Қазақстанның жаңа Конституциясы – ел дамуының жаңа бағыты
Наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Жаңа Конституция – еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіне, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның дамуына қатысты бірқатар маңызды жаңашылдықтарды енгізіп қана қоймай, елдің даму бағытын, мемлекеттік биліктің құрылымын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін қорғаудың нақты тетіктерін айқындады. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау Қазақстанның құқықтық және саяси дамуындағы маңызды кезең болып саналады.

Осы қабылданған Ата Заңымыздың ерекшелігінің бірі – оның Кіріспесі, яғни Преамбуласы. Кіріспе Конституцияның негізгі идеясы мен рухын білдіреді. Онда Қазақстан халқын біріктіретін ортақ құндылықтар, тарихи сабақтастық және болашаққа деген мақсаттар көрсетілген.
Преамбулада Қазақстан халқының біртұтастығына, елдің тарихи тамырына және мемлекеттіліктің сабақтастығына ерекше мән берілген. Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы және унитарлық сипаты өзгермейтін негізгі құндылықтар ретінде бекітілген. Сонымен бірге әділеттілік, Заң мен Тәртіп, адам құқықтарын құрметтеу, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар мемлекеттің маңызды бағыттары ретінде айқындалды.
Сонымен қатар, ғылым, мәдениет және инновацияға да ерекше орын берілген. Бұл салалар Қазақстанның болашақ дамуының негізі ретінде қарастырылады. Демек мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, білімді, жауапты және бәсекеге қабілетті азаматтарды қалыптастырумен де байланыстырылады. Сондай-ақ, қазіргі ұрпақтың келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігі мен табиғатты қорғау мәселесі де маңызды құндылық ретінде көрсетілді.
Жаңа Конституциядағы ең үлкен жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік билік жүйесінің өзгеруі. Бұрынғы Сенат пен Мәжілістен тұратын екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай енгізілді. Құрылтай мемлекеттің жоғары өкілді және заң шығарушы органы болып табылады. Бұл өзгеріс заң шығару үдерісін ықшамдап, мемлекеттік шешімдерді қабылдау жүйесін жаңартуға бағытталған.
Тағы бір маңызды жаңалық – Вице-Президент институтының енгізілуі. Вице-Президент мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысады. Бұл институт ел басқарудағы өкілеттіктерді нақтылауға және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіреді.
Сонымен қатар, жаңа Конституцияға сай Қазақстан Халық Кеңесі құрылды. Қазіргі таңда олардың толық құрамы бекітіліп, ел игілігі мен Қазақстан Республикасының болашағы жолындағы қызметін де бастап кетті. Ол халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болып саналады. Халық Кеңесі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, мемлекет дамуының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысады. Оның маңызды ерекшелігі – Құрылтайға заң жобаларын енгізу құқығының берілуі. Бұл азаматтар мен мемлекеттік билік арасындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғауға да айрықша көңіл бөлінген. Мысалы, адам ұсталған сәттен бастап өз құқықтарын білуге, адвокаттың көмегін алуға, сұрақтарға жауап бермеуге және өзіне немесе жақын туыстарына қарсы айғақ бермеуге құқылы. Мұндай кепілдіктер азаматтарды заңсыз қудалаудың алдын-алуға және қорғауға бағытталған.
Қазіргі заман талабына сай тағы бір маңызды жаңашылдық – цифрлық құқықтардың Конституция деңгейінде қорғалуы. Азаматтардың жеке деректері, электрондық байланыстары және цифрлық қауіпсіздігі арнайы қорғауға алынған. Бұл интернет пен цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған қазіргі кезеңде аса маңызды. Сонымен бірге зияткерлік меншікті қорғауға қатысты кепілдіктер де күшейтілді.
Экология мәселесі де жаңа Конституцияда ерекше көрініс тапқан. Табиғатты сақтау тек мемлекеттің ғана емес, азаматтардың да жауапкершілігі ретінде қарастырылады. Бұл қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және келешек ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыру қажеттігін көрсетеді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адамды, оның құқықтары мен қадір-қасиетін мемлекеттің негізгі құндылығы ретінде алдыңғы орынға қоюы. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту, Құрылтай мен Халық Кеңесін енгізілуі, Вице-Президент институтының құрылуы, цифрлық құқықтарды қорғау және экологиялық жауапкершілікті күшейту Қазақстанның жаңа кезеңдегі даму бағытын айқын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – еліміздің алдағы дамуының негізгі бағдары. Ондағы көрсетілген бірлік, әділеттілік, Заң мен Тәртіп, білім мен ғылым, табиғатқа жауапкершілік және болашақ ұрпақ алдындағы міндет сияқты құндылықтар Конституцияның бүкіл мазмұнымен сабақтасып жатыр. Сондықтан жаңа Ата Заң Қазақстанды құқық үстемдігіне, әділетті қоғамға және азаматтардың мемлекет ісіне белсенді қатысуына негізделген ел ретінде дамытуға бағытталған.
А. ШАЙЗАДАЕВ
Әлихан Бөкейхан ауданының №2 сотының төрағасы



