ТеміртауАймақЖаңалықтар

Ойын алаңы жайлы болуы тиіс

Теміртау қаласында балалардың бос уақытын қауіпсіз әрі жайлы ортада өткізуіне бағытталған жұмыстардың маңызы ерекше. Қазір қаладағы 152 ойын алаңының күтімі мен қауіпсіздігі жауапты мекеменің назарында.

Суреттер Теміртау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Балалық шақтың базары – аула. Әткеншек теуіп, сырғанақтан сырғанап, құмнан қамал тұрғызған бала үшін ойын алаңынан асқан қызық жоқ. Алайда, оның қызығы қауіпсіздікпен ұштасқанда ғана мәнді. Сондықтан, шағын сәулет нысандарын орнату, аулаға түрлі-түсті ойын жабдықтарын әкелу – істің бір парасы ғана. Ең маңыздысы – сол дүниенің жарамдылығын қадағалап, күтіп ұстау. Теміртауда осы бағыттағы жұмыстар жүйелі сипат ала бастады.

Қала әкімдігінің «Мәдени, демалыс бақтары мен гүлзарлары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының балансында бүгінде 152 балалар ойын алаңы бар. Олардың 133-і тұрақты қызмет көрсетумен және санитариялық тазалық жұмыстарымен қамтылған. Қалған 19 алаңды кешенді жаңғырту көзделіп отыр.

Мұндай жүйенің қалыптасуына нақты қажеттілік себеп болды. Бұған дейін қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан ойын алаңдарын күтіп ұстауға бюджеттен жыл сайын арнайы қаражат қарастырылмаған. Соның салдарынан бірқатар нысанның күтімі жүйелі жүргізілмей келген. Мәселені шешу үшін 2026 жылғы 1 маусымда 133 ойын алаңы аталған кәсіпорынның балансына берілді. Бұл қадам олардың техникалық жағдайын тұрақты бақылауға алып, жөндеу мен тазалық жұмыстарын бір орталықтан ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде ауладағы ойын алаңдары аптасына кемінде бір рет тазартылып, айналасындағы қоқыс жиналады. Өскен шөп шабылып, ойын құрылғыларының жай-күйі қадағаланады. Әткеншектер мен орындықтар жөнделіп, сырғанақтар мен өзге де конструкциялардың ақауы қалпына келтіріледі. Тозған жасанды көгал жабыны қажетіне қарай ішінара немесе толық ауыстырылады.

Алаңдарды күтіп ұстау жыл мезгіліне қарай да ерекшеленеді. Жазда балалардың құммен ойнауына жағдай жасалып, қажетті жерлерге майда құм жеткізіледі. Күзде жапырақ пен қоқыс жиналса, қыста қар тазартылып, сыртқа шығарылады. Яғни, ойын алаңдары тек жазғы маусымда ғана емес, жыл бойы назарда болады.

Басқарма мәліметінше, тұрақты қызмет көрсетілетін нысандарда жоспарланған жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары толық орындалған. Әйтсе де, бір мәрте жөнделген алаңды ұзақ жыл бойы қауіпсіз деп қарауға болмайды. Себебі, балалар ойын жабдықтарын күн сайын пайдаланады. Демек, олардың техникалық жағдайын тексеру мен қажетті жөндеуді дер кезінде жүргізу үздіксіз жалғасуға тиіс.

Бұл бағытта нақты нәтижелер де бар. Мәселен, қыркүйек айының соңында Теміртауда 21 ойын алаңында тазалық және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Соның 19-ында ойын аймақтары мен оған іргелес аумақтар қоқыстан тазартылып, екі алаңның көгал жабыны ауыстырылып, жөнделді.

Мұның өзі аула мәдениеті мен абаттандырудың өзара сабақтас екенін көрсетеді. Таза әрі күтімді алаң балалардың демалуына ғана емес, тұрғындардың ортақ кеңістікке деген жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.

Қаладағы балалар инфрақұрылымын дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Басқарманың балансына қосымша қабылданған 19 ойын алаңы кешенді қалпына келтіру және жарақтандыру жоспарына енгізілген.

Жоспар аясында бұл аумақтарға заманауи ойын кешендерін, жаңа әткеншектер мен қоршаулар орнату қарастырылған. Ойын аймақтарына кеспетас төселіп, жасанды көгал жабыны жаңартылады. Айналасы абаттандырылып, балалардың жас ерекшелігіне сай демалуына қолайлы жағдай жасалмақ.

Ең бастысы, жаңғырту кезінде қауіпсіздік мәселесіне басымдық берілмек. Жоспарда ойын алаңдарын жарықтандыру және аумақты бақылау үшін бейнекамералар орнату да көзделген.

Бұл – назар аударуға тұрарлық бастама. Өйткені, кешкі уақытта жеткілікті жарықтың болуы ойын алаңдарын пайдалануды қолайлы етіп қана қоймай, айналадағы жағдайды бақылауға да мүмкіндік береді. Ал, бейнебақылау жүйелері қоғамдық тәртіпті сақтауға, мүлікті бүлдіру әрекеттерінің алдын алуға және төтенше жағдай туындағанда оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесе алады.

Жалпы, Қазақстанда балалар ойын алаңдарының жабдықтарына қойылатын арнайы техникалық талаптар бар. Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті техникалық регламентіне сәйкес әткеншек, сырғанақ, карусель және өзге де ойын құрылғылары берік, орнықты, қауіпсіз болуы шарт. Олардың өткір қырлары, жарақат келтіруі мүмкін шығыңқы бөлшектері болмауы керек. Жабдықтардың тозуы мен тот басуына қарсы қорғаныс та ескерілуге тиіс.

Осы орайда Теміртауда жаңғыртуға жоспарланған 19 алаңның жұмысы сапалы орындалып, қауіпсіздік талаптары сақталуы айрықша мәнге ие.

Балалардың қауіпсіз ойын кеңістігін қалыптастыруда тұрғындардың да үлесі зор. Теміртауда жүзеге асырылып жатқан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы соның бір көрінісі.

Бұл бастама аясында тұрғындардың ұсынысымен балалар және спорт алаңдары, футбол мен волейбол алаңдары, гүлзарлар мен қоғамдық демалыс орындары абаттандырылып келеді. Бағдарлама арқылы бұрын Бауыржан Момышұлы даңғылындағы гүлзар ретке келтіріліп, жаңа балалар алаңдары орнатылған, бірқатар ойын аймағы жөнделген.

Ал, 2026 жылға теміртаулықтар 23 жобаны қолдап, дауыс берген. Олардың қатарында балалар мен спорт инфрақұрылымын дамытуға, аулаларды абаттандыруға және қоғамдық кеңістіктерді жақсартуға бағытталған бастамалар бар.

Мұның маңызы тек бюджет қаржысын бөлу немесе кезекті нысанды салумен шектелмейді. Тұрғындардың өз ауласын көркейтуге қатысуы ортақ мүлікке деген жанашырлықты қалыптастырады. Өйткені аула – бір мекеменің ғана емес, сол жерде тұратын адамдардың да күнделікті өмір сүретін ортасы.

Теміртаудағы 152 ойын алаңын жүйелі күтіп ұстау, оның ішінде 19 нысанды кешенді жаңғырту жоспары осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі. Ендігі міндет – жоспарланған шараларды сапалы жүзеге асырып, жөнделген нысандардың қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ТЕМІРТАУ

Автор: Ержан ИМАШ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button