«Қоғам сот төрелігіне белсене араласуы қажет»
Алқабилер алқасы – сот процесінің ажырамас бөлігі. Сот залындағы айыпталушының тағдырына тікелей әсер етеді және әділ шешім қабылдануына ықпал жасайды. Сонымен қатар, бұл жүйе халықаралық стандартқа сай. Судья соларға сөзсіз құлақ асады. Заң шеңберінен аттаған азаматтың келешегіне барынша гумманистік көзқараспен қарайды. Қазақстанда алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар 2010 жылы құрылған. Оған дейін сот өзі реттеп келген. Қазір алқабилердің мәртебесі қандай, жүктелген міндеттер көбейді ме, жоқ әлде кеміді ме? Осы сауалдарға жауап іздейміз.
Алқаның құрамы 10 адамнан тұрады. Тағы екі азамат қосалқы құрамға алынады. Алқабилікке заңгерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар өтпейді. Бір сөзбен айтқанда, заңды кәсіби меңгергендер құрамға енгізілмейді. Сондай-ақ, бұрын істі болған, психикасы бұзылған азаматтар алшақтатылады. Бар талабы осы.
Бүгінде алқабилердің мәртебесі артпаса, кемімеген. Өйткені, алқабилер жүйесі – заманның талабы. «Әділетті Қазақстанға» ауадай қажет. Міндеттері молайып келеді.
Олар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап, аса ауыр санатқа жататын қылмыстарды қарастыра бастаған. Яғни, алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы он төрттен отыз беске дейін артты. Осыған дейін өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейтін істерге ғана араласқан. Ал, 2024 жылдың 1 қаңтарынан ауыр қылмыс санатына кіретін қылмыстарды да қарастырады. Бұл – алқабилердің қарастыруына жататын құқық бұзушылықтардың саны 44-ке дейін ұлғаяды деген сөз.
Мәселен, былтыр облыстың алқабилер алқасы 6 сотқа қатысқан. 1 қаңтарда қабылданған өзгерістерге байланысты биыл көрсеткіш күрт өскен. Кейінгі 7 айда 19 істі қараған.
Проблема да жоқ емес. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Бекзат Маратұлының сөзінше, қазір азаматтардың алқабилікке құлқы жоқ. Оның өзіндік себептері бар.
– Бұған бірнеше фактор бар. Біріншіден – адамдар өзгенің тағдырын шешуде жауапкершілік арқалағысы келмейді. Сонымен қатар, сотталған адамның достары, жақын туыстары қысым көрсетеді деп үрейленеді. Үрейленетін жөні жоқ. Себебі, алқабилердің жеке бас қауіпсіздігіне кепілдік беріледі, заңмен қорғалады. Сосын, көбі жұмыстан қол үзіп қаламыз деп ойлайды. Негізінде, олай емес. Алқабилікке қатысқан уақыты жұмыс өтілі болып есептеледі. Және сол уақыт аралығында жұмыста болмағаны үшін басшылар әлгі азаматты қызметінен босата алмайды. Тіпті, сөгіс жариялауға да құқы жоқ. Алқабилікке қатысудан бас тартқаны үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алқабилікке қатысуға жұмыстан рұқсат бермегені үшін басшылар да жазаланады. Осыны ескеру керек. Алқабилікке қатысқан азаматтарға жалақы төленетінін де айтқым келеді, – деді Бекзат Маратұлы.
Жалпы айтқанда, алқабилердің қоғамдағы мәртебесі жыл сайын артып келеді. Өйткені, «Әділетті Қазақстанды» құру үшін барлық әрекет, амал жасалып жатыр. Халыққа әділ сот керек. Бәрінің көксейтіні – әділдік. Ал, әділдікке жету үшін қоғамның да сот төрелігіне белсенді араласқаны жөн секілді. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесінде бар.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»