Қарқаралы

Өнеге – өшпес өрліктен

Қанша жасырып, бүркегеніңмен, ерлік аты өшпейді. Оған осы жолы Қарқаралы топырағында көзіміз тағы бір жетті. Мұнда екінші дүниежүзілік соғыста өшпес ерлік көрсеткен қаһарман қазақ Аманжол БҰХАРБАЕВҚА ескерткіш тақта қойылды. Аудандық білім бөлімінің қабырғасына ілінген ескерткіш тақтаның ашылуына аудан әкімінің орынбасары, ардагердің ұрпақтары қатысып, карантин тәртібін сақтай отыра, шағын шара өткізді.

Жоғарыда қаһарман сөзін тектентекке қолданбадық. Ескерткіш тақта ашылу барысында, қазақтың ержүрек ұлына Кеңес үкіметі қимаған құрметтің төбесін Қарқаралы көрсетіп бастағанына біз қуанып қайттық. Қарқаралы елдігін көрсетті. Өйткені, 1905 жылы Қарқаралы ауданына қарасты Бесоба ауылында туған Аманжол Құсайынұлын соғыс ардагері деп қоя салуға болмайды. Майдан даласына өзі сұранып аттанған ол 1945 жылы Чехословакияны азат етуде асқан ерлік көрсеткен. Т-34 танк командирі лейтенант Бұхарбаев Саса елдімекеніне бекінген жау қоршауын бұзып кіріп, 54 фашисті жер жастандырып, жаудың 4 пулемет нүктесін, сондай-ақ, өздігінен жүретін бірнеше артиллериялық техникаларын жойып жіберіп, экипажымен қоса танкінің ішінде өзі де отқа оранып, шейіт болған. Бұл туралы ерлік иесінің наградтау парағында жазылған. Бертінге дейін архив құжаттары «совершенно секретно» күйі жатқан да, Ресей сол құжаттарды «Память народа» сайтына шығарғанда, былтыр бір-ақ белгілі болды. Оны індетіп, іздеп тауып жүрген – КСРО ішкі істер саласының ардагері, отставкадағы милиция подполковнигі Сәлижан Садықов атты ағамыз. Батырға көрсеткен ерлігі үшін берілген «І дәрежелі Отан соғысы» орденінің өзі соңындағы ұрпақтарына жіберілмеген. Аталарының әлгіндей ордені барын білген Бұхарбаевтар әулеті Ресейге сұраныс жіберсе, оның тек куәлігін ғана жіберіпті мұнда. Орден – жоқ. Ерлікпен қаза тапқан лейтенанттың ерлігі дер кезінде неге бағаланбады дегенде, алдымыздан мынадай кілтипан шыққан. Аманжол Құсайынұлы – Алаш арыстарының бірі Имам Әлімбековтің аталас жақыны. Арасы – үшақ ата. Ал, Алаш мұратын көксеген «халық жауларының» барлығының тұқым-тұяғы мен жақындарын билік үнемі тұқыртып отыруға тырысқан. Зерттеп кеп жіберсе, соғысқа сұранып аттанған Алаш арыстарының ұрпақтары мен жақындары көрген әділетсіздік жетіп артылады…

Ендігі сұрақ, ержүрек ардагерге тақта неге аудандық білім бөлімі қабырғасына қойылды? Оқуды Алматыдағы педагогикалық институттан бітірген бұл кісі соғысқа дейін 1940 жылы Қарағандыдағы №19 мектеп директоры, қазіргі Егіндібұлақ, бұрынғы Қу ауданы, одан кейін Қарқаралы ауданы білім бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін тыңғылықты атқарған. Сөйте жүре, майданға Қарқаралыдан аттанған. Ерлігі ресми мойындалмаса да, ел аузында жүруі тиіс, ендеше.

Ескерткіш тақтаны аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиев, ардагердің ұрпақтары – майталман журналист Гүлнар Бұхарбаева, Нұрбай Бұхарбаева, жиендері – Талғат, Назира Қозбағаровтар ашып, гүл шоқтарын қойды.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button