Балалыққа барымта жасалмайды
Бір ауыз сөз адамның көңілін қалдырады. Ал, сол сөз әлеуметтік желіде көптің талқысына түсіп, келемежге айналса, зілі еселене түспек. Әсіресе, оң-солын енді танып, бұғанасын енді бекітіп келе жатқан жасөспірім үшін мұндай соққының салмағы ауыр. Бүгінде баланың мектеп қабырғасындағы қарым-қатынасы соңғы қоңыраумен үзілмейді. Оның жалғасы қалтадағы смартфонда, желідегі пікір мен жеке хат-хабарда өрістеп жатыр. Бірі сол кеңістіктен білім іздеп, өрісін кеңейтсе, енді бірі көптің қошеметіне бөленемін деп виртуалды әлемнің иіріміне жұтылады.Осы тұста қоғам алдында күрмеуі қиын сауал тұр. Баланы цифрлық қатерден арашалау үшін әлеуметтік желінің есігін тарс жабу жеткілікті ме, әлде қауіптің түп-тамырын ауыздықтайтын пәрменді тетік қажет пе? Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданған, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуін шектейтін заң жобасы дәл осы мәселені күн тәртібіне шығарды. Бастаманың көздегені айқын. Дегенмен оның өміршеңдігі, баланың заңды құқықтарымен арасалмағы және ертеңгі ықтимал салдары байыппен байырқалауды талап етеді.

Шектеудің шегі қайда?
Мәселенің заң шығарушы билік деңгейінде көтерілуі тегін емес. Күні кеше Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырған түзетулерде 16 жасқа толмаған жеткіншектердің әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу, ал қолданушылардың жасын сүзгіден өткізуді платформалардың өзіне міндеттеу көзделген. Ата-анамен, ұстазбен байланыс орнатуға арналған мессенджерлер бұл шектеуден тыс қалмақ. Сонымен қатар, заңға қайшы контентті өшіру талабын елемеген онлайн-платформалардың жауапкершілігін қатайту ұсыныланып отыр.
Цифр сөйлесе…
Қауіптің ауқымын бағамдау үшін халықаралық зерттеулерге зер салсақ, ойланарлық деректер баршылық. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының PISA-2025 зерттеуіне сәйкес, еліміздегі 15 жастағы білім алушылардың 9 пайызы айына бірнеше рет немесе одан да жиі буллингтің кемінде бір түріне ұшыраған. Ал 2 пайызы өзі туралы ренжітетін ақпараттың келісімінсіз желіде жүйелі жарияланғанын жеткізген. Соңғы көрсеткіш кибербуллингтің барлық қырын қамтымаса да, экранның ар жағындағы қысымның нақты нобайын аңғартады.
Мәселенің құқықтық салмағы да жеңіл емес. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, былтыр балаларға қатысты буллинг пен кибербуллинг деректері бойынша 272 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Десек те, ведомство буллингтің жекелеген түрлері бойынша дербес статистика жүргізілмейтінін хабарлады. Сонда әлеуметтік желідегі қысымның нақты үлесін қалай ажыратамыз? Қатердің көлемін дәл өлшемей тұрып, оған қарсы қабылданатын шараның тиімділігін бағалау да оңай емес.
Аймақта да алдын алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл сәуірде ұйымдастырылған «Заң мен тәртіп» құқықтық марафоны 400-ден астам мектеп пен 50-ден астам колледжді қамтып, 200 мыңға жуық оқушыға жетті. Онда киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтық пен буллингтің алдын алу тетіктері кеңінен түсіндірілді.
Баланың сырын кім тыңдап, мұңын кім бөлісіп жүр? Мәселенің осы нәзік қырын психолог Әсем Айтбайқызының тәжірибесінен айқын аңғаруға болады.
– Қазір балалар бір-бірімен білімімен емес, оқырман санымен, бейнежазбасының қаралымы мен жинаған лүпілімен жарысатын болды. Өзіндік болмысы енді қалыптасып келе жатқан жасөспірім үшін бұл қауіпті. Өзгенің өміріне еліктеп, соған ұқсауға тырысқан бала кейде өзінің кім екенін, нені қалайтынын ұмытып қалады. Жалған танымалдылыққа ұмтылудың да, өзгені кемсітудің де астарында осындай психологиялық түйткілдер жатыр, – дейді маман.
Психолог тәжірибесіндегі бір оқиға осы пайымның салмағын дәлелдей түседі. Жуырда оған 16 жастағы қыздың анасы көмек сұрап жүгінген. Құрбысының басынан өткен ауыр жағдайдан кейін терең күйзеліске түскен жасөспірім жан сырын жақындарына емес, желідегі бей таныс адамға ақтарып жүрген. Жұмыстан қолы тимеген ана қызының ішкі күйзелісін дер кезінде байқамаған. Оған мектептегі қатарластарының арасындағы бәсекелестік қосылған.
– Бала ата-анасы түсінбейді деп түйген соң демеуді сырттан іздейді. Ал виртуалды кеңістіктегі бей таныстың қандай пиғылмен сөйлесіп отырғанын қайдан білсін? Мұндайда баланы кінәлаудан бұрын, оның неге жақындарына сыр аша алмай қалғанын ұғынуымыз керек. Жүйелі жұмыстан кейін қыз анасымен ашық сөйлесе бастады. Ең басты өзгеріс те осы болды, – дейді Әсем Айтбайқызы.
Маман әлеуметтік желіні заңмен шектеудің белгілі бір септігі барын жоққа шығармайды. Әйтсе де, жалаң тыйым жасөспірімдерді жасырын аккаунттар ашуға итермелеуі мүмкін екенін ескертеді. Оның пайымынша, шектеумен қатар отбасындағы сенімді байланысты нығайту шарт.
Назардың нарқы
Таяқтың екінші ұшы да бар. Бала желіден жұбаныш пен қызығушылық іздегенімен, сол кеңістіктің өзіне тән қатал заңдылығы бар. Мұнда адамның назары – табыс көзі, ал экран алдында өткен әр минут коммерциялық құндылыққа айналған. Блогер Айдос Аринов әлеуметтік желілердің тетігін осы қырынан тарқатады.
– Әлеуметтік желілер мен блогерлердің жұмыс жүйесі кездейсоқтыққа емес, адам психологиясының осал тұстарын дәл көздейтін математикалық алгоритмдер мен маркетингтік схемаларға құрылған. Мұны «назар нарқы» деп атайды. Бір тақырыпқа ынтықсаңыз болды, алгоритм сізді соның тұтқынына айналдырып, шынайы өмірден алыстата береді. Желідегі жылтыраққа алданбау керек. Мұндағы басты тауар – контент емес, сіздің экранға телмірген уақытыңыз, – дейді Айдос Аринов.
Расында, желідегі көріністің бәрін өмірдің шынайы өлшемі деуге келмейді. Қымбат көлік, сәнді баспана, мінсіз келбет пен көл-көсір табыстың артында көбіне мұқият өңделген бейне не жарнамалық есеп тұрады. Мұндай мазмұнды сыни сүзгіден өткізіп үлгермеген жасөспірім өз тұрмысын өзгенің жылтырақ тіршілігімен салыстырып, өзін кем сезінуі ықтимал. Блогердің айтуынша, аудитория сеніміне кіріп, эмоциялық әсер туғызу арқылы оны саудаға ұластыру – цифрлық маркетингтің үйреншікті тәсілі. Әрине, мұның бәрін алаяқтыққа балауға болмас. Алайда, жарнама мен манипуляцияның аражігін ажырату барған сайын күрделеніп барады.
Баланы цифрлық қатерден қорғаудың құқықтық жауапкершілігі де оңай жүк емес. Қазақстан 1994 жылы ратификациялаған БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы мемлекетке қос міндет жүктейді. Бірі – жасөспірімді зорлық-зомбылық пен зиянды ақпараттан қорғау, екіншісі – оның ақпарат алу, пікір білдіру және жеке өмірінің құпиялылығын сақтау құқығын қамтамасыз ету. Демек, қауіпсіздік пен еркіндік бірін-бірі жоққа шығаратын ұғымдар емес, мәселе осы екеуінің алтын аралығын табуда.
Бұл түйткіл халықаралық мінберде де қозғалды. Биыл қыркүйекте БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанның кезекті ұлттық баяндамасын қарау кезінде 16 жасқа дейінгі шектеу бастамасына арнайы тоқталды. Комитет сарапшысы Бенуа Ван Кейрсбилк бұл шараның баланың ақпарат алу құқығымен қалай үйлесетінін және жасты тексеру қандай жолмен іске асатынын сұрады. Қазақстан делегациясы бастаманың кибербуллинг пен манипуляция қаупін сейілтуге бағытталғанын алға тартты.
Осы орайда тағы бір өзекті сұрақ бар. Баланың жасын растау үшін дербес мәліметтер жиналса, сол деректердің қауіпсіздігіне кім кепіл? Қолданыстағы Конституцияның 21-бабы дербес деректерді заңсыз пайдаланудан қорғауды, 23-бабы ақпарат алу және тарату еркіндігін бекітеді. Ал БҰҰ комитетінің цифрлық ортаға арналған №25 жалпы түсіндірмесі кез келген шектеудің заңды, қажетті әрі мөлшерлес болуын талап етеді. Ендеше, баланы қорғауға бағытталған норма оның жеке өміріне шамадан тыс килігуге немесе пайдалы білім көзінен қағылуына соқтырмауға тиіс.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Бұл ретте Аустралияның қадамы назар аударады. 2025 жылғы желтоқсаннан бастап 16 жасқа толмаған балалардың белгілі әлеуметтік желілерде аккаунт ұстауына тыйым салынды. Арада үш ай өткенде цифрлық қауіпсіздік жөніндегі eSafety мекемесі алғашқы зерттеу нәтижесін жариялады. Есепке сәйкес, желіде аккаунты бар жасөспірімдер үлесі 52,4 пайыздан 42,1 пайызға түскен. Алайда, желіні аккаунтпен не онсыз қолданатындар қатары 85,9 пайыздан небәрі 81,5 пайызға ғана азайған.
Демек, тіркелуді шектеу мен желідегі белсенділікті тежеу екі бөлек нәтиже береді. Зерттеу балалардың басым бөлігі бұрынғы парақшасын сақтап қалғанын көрсетті. Оған жасөспірімдердің айлакерлігі ғана емес, платформалардың жас сүзгісін толыққанды іске қоса алмауы да себеп болған.
Заң қажет. Бірақ, оның шынайы пәрмені қанша аккаунттың бұғатталғанымен ғана өлшенбеуге тиіс. Қанша бала кибербуллингтен арашаланды? Қаншасы дер кезінде психологиялық демеу тапты? Зиянды контенттің өрісі қаншалықты тарылды және жасөспірімнің жеке дерегі мен ақпарат алу құқығы сақталды ма? Негізгі таразы – осы болмақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



