Жаңалықтар

Сатираның сұрмергені

Белгілі ақын, журналист, сатирик, аудармашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бекәділ Семқұл биыл 70 жасқа толды. Сатира сұрмергенінің мерейтойына орай Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қаламгерді оқырманымен жүздестірген «Семсер тілді сатирик» атты әдеби кеш ұйымдастырды.

Сурет сайт мұрағатынан

Бекәділ Семқұлдың есімі «Орталық Қазақстан» газетінің өрелі де мәртебелі оқырманына таңсық болмаса керек. Оның сатиралық өлеңдері жыл сайын «1 сәуір – Күлкі күнінде» газет беттерінде жарияланып тұрады. Қаламгер мен оқырманы арасында алтын көпір болып отырған газет ұжымынан арнайы шақырылған ақын Жәлел Шалқарға сөз берілді.

– Жыл сайын күлкі күні мерекесінде Сіздің шығармашылығыңызға ерекше ықыласпен назар аударамыз. Өйткені, өлеңдеріңіз газет оқырманының айрықша ілтипатына бөленіп келеді. Біз оқырманның сұранысына баса мән береміз. Туындыларыңызды тек газеттен оқып жүруші едім. Бүгін өзіңізді «тірідей» көргеніме қуаныштымын, – деп, сатирикті қалжыңмен бір қағытып алды.

Бекәділ Семқұл 1956 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. 1 сәуір – Күлкі күні.

Бекәділ Семқұл – бір кездері аудан болған Егіндібұлақтағы «Ленин туы», кейін «Балқантау» деп аталған газетте қалам тербеген білікті журналист. Аудандық «Қарқаралы» газетінде де, республикалық «Азия транзит» қоғамдық-саяси апталық газетінде де еңбек етті. «Балқантау» редакциясында қазақтың маңдайы жарқыраған талантты ақыны Тұрсын Жұмашпен әріптес болған. Бекәділ Семқұлдың айтуынша, сатира жанрында қалам тербеуіне сол Тұрсын Жұмаш себепкер болған.

– Ара-тұра әзіл өлеңдер жазып жүретін едім. Бір күні редакцияда Тұрсын Жұмаш жанына шақырып алып, «Бекәділ, әзіл өлеңдерің тәп-тәуір. Сен осы сатираға мықтап кіріс. Сені бір белеске алып шығатын жанр – осы», – деді. Содан бері осы жанрда жазып келемін, – деді Бекәділ Семқұл.

Кеште 2023 жылы жарық көрген «Дүние жарық» атты жыр жинағы мен 2022 жылы жарық көрген «Айттың не…» атты кітаптарына шолу жасалды.

«Дүние жарық» кітабында ақынның өмірге, туған жерге, адамға деген сезімі мен көзқарасы көрініс тапқан. Ал, «Айттың не…» кітабында күнделікті өмірдегі мінез-құлық, қоғамдағы қайшылықтар мен келеңсіз құбылыстар секілді тақырыптар қамтылған.

Кеш барысында ақын мен оқырман арасында еркін сұхбат өрбіді. Оқырмандар ортаға шығып, ақын шығармашылығындағы көңіліне жаққан өлеңдерін оқыды. Қаламдас һәм үзеңгілес достары да екі кітапқа қатысты пікірін білдіріп, лебізін жеткізді.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button