Бас тақырып

Өнердің Арқадағы ақ сарайы

Шамамен алғанда, кейінгі 5 жылдың мұғдарында ма екен, қазақ театрлары төңірегінде кілең өкінішті әңгіме айтылып кеткен еді. «Бүгінгі жастар театрға бармайды, көркем өнерге қызықпайды» деген секілді нобайдағы әңгімелер. Әсіресе, алдыңғы толқын кейінгі толқынға «театрға бармайсыңдар» дер кінә артады. Осы әңгіменің барлығы бекер сияқты. Өзімізбен өзіміз қара аспан төндіріп жүргендейміз. Мәселен, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрындағы әр премьераға көрермен ретінде де, жаңалықтың жаршысы журналист ретінде де барамын.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Әр премьера аншлагпен өтеді. Билет сатып алуға үлгермей қалған студенттер театрдың алдында шоғырланып, ішке қарай жәутеңдеп тұрады. Мұғалімі жетектеп әкелген студент солай тұра ма екен?! Залдың шамамен 70-80 пайызы студент жастар. Олар – біртұтас толқын. Мемлекеттің жаңа буыны. Олар көркем өнерге құштар. Ең бастысы – Сәкен театры жас толқынның сұранысына, құштарлығына, талабына сай жұмыс атқара алып жатыр.

Бүгінгі Сәкен театры – қасаң қағидалардың шеңберіне сыймайтын, ұдайы ізденіс үстіндегі тірі ағза. Мұндағы әр қойылым – өзіндік бір батыл эксперимент. Кезінде тек тренингтік әдіс ретінде бағаланған, кейіннен дербес әрі әйгілі бағытқа айналған заманауи театрлық үрдістер бүгінде Сәкен сахнасында еркін көсіліп жүр. Соның бір жарқын жемісі – «Ромео мен Джульетта» саунд-драмасы. Дыбыс пен сезім, музыка мен пластика ұштасқан бұл қойылымды талғамы биік патша көрермен жоғары бағалады. Әрі театрдың мүлде басқа, беймәлім қырын ашып берді. Өйткені, өнердегі сыншының төресі – көрермен десек, театр ұжымы осы төреліктен мүдірмей өтіп келеді.

Театр тек ішкі ізденіспен шектелмей, халықаралық байланыстарды да нығайтуда. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Кішкентай ханзада» қойылымын сахналау үшін Санкт-Петербургтен арнайы қуыршақ театрының режиссері шақыртылды.

Ең қызығы – заман талабы мен жаһандану үдерісіне ілескен өнер ордасының цифрлық технологиядан жатырқамайтыны. Иә, театр әлі де заманауи цифрлық жарақтармен толық жабдықтала қойған жоқ. Алайда, өз шама-шарқының деңгейінде барынша ілгерілеп келеді. Тіпті, соңғы сахналанған «Пай-пай, жас жұбайлар» қойылымындағы әуендер мен музыкалардың басым бөлігі ЖИ көмегімен әзірленгенін бірі білсе, бірі білмес. Мұнымен тоқтап қалмай, ұжым әлеуметтік желі мүмкіндіктерін де тиімді пайдалануда. Қазіргі уақытта жасанды зерденің көмегімен театр тарихында өшпес із қалдырған ардагер тұлғаларды, сахна саңлақтарын цифрлық форматта «тірілтіп», көрерменге танымдық дүниелер ұсыну жобасы қолға алынуда.

Кез келген шығармашылық ұжымның бағыт-бағдары мен көркемдік деңгейі оның режиссерлік ізденісіне тікелей байланысты. Бүгінде Сәкен театрының басты мақсаты – көрерменге қызмет етіп, аймақтың өнер айбынын асыру. Осы үдеден шығып жүрген театр ұжымы жылдық жоспарды да, шығармашылық норманы да мүлтіксіз орындап келеді. Тек жыл басынан бері ғана сахнаға 6 жаңа спектакль шығарылды. Сұранысқа қарай ескі қойылымдардың декорациясы іріктеліп, репертуар ұдайы жаңарып отырады.

– Шын мәнінде, театр – уақытпен бірге тыныстайтын тірі организм. Сондықтан, мұндағы актерлік құрамның жыл сайын жаңарып, толығып отыруы – заңдылық. Адам баласы күн санап өсіп, қалай кемелденсе, өнер ордасы да дәл солай өркендеуі тиіс. Әрине, бұл түбегейлі төңкеріс емес, кезең-кезеңімен жүретін, жаңа буынды арқау ететін жандану үдерісі. Амандық болса, келесі айдың басына қарай Мұқағали, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек секілді ірі ақындарымыздың, сондай-ақ, жергілікті қаламгерлердің өлеңдерін негізге ала отырып, сезім мен махаббат образдарын ашатын үлкен поэтикалық спектакль сахналасам деген ойым бар, – дейді театр режиссері Айдын Салбанов.

Сәкен театрының басты феномені – мұнда тоқсан жылдық терең тарих пен бүгінгі жастықтың, яғни, сабақтастықтың сақталуында. Бүгінде қарашаңырақтың алдыңғы толқын ақсақалдарының жасы тоқсанға таяса, кейінгі толқын – өнер жолын енді бастаған өрендер. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай дөңгелесе, артқысы да соған ілесетіні» секілді, үлкендердің мектебі – жастарға бағыт-бағдар. Кез келген қойылым аяқталып, шымылдық жабылғанда көрермен сахнадағы әртістерге тік тұрып қол соғады. Десе де, сол жарқыраған бейненің, сәтті шыққан образдардың артында орасан зор ұжымдық еңбек жатқаны хақ. Бүгінде Сәкен театрының шығармашылық әлеуеті өте жоғары. Ұжымда 270 қызметкер жұмыс істесе, соның 150-і – тікелей шығармашылық адамдары. Оның ішіне драма труппасы (екі құрам), қуыршақ театры мен жеке оркестр де кіреді. Ал, қалған қызметкерлер – сахнаның сәнін келтіріп, құдіретін арттыратын қосалқы топ.

Кез келген жанды театрдың «ішкі асханасы» қызықтыратыны анық. Сәкен театрының бұл ретте өзіндік ерекше өрнегі, қалыптасқан мектебі бар. Ғимарат ішінде арнайы киім тігу (швейный), бутафория цехтары мен үлкен шеберханалар толыққанды жұмыс істеп тұр. Суретшілер, тігіншілер, етікшілер мен бет әрлеушілер (гримерлер) бәрі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біртұтас ағза ретінде әрекет етеді. Егер заманауи қойылымдар болса, заман талабына сай киімдер дүкендерден де қарастырылады. Ал, ұлттық нақыштағы, терең тарихи қойылымдардың жүгі ауыр. Мұндай сәтте театрдың киім тігу цехы мен бутафорлары іске кірісіп, дәуір тынысын дөп басатын бірегей киімдер мен реквизиттерді өз қолдарымен дайындап шығады.

– Ең бастысы – Сәкен театрының өз соқпағынан жаңылмайтын орнықты, тұрақты көрермені қалыптасты. Бүгінде кейбір өнер ошақтарының халі көңіл көншіте бермейтіні жасырын емес. Осындай тұста халықтың қазіргі ақпарат тасқынынан, теледидар мен әлеуметтік желінің шаршатуынан бір сәт қашып, театр сияқты тірі, мәдени ортаны аңсайтыны байқалады. Сахнадағы шынайы оқиға, бір жарым-екі сағат бойы тек сен үшін ғана ішкі жан дүниесін қопарып, еңбек ететін әртістердің шынайылығы адам жанын емдейді. Мұнда келген көрерменнің миы тынығып, жаны жадырайды, – деді режиссер.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button