Қарағандыда — «Қасым үйі»

Қарағанды төрінде ашылған «Қасым үйі» Алаш жұртын есігін айқара ашып қарсы алады енді. Тірісінде баспана сұрап, баз кешіп, суыққа тоңса да, өлеңнің отына жылынған ақынның қайсар рухы қай ғасырда болса да, өлмейді екен…

Арқа төсін дүбірлеткен ақын Қасымның 110 жылдық мерейтойына орай тарту етілген осы бір игілігі мол жұмысты зор мақтанышпен атауға болады. Тәуелсіздік тойы қарсаңында облысымыздың ортасынан ойып тұрып орын тепкен «Қасым үйінің» салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Биыл Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сынды Алаш арыстарының мерейтойлары аясында қыруар жұмыс атқарылды. Октябрь ауданының атын өзгертіп, Әлихан Бөкейхан есімін бердік. Бұл тек қарағандылықтарға ғана емес, жалпы барлық қазақстандықтар үшін үлкен жетістік деп санаймын, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Шығармашылық орталықтың ашылу салтанатына арналған «Қасым туған Қарағанды» атты дөңгелек үстелді Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы тізгіндеді. «Қасым үйін» салу туралы бастаманы алғаш көтерген ақынның өзі болатын. Бұл бастама әкімдік тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, Тәуелсіздік тойы қарсаңында ашылған «Қасым үйі» қарағандылықтар үшін үлкен сый болды. – Мен облыс әкімінің қабылдауында болып, Қарағандыға «Қасым үйін» ашып қойсақ, қандай керемет болар еді» деп ұсыныс білдірген едім. Жеңіс Махмұдұлы бірден қолдау көрсетті. Жай уәде беріп қана қоймай, өзінің ұлтжанды, мемлекетшіл жан екенін көрсетіп, осындай әсем ғимаратты қарағандылықтарға тарту етті. Барша әдебиетші қауымның атынан құттықтай отырып, сізге алғыс білдіремін, – деді Серік Ақсұңқарұлы.

«Қасым үйінің» ашылу салтанатына Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай және ақын Маралтай Райымбекұлы арнайы келді.

Салтанатты шара барысында қос кітаптың тұсауы кесілді. Атап айтқанда, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы, ректор Нұрлан Дулатбековтің бастамасымен жарық көрген Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Қасым тағылымы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлының «Ойтамған» жыр жинағының тұсауын кескен Маралтай Райымбекұлы ізінен ерген ақынға ақ тілегін айтты.

«Қасым үйінде» ақынға арналған мұражай орналасқан. Онда қаламгердің сирек кездесетін фотосуреттері, өзі тұтынған сиясауыты, қаламсабы және басқа да жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ, көрмеге ақынның туған жері Сарыобалы ауылынан Дәулетқазы Мұқадиұлы арнайы келіп, Қасым туғанда кіндігін кескені үшін әкесі Рақымжан тарту еткен Шәрия Садыққызының күміс білезігі мен жүзігін әкелген екен.

«Қасым үйі» шығармашылық орталығында ақын музейінен бөлек, Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы, ақын Серік Ақсұңқарұлы атындағы кабинет, «Қасым» журналының редакциясы және мәжіліс залы орналасқан. Сондай-ақ, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі және Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына да орын беріліпті.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.