Өндіріс игілігі
Кенді өлкенің қуаты жер қойнауындағы байлықпен, оны ел кәдесіне жаратқан еңбегімен танылған. Қарағандының кеніші мен зауытындағы әр ауысым мыңдаған отбасының тіршілігіне жалғасып жатыр. Бүгінде өнеркәсіпті өркендетуге қойылатын талап та осы үдеден туындайтыны хақ. Шикізатты өңдеп, жаңа өндіріс ашу жұмысшының әл-ауқатын арттыруға, жергілікті кәсіптің өрісін кеңейтуге қызмет етуі керек. Биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституциядағы адам капиталын дамыту, меншік жауапкершілігі мен еңбек құқығына қатысты қағидаларды бүгінгі экономикалық бағдармен сабақтастырғанда, өндірісті өңірдің келешегіне осындай өлшеммен қараудың мәні айқындала түседі.

Кеннің құны еңбекпен еселенеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру міндетін қойды. Биылғы өнеркәсіптік саясатта осы бағыт өңдеу өндірісіне инвестиция тарту, кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту және отандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру шараларымен жалғасып отыр.
Бұл бағдардың Кеншілер өңірі үшін маңызы зор. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, облыста биылдың өзінде қаңтар-тамыз айларының аралығында 3,71 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға, өңдеу саласы 5,9 пайызға өскен. Тау-кен өндірісіндегі өсім 1,7 пайыз болған. Өңдеудің ілгерілеуі кенді өлкенің мүмкіндігін дайын өнім шығару арқылы кеңейтуге негіз барын көрсетеді.
Конституцияның 8-бабының 3-тармағында табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені бекітілген. 2022 жылғы өзгерістерде орныққан бұл қағида жаңа Ата Заңда да сақталды. Оның қоғамдық мәнін кен өндірілген жердегі тіршілікпен сабақтастыра түсіну қажет. Жер қойнауынан алынған байлық өңделіп, жаңа кәсіпке арқау болып, тұрақты жұмысқа ұласқанда оның қайтарымын ел де сезінеді.
Өңдеу тізбегі ұзарған сайын сол байлыққа қосылатын еңбек пен білімнің үлесі артады. Металдан дайын бұйым жасау конструкторға, технологқа, дәнекерлеушіге жұмыс береді. Өндіріс жабдығына қызмет көрсету, бөлшек әзірлеу, тасымалдау секілді істерге жергілікті кәсіпорындар тартылады. Өнеркәсіптің өңірге тигізер пайдасы осындай сабақтас еңбектен толығады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, былтыр жалпы құны 254,5 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жоба іске қосылып, 4,1 мың жұмыс орны ашылған. Саран индустриялық аймағында мырышталған өнімдер мен болат құбырларын шығаратын зауыттар пайдалануға берілген. Silk Road Electronics кәсіпорны Samsung маркалы теледидарлар мен кір жуатын машиналар өндірісін жолға қойған.
Осындай жобалардың ұзақ мерзімді нәтижесін бағалағанда, өндіріс көлемімен бірге жергілікті бөлшектердің үлесіне, игерілген технологияға және отандық жеткізушілерге берілген тапсырысқа назар аударған жөн. Құрастырудан күрделірек өндірістік операцияларға көшу маманның білігін де, кәсіпорынның мүмкіндігін де арттырады. Өңір экономикасының орнықтылығы осы байланыстың қаншалықты тереңдегеніне тәуелді.
Кәсіпке өріс ашатын кепіл

Жаңа Конституцияның 29-бабының 4-тармағы кәсіпкерлік еркіндігіне кепілдік беріп, монополистік қызметті заңмен реттеуді немесе шектеуді көздейді, жосықсыз бәсекеге тыйым салады. Өндірісті өлкеде осы ұстанымның мағынасы ірі кәсіпорынның айналасындағы шағын және орта бизнестің мүмкіндігінен де көрінеді. Тапсырысқа қол жеткізу талабы түсінікті, бәсеке әділ болса, жергілікті кәсіптің де қарымы ұлғаяды.
Отандық өндірушіге тұрақты сұраныс қалыптастыру үшін бүгінде офтейк-келісімшарттар (алдын ала белгіленетін шарттар) тетігі қолданылып келеді. Мұндай келісім өндірушінің алдағы уақытта шығаратын өнімін сатып алуға алдын ала кепілдік береді. Үкіметтің 1 қыркүйекте жариялаған шолуына сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдықта жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекеттік сектор 466 миллиард теңгенің ұзақ мерзімді келісімдері мен офтейк-келісімшарттарын жасасқан.
Бұл тетіктің жергілікті кәсіп үшін мәні түсінікті. Ертеңгі тапсырысына сенімі бар өндіруші құралын жаңартуға, қызметкерін оқытуға, өндірісін кеңейтуге батылырақ кіріседі. Қарағандыдағы ірі кәсіпорындардың қажеттілігін өңірдің өзінде өтеу мүмкіндігі артса, олардың айналасында жаңа өндірістер қалыптасады. Мұндай байланыстың беріктігі сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен есеп айырысудың уақтылы жүруіне де байланысты.
Инвестицияға қатысты дерекке де осы тұрғыдан байыппен қараған жөн. Биылғы сегіз айда облыстың негізгі капиталына 657,7 миллиард теңге салынған. Көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңіне қатысты 95 пайыз болған. Барлық саланы қамтитын бұл көрсеткішті өнеркәсіп инвестициясы түгел азайды деп түсіндіруге болмайды. Дегенмен, қаражаттың қай бағытқа жұмсалғанын, қай жобаның аяқталғанын, қандай жаңа өндірістің басталғанын жеке саралау қажет. Инвестор үшін электр қуатының жеткіліктілігі мен инфрақұрылымның дайындығы да шешуші мәнге ие.
Жаңғырудың кілті білімде
Өндірістің күрделенуі маманға қойылатын талапты өзгертеді. Жаңа Конституцияның 3-бабының 2-тармағында адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылған. Бұл басымдықтың өнеркәсіптегі нақты мазмұны инженердің ізденісінен, жұмысшының жаңа технологияны меңгеруінен, зертханадан шыққан әзірлеменің зауытқа жетуінен ашылады.
Балқашта жоспарланған жаңа мыс қорыту зауыты осы байланыстың бір мысалын көрсетеді. Үкімет 30 шілдеде «Qazaq Smelter» жобасы бойынша инвестициялық келісімді мақұлдады. Жеке инвестиция көлемі 750 миллиард теңге болатын кәсіпорынның құрылысы келер жылы басталып, пайдалануға берілуі 2030 жылға жоспарланған. Жоба 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді. Инвестор облыстың оқу орындарында 50 студент даярлау міндеттемесін де алады.
Өндіріс қуатын кеңейту жоспары маман даярлаумен қатар қарастырылғанда, жаңа жұмыс орнына жергілікті жастың баруына мүмкіндік туады. Оқу орнындағы білім мен кәсіпорынның талабын алдын ала үйлестіру қажет. Жаңа зауыт іске қосылған сәтте оны жүргізетін мамандардың дайындығы да соған сай болуы керек.
Еңбектің өтеуі қауіпсіз өмір
Өнеркәсіптің табысын еселейтін адам болғандықтан, оның өмірі мен еңбегінің қорғалуы өндірістік саясаттың басты өлшемдерінің бірі болуы керек. Конституцияның 27-бабында қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайына, кемсітусіз сыйақыға және әлеуметтік қорғалуға заңға сәйкес кепілдік берілген.
Президент былтырғы Жолдауында жұмысшы мамандықтарына құрметті арттырумен қатар, оларға лайықты жалақы төлеу қажеттігін атап өтті. Осы міндетті өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін арттыру шараларымен қатар қарастырған жөн. Жұмысшының қадірі күнделікті жұмыс жағдайынан, кәсіби өсу мүмкіндігінен және еңбегінің өтеуінен танылады.
Еңбек инспекциясының облыстық департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, биылғы жылдың алғашқы төрт айында өңірде өндірістік жарақаттанудың 37 фактісі тіркеліп, 39 адам зардап шеккен. Көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда 9,8 пайызға төмендеген. Бұл оң өзгеріс болғанымен, әр жарақаттың артында адамның денсаулығы мен отбасының уайымы тұр.
Өндіріс пен өмірдің жарасымы
Кәсіпорынның өркендеуі өндірісті қаланың тіршілігімен сабақтас. Конституцияның 8-бабы меншікті пайдалануда экологиялық талаптарды сақтауды көздейді. 37-бап қоршаған ортаны қорғау мен өмірге, денсаулыққа, табиғатқа қауіп төндіретін фактілерді жасырмау жөніндегі талаптарды бекітеді. Бұл нормалардың мәнін тұрғынның күнделікті тынысынан бөліп қарауға болмайды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы облыста тұрақты көздерден атмосфераға шығарылған ластаушы заттар көлемі 452,8 мың тонна болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 445,3 мың тоннаны құраған. Өнеркәсіптік қуатпен бірге осындай экологиялық жүктеменің болуы жаңғырту жұмыстарының нәтижесіне талапты күшейтеді.
Қорыта айтқанда, Жаңа Конституциядағы құқықтық қағидалар өнеркәсіптің даму бағытын адам мүддесімен өлшеуге негіз болады. Бұрын басталған жобалардың да, алдағы бастамалардың да қайтарымын осы тұрғыдан бағалау маңызды. Терең өңделген өніммен бірге жергілікті кәсіптің үлесі артып, жаңа технологиямен бірге жұмысшының білігі мен қауіпсіздігі нығайып, зауыт жаңғырғанда қаланың тынысы да кеңеюге тиіс. Кенді өлкенің байлығы елдің тұрмысын түзегенде, өндіріс игілігі өзінің шынайы мағынасын табады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz


