Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

“Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға…”

Қасым ақын анық байқағандай тіршілік көшінің ақыл-ойы, ісі адам аңду, алдау, арбау, аулаудан аса алмай қойғаны ащы шындық. Оның себебін іздесек, оған XX-ғасырдың 40- шы жылы Қасым жазушылар жиынындағы сөзінде жауап бергенін көреміз. Қасым адам баласының адасуының себебін өзі жайында айтқан пікірінде келесідей түсіндіре біліпті: «Осы уақытта дейін менің, аса бір ерекше атарлық әдеби һәм саяси концепциям болған емес. Менің жастық шақта жіберген бар қателіктерім: өзімді-өзім жеткілікті дәрежеде сыйлай білмеуімнен туындаған». Бүкіл ел алдында жіберген бар қателігін дәп осындай ашық мойындап, бойындағы бар мінін қолға алып, өз мінезіне көз салып, өзіне-өзі жаға алмай, өз еркімен тыя алмадым, «енді қайда сыя алдым» деп, тағдыр-талайын ар-ұяттың тергеу-тезіне сала білген ақылды ақынның шын сөзі. Бала жасынан ел жанына үңіле білген ақын Қасым қан майданда да бар табиғатты ақылмен біліп, көзбен көріп, таза жүрегімен анығырақ сезуден бір айырылмағанын елдегі Сәбит МҰҚАНОВҚА 1942 жылдың 30 наурызында жазған хатынан табамыз: «Өлең жаза бер дейсіз. Әлі талай өлең жазылар, менің майдан бетінде жүргенімнің өзі өлең емес пе? Менің бар ынта-зейінім Отан соғысының Ұлы күйін тыңдауға аударылуда!».

Долы соғыстың қанды жүгін арқалап, үстінде өңірі қан-қан сұр шинелі, қолында найзасы айға шағылып, алдыңғы шепте жауға жүгірген ақын Қасым Отан соғысының Ұлы күйін тыңдай білген. Поэзия – Отан соғысының Ұлы күйін тыңдауға міндетті еді. Қасым – қырағы, көреген, күрескер поэзия соты! Әркім сотта өз сөзін тыңдатуға құқылы десек, Қасым ақын әр солдаттың жүрегіндегі Ұлы күйді тыңдай білген. «Абдолла» поэмасымен халыққа жеткізе білген ақын. Барлық архивтік және өмірбаяндық деректердің растауы бойынша Аманжол Рахымжанның Қасымы – Қарқаралы-Қазылықтың қазағы. Ғалым С.Сыздықовтың еңбегіне жүгінсек, «Қарқаралы-Қазылық, жататұғын жазылып», тағы бір тетелес құқықтық атауы «ҚазыҚиян». Ақын Қасымның есіміне тоқталсақ, ол да ертедегі эпикалық «Шаһ-наме» поэмасының авторы Һакім Әбілқасым Фердоуси Тусиге жетелейді. «Әбілқасым – Қасымның әкесі, бұл – құрметті атақ, «Фердоуси» – лақап аты, Һакім – әр нәрсенің себебін іздеуші. Қазақ шежіресінде жазылғандай Қасым Арғынның Қаракесек тайпасынан шыққан тұқымнан тарайды. Қарқаралы, Қасым сияқты Қаракесек те көне атау және де құқықтық, мемлекеттік титул, дәреже. Оған дәлел ретінде Жамбыл Жабаевтың Құлмамбетпен айтысында Шапырашты Қарасай батыр туралы келтірген дерегіне сілтеме жасалық: «Жауынан жерді босатып, Қашырған бәрін жаусатып, Қаракесек Қаған-ды, осындай атақ кім алды». Ежелгі тіл тарихы куәлік еткендей құқықтық терминдердің бір ерекшелігі өзінің дыбыстық, тұлғаларын, мән-мағынасын өзгертпей, құқық тарихында қолданыста жүреді.

Қаракесек тайпасының бас иесі Болат қожаның ата-тегі де тарихи-құқықтық термин. XII-IX ғасырдағы скандинавия мен Помераниядан келгендерді русь жұрты «Варяг» және «Волат» деп атапты. Солтүстік қытайдағы Шаньси провинциясында темірден «болат» қаруды соғатын ұсталарды «цзиху-булоци» дейді. Абай: «Мен-дағы көп есіттім жастың назын, Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың? «Боламын» мен жүргенде болат қайтып, Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім» дейді. Абайда «болат» сөзі ерік-жігер, қайрат мағынасында. Қаракесек Болат бабамыздың атындағы «қожа» атауы да металлургиялық өндіріске тікелей байланысты. Қазақ тілінде «қож» – тас көмірдің жанып болып, қайнасып қорып қалған күлі, қақ. Махмұт Қашқарида темір кені өндірілетін жерді атына сәйкес «темурлук» Темірші дейді. «Туған Елі өлеңнен құя салған» ақын Қасым Қарқаралы Қазылықтағы Темірші болысының қазағы. Негізінде, қай сөз болмасын оның мәні сөздің атқаратын қызметіне тәуелді, мағына қажеттіліктен шығады. Қарқаралы қаласының Ә.Бөкейханов көшесіндегі тарихи-өлкелік музейі орналасқан XIX-XX ғасыр аралығында салынған ғимаратты төңкеріс заманында «Ақ кеңсе» деп атауының себебі – ол үйде Советтік үкіметтің Қарқаралы уездік атқарушы билігінің ресми әкімшілік кеңсесі қызмет еткен. Ғылыми тұрғыдан алғанда қазіргі музейдің ғимараты «Ақ кеңсе» де өзі де бір жеке музей деп танылуға жатады. «Ақ кеңсе» үйіне 1920 жылы Совет үкіметінің және большевиктер партия ұйымының жұмысын жолға қою мақсатымен Семейден Жақсылық Төленов пен Мұхтар Әуезовтер іс-сапармен бірнеше рет келіп кеткен. Яғни, «Ақ кеңсе» үйі қазақтың игі жақсыларын көрген тарихи жәдігер.

Жаңағы біздің Төленов пен Әуезов Семей қаласынан келсе, 1922 жылдың тамыз айында Әлібек Жангельдин бастаған «КирЦиктің «Қызыл керуені» Қарқаралыға Орынбордан келіп үкіметтің үйі «Ақ кеңсеге» ат басын тірейді. «Қызыл керуен» коллегиясы жергілікті совет кеңселерінің қызметін өз көздерімен көрумен қатар, жаңа қалыптаса бастаған Советтерде істейтін жас кадрларды дайындау үшін қазақ жастарын оқуға тарту еді. Сол кезде үкіметтің қаулысымен Семей қаласында қазақ балаларын техникумдар мен совет-партия мектебіне оқуға түсу үшін дайындайтын өлкелік мектеп ашылған болатын. Семей губерниясына қарайтын Қарқаралы уезінің болыстарына алдын ала тапсырма берілгендіктен, маңайдағы қалаға жақын ауылдардан қазақ жастарын қалаға «Қызыл керуен» келетін уақытқа жинап алады да, «Ақ кеңсе» үйінен Семейге оқуға аттандырады. Орынбордан шығарда «Коллегия Красного Каравана» КирЦик» жоспарланған жерлеріне алдын ала тапсырма-телеграммалар жолдаған (ОММ. Қор – 5 Т.3. Іс 80.) Қасым Аманжолов көппен бірге Қарқаралыдан оқуға кеткенін 1951 жылы желтоқсанында ақынның өз қолымен жазған дерек бұл фактіні растайды: «Сонау бір кез мұр[1]ша болмай ойлануға, Шыққалы жатыр едім қой бағуға, Ленин мен Сталин ке[1]ліп ауылымызға, Ап кетті көппен бірге мені оқуға». (Алматы ОММ. Қ – 2142 т.1 Іс. 68 қара блокнот.) Қасымның қызы Дариғаның өлкетанушы Поповқа жазған хатында әкесі Қасымның Семейдегі «школа казахских подростковта» оқығанын қадап айтады. Үкіметтің ресми құжаты бойынша, бұл оқу орнының атауы: Оқу – ағарту комиссариатының «Краевая казахская школа подростков» – Өлкелік қазақ жасөспірімдерінің мектебі (ОММ 81 қор 1- тізбе, 1513 – іс,118 бума, 74 б.; 1115-іс.) Семей қаласының «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру» архивінде Қасым оқыған «казахская школа подростков» туралы дерек таптық (Қ – 415. т.1 іс 93.) Қасым 1929-1930 жылы Семейдегі веттехникумның дайындық курсында оқуда жүрген. (Семей. Қор – 932 т.1.іс.2). Қасым өмірбаянында «1930 жылдың көктемінде Алматыға келдім, 3 айлық дайындық курсін бітіріп, 1931 қаңтарына дейін Ленинградтағы орман институында оқыдым да, жыл басында Алматыға оралып «Лениншіл Жас» газетінде техникалық хатшы болып орналастым» депті (ООМ. Қ. – 1778 Т.3: Іс-37, бет-16.). Сонымен, 1922 жыл – Қасымның Темірші болысындағы ауылынан уездік биліктің пәрменімен, болыскомның ат-көлігімен Қарқаралы қаласына жеткізіліп Семейге «көппен бірге оқуға кететін» жылы. Қасым Семейге Қарқаралыдан үкімет пәрменімен оқуға кеткені туралы 1951 жылдың желтоқсанында неліктен есіне алып, өлеңінде жазып кеткеніне де объективтік себеп бар. 1951 жыл жаппай саяси қуғын-сүргін сойқаны бұрынғыдан да үдей түсіп, Сталин қазаққа тағы бір қанды қасап жасап, ұлттың ой-ақылын ойран етпек еді. Террорлық тізімге Қасым да ілікті, 1951 жылдың желтоқсанында партиялық жабық жиналыста алғы тағдыры шешілуге жататын. Міне, осы төніп келген қауіп-қатер Қасым ақынға жылдардың артында ұмыт қалған күнді есіне еріксіз түсірді «Ленин мен Сталин келіп ауылымызға, Ап кетті көппен бірге мені оқуға». Соғыста жүргенінде ағасы Ахметжаннан келген хат Қасымның көкірегін тебірентіп, жіберіп есіне әкесі Қасымның қысты күні Қызылтауда қайтыс болғанын түсіреді. Қасымның өлген күнін білсек те, оның қай күні жарық дүниеге келгені беймәлім. Ақынның өзі де алғы өмірбаянында «туған жылымның айы мен күні белгісіз» дейді. Кейін, анасы Айғаншаның айтуынша, күздің бір айы – қазан деп алынады. Қасым сары күзде туды ма, әлде қоңыр күзбен қара күздің бір күнінде қай жерде туды, ол арасы белгісіз. Сол себепті, Қасымның туған күні деп алтын күз – қыркүйекті таңдап, тойын Қарқаралы қаласында атап өтсек. Қай бұлақтың бойында, қай құдық, қыстаудың қасында Қасым дүниеге келгенін нақты ешкімде білмейді де, дәлелдей де алмайды. Жер-су атаулары жаңа ұрпақ келген сайын үздіксіз ауысып, кейінгі жұртты адастырады. Мысалы, А.Әріновтің жазуында 1920 жылы Қазақ автономиясының тойы, бұрынғы топономикалық атауларға сәйкес, Шортан көлін жағалай Жырым өзеннің бергі қабағында Боп тоғайының маңайында өткен. Атомдық аймақтағы жерлерді Дегелең мен Абыралы деп атап жүр. Архивтік дерек бойынша, бұл әкімшілік атаулар кейін енгізілген, ол өңір ертеректе Байбөрі есімімен белгілі. 1824 жылы Қарқаралы округінен шыққан патша отрядына шабуыл жасаған қарулы топты отарлау билігінің өзі «Байбуринцы» деп жазған (Алматы ОММ қор.345 т.1 249.) 1816 жылы қазақ жеріне келген әскери-барлау экспедициясының күнделіктерінде Қарқаралының сол заманғы біз естіп-білмеген жер-су аттары бар. Халық ақыны Ж.Төленов «Қарқаралы суреті» өлеңінде аты аңыз көлдің байырғы есім-сойын келтіреді: «Басында Қаракөлі Қарқараның, Көргені бәрі сонда тамашаның. Жолын таппай жобамен жан бармайды, Қашқан-сасқан сақтаған сонда жанын».

Тарихқа қатысты ғылымсыз, білімсіз, дерексіз қозғалған сөздерге тыйым салған жөн. Тыйым – заңдылық пен құқықтық тәртіптің негізі, іргетасы, қорғаны. Тыйым – заң тілі. Турасын айтақ, өзімізді де, өзгені адастырмас үшін Қасымның дүниеге келген мекенін тарихи деректерге сай – Россия империясы, Семей облысы, Қарқаралы уезі, Темірші болысы деген сөзге тоқтасақ. Қазақтың бұрынғы заңына қарасақ, жыл басы көктем өтіп жаз шыққан мерзіммен есептелген, қазіргі календарьдағы алтыншы ай. Сол себепті, Қасым ақынды еске алу күнін – 1 маусым деп бекітсек дұрыс шығар. Бұнымен қоса, наурыз мерекесін атап өтуді де жаз басына шегерсек. Арқаның табиғат-мінезіне сәйкес, шаруаның тұрмыс-тіршілігінің ыңғайына қарай ел-жұртқа тиімді шара болмақ.

Архивтердегі зерттеулерден елге есеп бере отырып, Қасымның өмірін, өлеңін зерттеу барысында өзімнің ұққан ойымды ортаға қосайын. Қарқаралының қазіргі тарихи-өлкетану музейін халықаралық тілдерде ғылыми-әмбебап қызмет ұсына алатын мекемеге, өндіріс, кәсіпорын нысанына көшіру тиімді. Ұсыныс – сұраныстың анасы. Музей ғимаратының қасындағы кітапхана ғимараты да тарихы артифакт дерлік.

Батыс Европаның қалаларының кіндік ортасы – «Altstat» аталады. Яғни, байырғы қала. Қарқаралының ескі орталығынан, әзірше аман-сау тұрған – «Ақ кеңсе» ғимараты. 1920 жылы большевиктік билік Қарқаралының атын не «Бухарин» деп, не «Калинін» деп өзгертуді ұсынған, әйтеуір Семейдегі билік өзгеріс туралы шешімді кейінге қалдырыпты. Патша кезінде Семейдің өзінде «Арғындар» және «Қарқаралы» көшесі бар-тұғын. Ә.Жангельдиннің «Қызыл керуенді» Семейге Қарқаралы арқылы өткізуінің өзіндік себебі де бар еді. Қарқаралыда А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Нұрғали мен Нәзипа Құлжановалар өмір сүрген. Кейін С.Мәуленов пен Ғ.Қайырбеков келіп кетті. Бұлар – Қарқаралының Торғай Елі. Алдағы 2022 жыл Қасымның досы, құдасы С.Мәуленовтің 100 жылдық мерейтойы. Ойлан, Қарқаралы. Өмір қызық қой, Қасым жатқан Алматыдағы қорымда Ә.Жангельдин де тыным тапқан. Пендешілік демеңіз, Қасым қайтқанда бейіттегі Үкіметтік бөлімге жерленген, қазір бірінші хатшы Ж.Шаяхметов те сонда. ( ОММ. Қ-1778, т. 3, іс-37. Б. 44.) Біз Омбы, Семей, Петербор архивтерін ақтарып, құқықтық құжаттарды іздестіріп, Қарқаралының ежелгі бейнесін қалпына келтіруге ұмтылсақ – ұтамыз. «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер». Тек, Қарқаралының «Ақ кеңсесі» тіршіліктің теңізінде Айтматовтың «Ақ кемесіне» ұқсап кетуінен қорқасың. Өйткені, «Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға…».

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button