Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Қасыммен қайта қауышу

Қазақтың алдаспан ақыны Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдығына орай Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде сурет көрмесі өтті. Көрме ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің мұрындық болуымен іске асты.

Арқадағы білімнің қарашаңырағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Қасым Аманжоловтың мұрасын зерттеу, насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Солардың бірі әрі бірегейі – «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығы.

Нұр-Сұлтанға табан тіреген көшпелі көрменің ерекшелігі – ақын өміріне терең бойлатар құнды жәдігерлері, отбасылық мұрағаттан алынған фотосуреттері, ақынның өмірбаяндық артефактілері, деректі материалдары мен кітаптары болды. Мұнан өзге көрмеге ақынның кітаптары, суреттері, қолтаңбасы қойылған құнды мұралары да қойылды. Оған қоса Е.Бөкетов университетінің ғылыми-зерттеу орталығы өршіл ақынның өміріне қатысты тың мәліметтерді жастардың назарына ұсынып, шығармашылығын кеңінен дәріптеуді ұйғарған. Оның ішінде Қасымның қызы Дариға Аманжолованың қолынан шыққан туындылар көпшілік назарына ұсынылып көрермен ықыласына бөленді. «Қасымтану» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Жансая Жарылғаповтың айтуынша, ақын атындағы орталықтың жұмыс істеп жатқанына бір жылға жуықтаған. Десе де, осы қысқа уақыт аралығында рухты ақынның ел білмейтін еңбектерін тауып, зерделеуде қыруар жұмыстар атқарылған.

– Қалың қауым Қасым ақынмен қайта қауышқандай болды. Қасым Аманжолов – ұлы классик дәрежесіне жеткен айрықша тұлға. Классик деген уақытқа бағынбайтын адамдар. Олар үшін уақыт деген ұғым шартты нәрсе ғана. Әр заман, әр дәуір өткен сайын олардың шығармаларының жаңа қыры, жаңа құпиясы ашыла түседі. Бүгінгі көрмеде осы ұлы тұлғаның шығармашылығы туралы толыққанды мәлімет берілді. Ал, Қасым шығармашылығының бүгінде игерілмей жатқан тұстарына көңіл бөлу, ақынның мұрасын жаңа заман талаптарына сай парақтау көрменің негізгі мақсаты. Бір айта кететіні – ақынның түркі тілдерінен аударған шығармалары, тіпті, бұрын ғалым атаулы ат ізін салмаған аудармалары, қалмақтың ескі «Жәңгір» дастанының аудармасы қойылды бұл көрмеге. Осылайша, ақынның ұрпағына аманаттаған мұрасы жырсүйер қауымның жүрегінен орын алып, санасына сіңді. Сонымен қатар, ақынның Семей қаласындағы өмірі, кешегі Алашшыл зиялылардың жалғасына айналып бүгінгі болашаққа бағдар болуы осынау көрме аясында ерекше баяндалды деп ойлаймын, – деді филология ғылымдарының докторы Жансая Жаңғазыұлы.

Жалпы аталмыш шараның басты мақсаты – жас жеткіншектерге ақынның мұрасын дәріптеу һәм насихаттауға арналғандығы да баса айтылды. Шара қонақтары арасында Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов және академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, ақын Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай тағы да басқа зиялы қауым өкілдері болды. Өмірін өлеңмен өрген ақынның көрмесі «Астана» концерт залында «Жырға айналған ғұмыр» атты мерекелік концертке ұласты. Кеште Е.Рахмадиев атындағы академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі, С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік және университеттің «Жарқын» халықтық би ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстанның эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Клара Төленбаева, Гаухар Жүсіпова, Саят Әбдіғали Қасым әндерін шырқап, әдеби-сазды кешке әр берді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button