АймақҚарқаралы

Уақытпен үндескен кітапхана

Бұрын қағаз кітапты қолға алып, кітапханада отырып оқу үйреншікті көрініс болса, бүгінгі таңда оның орнын электронды кітаптар, смарт-оқулықтар, цифрлық платформалар алмастырды. Мұндай өзгеріс кітапхана қызметіне де жаңа міндет жүктеп отыр. Ендеше, замана көшінен қалмай, оқырманнан жырақтап кетпей, қайта оған жақындай түсу үшін кітапхана қандай бағыт ұстануы керек? Осы сауал төңірегінде Егіндібұлақ ауылының кітапханасында «Заманауи кітапхана: даму үрдістері мен болашақ бағыттары» атты семинар өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Тағылымды басқосуға Қарқаралы ауданының түпкір-түпкірінен кітапхана мамандары жиналып, өзара тәжірибе алмасып, ой бөлісті. Семинардың негізгі мақсаты – кітапхана ісіндегі заманауи даму үрдістерін саралау, болашақтағы басым бағыттарды айқындау және оқырманды кітапханаға тартудың тиімді жолдарын қарастыру.

Семинар қонақтарын ауылдың өнерлі балдырғандары күмбірлеген күймен қарсы алып, шараның шырайын аша түсті. Семинар аясында Балқантаудың баурайынан түлеп ұшқан талантты қаламгерлер – Кәрім Сауғабай, Тұрсын Жұмаш, Жұлдыз Тойбек сынды ақындардың шығармашылық мұрасы таныстырылды.

Әрі қарай қатысушылар кітапхана ішін аралап, шағын экскурсияға қатысты. Қонақтар ауыл кітапханасының мол кітап қорымен танысып, оның оқырман игілігіне қалай қызмет етіп отырғанын да көрді.

Әр құндылық уақыт талабына орай түрлене түседі. Расында, осындай тағылымды басқосулар кітапхана ісін ілгерілетуде аса қажет. Әркім өз ойын ортаға салып, ортақ мәселенің шешу жолдарын бірге қарастырғанда ғана жүйелі жұмыс жанданады. Қазір ауыл тұрғындарының арасында да бұрынғыдай кітапханаға келушілердің сирегені жасырын емес. Сондықтан, оқырманды кітапханадан алшақтатып алмай, қайта оған қалай жақындата түсеміз деген мәселені үнемі ой елегінен өткізіп, әріптестермен пікір алмасып тұрған жөн, – деді семинарды ұйымдастырушылардың бірі, кітапханашы Маржан Мейрханова.

Семинар барысында кітап төңірегіндегі әртүрлі тақырыптарды қамтыған баяндамалар оқылды. Онда кітапхананың бүгінгі бет-бейнесі, оқырман сұранысындағы өзгерістер, жаңа технологияларды кітапхана қызметіне енгізу, жастарды кітап оқуға баулу, ауыл кітапханасының мәдени-рухани өмірдегі орны секілді өзекті мәселелер кеңінен қозғалды.

Семинар мазмұнын аша түскен сәттің бірі – сергіту кезеңінде ұйымдастырылған сұрақ-жауап ойыны. Қатысушыларға кітапқа, әдебиетке, көркем шығармаларға қатысты қызықты сауалдар қойылып, түрлі жұмбақтар жасырылды. Бұл өз кезегінде басқосудың танымдық сипатын арттырып, қатысушылардың серпіліс алуына мүмкіндік берді.

Семинарға келген кітапханашылар да өз ойларын ортаға салып, саладағы өзекті мәселелер мен тиімді тәжірибелер туралы ашық пікір алмасты. Жиын соңында барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button