізге тамыр тартсақ, ел үшін атқарған алғашқы жақсылығымыз сол болар еді. Ғұмырдың ұзақ болуы туыстық қарым-қатынастың жақсы болғандығынан екен. Қазақ халқы әлімсақтан дастарқанын жимаған, ырыздық несібесін аяққа теппеген халық. Осының бәрін Әнес ибн Мәліктен жеткен риуаятта Алланың сүйікті елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім ырызық-несібесінің молаюын немесе ғұмырының ұзақ болуын қаласа, туыстық байланысын жалғасын», – деп біздерге тура жол ұсынған. Ата-бабаларымыз «Ай көрмесең туысың жат, жыл көрмесең жолдасың жат» немесе «ағайынның азары болса да, безері болмас», – деген ұлағатты, ғибратты сөздер қалдырған.

Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлесін. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін мол етіп, береке мен ынтымағымызды арттырып, қуатты елге айналуымызды нәсіп етсін.

Қабылбек Жұмабеков,

Қарағанды қалалық №1-мешітінің бас имамы

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.