Ұмытылмайтын сәттер бар

Бүгінгі таңда Қарағандыда фашистік лагерьлерде тұтқында болған 100-ге жуық әскери тұтқын тұрады. Ұлы Жеңіс күніне орай, қала жастары фашистік лагерьлерде тұтқында болған сол аға буын өкілдерімен кездесті. Бүгінде 60-70 жасқа келген, Белоруссия, Украина, Балтық елдері жерінде лагерьде болған азаматтар сұрапыл соғыс қалдырған естеліктерді айтты.

Дәстүрлі шараға фашистік лагерьлердің әскери тұтқындары, ҰОС, тыл ардагерлері келді.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған шара – жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеді. Мектеп оқушылары аға буынға құрмет көрсетті. Жиынды жүргізген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Өңірлік жобалық кеңсесінің сарапшысы Наталья Красникова: «Рухани жаңғыру – Отанға деген сүйіспеншіліктен, ата-анаға, үлкенге деген құрметтен басталады. Тәрбиелі жастар ең алдымен – Жеңіс жолында от кешкен аға буынға құрметпен қарауы тиіс. Біздің мақсат – осы», – деді.
Ұйымдастырушылар соғыс жылдарындағы суреттер арқылы оқушыларға сауалдар қойып, кештің маңызын арттырды. Бүлдіршіндердің ерлікпен қаза тапқан аталарына жазған хаттарын оқыды.
Жалпы, фашистер соғыс тұтқындарына арналған концентрациялық лагерьлерді Германияның аумағында ашпауға тырысқаны тарихтан белгілі. Жоғарыда атап өткеніміздей, лагерьлерді Белоруссия, Украина, Балтық елдерінің жерінде ашып, өз жерін тұтқындарға бергісі келмеді. Сол үшін Польша жерінде Орталық Азия мен Кавказ ұлттарының азаматтарын бөліп алып, арнайы лагерьлерде ұстауды жөн көрді.
Соғыс жылдары сол лагерьлерде болған әскери тұтқындар жастармен әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, фашистік азаптау камераларына тоқталды.
Александра ГУДЗЕВА, әскери тұтқын:
– Балалық шақ естеліктері санада ұзақ сақталмайды дегенмен, әкелеріміздің фашистердің тұтқынына айналған кездері көз алдымызда. Ешқашан ұмытылмайтын сәттер бар. Ол кезде 5-6 жастағы баламыз. Сол кезеңде тіптен, жейтін ештеңе таппай, шөп жинап жеген кездер болды. Біздің үйді әскери госпиталь жасады. Азапталып өлтірілгендерді де көрдік. Өзгелерге сабақ болсын деген мақсатпен олардың денесін үш күнге дейін іліп қоятын. Атып өлтірсін, тек жараламаса екен деп Құдайдан тілейтінбіз. Аман қалдық. 1946 жылы Қазақстанға келдік. Бауырына басқан қазақтармен бірлесіп, Қарағандыдағы көміртекті химиялық зертханада жұмыс жасадым.
Лагерьлерде тұтқында болған Ресей, Украина елдерінің тумалары 1958 жылдардан бері Қарағандыда тұрады. «Әке-шеше, аға-әпкеміздің денесі Литва елінде қалды. Бірақ, Литва – біздің Отанымыз емес. Сұм соғыстың салдарынан қазір туған ауылымның орны да қалмады. Қазақстан бізді бауырына басты. Жастар, сендерде әрдайым қайтып келетін жер болсын. Отанымызды қорғайық!», – деді ардагерлер.
Кездесуді ұйымдастырушы Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев:
– Тұтқында болған адамдардың көрген зардаптары адам айтқысыз. Дәстүрлі «Біз – қарағандылықтармыз» фестивалі аясында өткен бұл кездесу – Ұлы Жеңіс күніне орай жастар арасында соғыс салдарын кеңірек түсіндіруге ықпал етті, – дейді.
Жалпы, соғыстың алғашқы 1941-1942 жылдары тұтқында болғандардың жағдайы адам төзгісіз болғанын құжаттар дәлелдейді. Соның салдарынан кейбір тұтқындар өздерін күтпеген, танымайтын елге оралды. Қазіргі таңда «Қазақстан – екінші Отанымыз» дейтін әскери тұтқындар кездесуде бауырмал қазақтармен байланысты естеліктерді тілге тиек етті. Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылған келелі кездесу «Отанды сүю» ұғымының мәнін ашты.

Аяулым СОВЕТ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.